• Қаржы
  • 25 Ақпан, 2021

Базалық мөлшерлеменің бүгінгі бәсі хақында

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Пайда мен шығынның тайталасына төрелік ететін экономикада жалпылама ұғым жоқ, нақтылық басым. «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» дегеніңіз нақ осы. Өйткені, оның өзегі – өндіріс. Күндіз-түні бір тынбай тауар шығарып, тасы өрге домалаған осы өндіріс атаулы сонымен қатар инфляция мен дефляция, девальвация сынды «сауып ішер сүті жоқ», қолға ұстап, салмағын сезбейтін қаржылық құбылыстарға да себепкер болатыны бүгінде баршамызға аян. Өрісін шиырлай қоймаған Сиыр жылының соңғы тәуліктеріндегі ақша-кредит нарығына көз салғанда ұлы Абайдың «қараша, желтоқсан мен сол бір екі айы» ойға оралады. Сол бір екі айы – қаңтар мен ақпан. Қаражат төңірегіндегі түбегейлі шешімдер нақ осы екі айда қабылданады. Осылайша алынған шешімдердің бірі – базалық мөлшерлемені жылдық 9 пайыздық деңгейде сақтау жөніндегі ұйғарым.

Өткен жылғы соңғы шолуымызда «халықтың ақшалай нақты кірісінің әлсіз серпіні және күтіліп отырған әлемдік азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі 2020 жылы инфляцияның өсуін шектеді. 2021 жылдың соңына таман инфляция 4-6 пайыздық нысаналы дәліздің жоғары шегіне қарай баяулайды… инфляциялық үдерістер азық-түлік тауарлары бағасының жоғары өсуінің сақталуы, айырбастау бағамының баға белгілеу процестеріне ауысу әсері және ақылы қызметтер инфляциясының жеделдеуі аясында үдейді», деп жазған болатынбыз және осы орайда баға тұрақтылығының елдегі әлеуметтік ахуалға әсерін сөз еткенбіз. Былтыр бас банк  дағдарысқа қарсы бастамаларды жалпы сомасы  2,3 триллион теңгеге дейін қаржыландырғанын, бұл пандемияға қатысты шараларды демеуге арналған үкімет қаражатының жартысынан көбін құрағанын айтқанбыз. Енді солармен бірге осы кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейтін жұмыстар жүргізілгенін де атап өтуіміз керек. Мұның негізгі құралы базалық мөлшерлеме болды. Уақытында қабылданған шаралардың арқасында инфляцияның оңтайлы көрсеткішіне қол жеткізілді – экономикада оң баға сақталып, теңгемен көрсетілген активтердің инвестициялық және жинақтық тартымдылығы қамтамасыз етілді. Инфляцияның қалыптасуына азық-түлік құнының өсуі үлес қосқанын айта кету керек. Өткен жыл тұтастай алғанда 2014 жылдан бері қарай бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуі жағынан рекордтық көрсеткіш берді. Сөйтіп, бұл жағдай барлық дерлік елде азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне алып келді. Сонымен қатар, көп жағдайда монетарлық факторларға және ақша-кредит саясатының өтімділігіне әсер ететін еліміздегі инфляцияның азық-түлікке жатпайтын бөлігі былтыр 2015 жылдан бері қарайғы көрсеткіштен төмен мәнде қалды, ол 5,5 пайыз шамасында. Инфляцияның үдеуі бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін ортақ үдеріске айналды. Ең үлкен өсім Қырғызстанда байқалды – ол 3,1 пайыздан 9,7 пайызға дейін немесе 6,6 пайыздық тармаққа жетті, ал ең азы   Қазақстанда – 5,4 пайыздан 7,5 пайызға дейін немесе 2,1 пайыздық тармақ болды. Бұл орайда еліміздегі инфляция тұтыну бағасының жедел өсуінің көзі болып табылатын экономикамыздағы құрылымдық теңгерімсіздіктердің әсерінен де туындағанын атап өткен жөн. Азық-түлік нарықтарындағы баяу бәсекелестік, шағын және орта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ірі сауда кәсіпорындарына қол жетімділігінің болмауы, тауар нарықтарындағы көлік-тарату инфрақұрылымының төмен деңгейі осыған алып келді.

Енді базалық мөлшерлемеге келейік. Ашығын айту керек, қазіргі уақытта сыртқы  және ішкі инфляциялық қысым күшейіп тұр, азық-түлік бағасының одан әрі өсу қаупі артты. Елде және әлемде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты белгісіздік сақталып отыр. Міне, сондықтан да 9 пайыздық базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі экономикадағы ақшаның құнын көрсетеді, ол инфляцияға қарсы қазіргі және болашақ тәуекелдерді теңестіреді, экономиканың қалпына келуі мен өсуінің алғышарттарын құрайды. Осы орайда кейбір сарапшылар тарапынан базалық мөлшерлемені кеміту, сөйтіп несие құнын арзандату жөнінде ұсыныстар айтылып жүргеніне тоқтала кетейік. Ал, білікті мамандар болса қазіргі жағдайда Қазақстанда базалық мөлшерлемені бәсеңдету өзінің қысқа мерзімді әсерін ғана тигізеді, бірақ бұл қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді, деген орынды уәж айтуда. Өйткені бұл жағдайда теңге құралдарының тартымдылығы кемиді, теңгеге қысым жүріп, девальвациялық күтулер күшейеді, депозиттерде долларлану жоғарылап, банктерде қаржыландыру қысқарады. Қаржы жүйесі үшін қосымша қиындықтар туындайды, бұл сайып келгенде экономиканы жандандырып, несиелік ресурстардың құнын төмендетіп қана қоймай, керісінше, дағдарыстық құбылыстарды күшейтеді. Мысалға 2018-2020 жылдары Түркиядағы қаражат жағдайын жеңілдетуге бағытталған ақша-кредит саясатын алайық. Онда инфляцияның, валюта бағамының және қаржылық тұрақтылықтың айқын тәуекелдеріне қарамастан, екі жылда базалық мөлшерлеме 24 пайыздан 8,5 пайызға дейін төмендетілді. Осыдан кейін елдегі инфляция қос таңбалы санға дейін көтеріліп, лира тарихи максимумға дейін арзандады. Депозиттердің долларлануы үдеп, елден капитал шыға бастады,  халықаралық агенттіктер Түркияның несиелік рейтингтерін төмендетіп жіберді. Нәтижесінде елдің орталық банкі мөлшерлемені 17 пайызға дейін көтеруге мәжбүр болды. Теңгерімсіз ақша-кредит саясатының бұл тәжірибесінен сабақ алуымыз керек. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасындағы нақты мөлшерлеменің қазіргі мәні, яғни жылдық инфляция деңгейін алып тастағандағы номиналды базалық мөлшерлеме 1,5 пайыз құрайды. Бұл біздің экономикамыз үшін нақты мөлшерлеменің тепе-теңдік деңгейінен айтарлықтай, 3,5-3,7 пайызға  төмен. Демек, экономикадағы нақты мөлшерлеме белсенділіктің қалпына келуін ынталандыратындай деңгейде.

1059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы