• Атамекен
  • 11 Наурыз, 2021

Құрылыс материалдары қымбаттап келеді

Құрылыс материалдарына бағаның өсуі тұрғын үй бағасына әсер етеді. Кәсіпкерлер ИИДМ-нің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалық мәселелерді шешуге арналған жол картасы аясында бұл мәселені тезірек шешуді сұрап отыр.

Картаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылыс материалдары, жабдық және еңбек­ақыға сметалық бағалар дең­гейін нарық бағаларына сәйкес­тен­діруге қатысты ұсыныстары енген. Атамекен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық депар­таментінің директоры Назира Үсенованың айтуынша, осыған дейін Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты жинағына қайта қарау үшін жүргізілген талдау негізінде құрылыс материалдары бойынша позициялар енгізілді. Бірақ, бүгінде негізгі құрылыс материалдарына – арматура, цемент және кабель өніміне баға күрт өсіп кетті. Бұл  тұрғын үйдің нарықтық бағасына әсер етуі мүмкін. Мысалы, ағымдағы жылғы сметалық жинақта арматураның 1 тоннасы 212 мың теңге тұрған, алайда құрылыс салушылардың ақпараты бойынша, арматураның нарықтық бағасы тоннасына 350 мың теңгеден асады. Кәсіпкерлер металл өнімдері халықаралық биржаларда сатылады, олардың бағасы доллар бағамына байланысты, дейді. Сөйтіп, өткізу бағасы ішкі тұтынушылар үшін өсіп жатыр. Осы секілді жинақта цементтің тоннасына нарық бағасымен 30 пайызға айырмашылық бар.

«VK Development» ЖШС дирек­торы­ның орынбасары Р.Шкибанов­тың айтуынша, бұл жағдай битум, мастика, әрлеу материалдарына қатысты. Құрылысшылар үлкен шығын көріп, осы шығынды балама материалдарды қолдану арқылы толықтырып отыруға мәжбүр. «Жинақтарда нақты баға көрсетілгенін есепке алатын механизмді қарастыруды сұраймыз, өйткені бюджетті құрылыс салуда бағаны жоғарылатуға қарай түзету енгізе алмаймыз», – дейді ол.

Бұдан бөлек, өндіруші-жеткі­зушілер бағалардың өсуін болжау­да. Жыл басынан Нұр-Сұлтан қа­ласы бойынша шаршы тілікті 1 қаданың бағасы 6 мың теңге болған, жеткізушілердің болжамы бойынша баға 7,9 мың теңгеге дейін өседі. «BI Support» ЖШС құрылыс материалдары мен анықтама­лық­тар департаментінің директоры С.Большакованың айтуынша, 2021 жылы сметалық жиынтықтағы баға 3 800 теңгені құраған, нақты бағадан 57 пайызға айырмашылық бар, егер болжам расталса, өсім 105 пайызды құрайды.

Қазір құрылыс материалдарының кейбір позициясына баға 100 пайызға жеткен. Бұл жайт әсіресе бюджет секторына әсер етеді, өйткені мемлекеттік шарттар бойынша тиімділік сметалық нормалармен шектеулі. Бүгінде сметалық құнның өсуін қарастыратын коэффициент АЕК-тен есептеледі де, нарықтағы өзгерістер – девальвация, инфляция және бағалардың маусымдық қымбаттауы ескерілмейді.

«Өкінішке қарай, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалар бірден іске аспайды. Алдымен уәкілетті орган сараптама жүргізеді, жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген мерзімдер мен құрылыстың нақты басталуы арасында бір-екі жыл болуы мүмкін, бірақ осы кезеңде бағалардың өсуі ескерілмей қалады. Біз компанияның іске асырудың қарқынды кезеңінде тұрған, бірақ 2019 жылы берілуі керек болған ағымдағы жобаларына талдау жүргіздік. Олардың жобалық құжаттама бойынша жалпы құны 88 млрд теңге, алайда қайта есептеумен нақты қаржыландыру  104 млрд теңгені құрайды, айырмашылық 18%», – деді BI Group холдингі басқарма төрағасының  бизнес сервис жөніндегі орынбасары И.Морозов.

Осыған байланысты құрылыс салушылары сметалардағы күтпеген шығындар туралы саясатты қайта қарауды және құрылыста бағаның көтерілу әдісін, яғни материалдар, машина-тетіктер, жабдықтар бағаларының өзгеруіне байланыс­ты жоба құнын түзету мүмкіндігін енгізуді сұрайды. Сонымен қатар Қазақстан құрылысшылар одағы бұл мәселеге жүйелі түрде қарауды және жақын келешекте түзетулер енгізу үшін жағдайдан ең көп зардап шеккен жобаларды таңдауды ұсынуда.

ИИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары А.Ыдырысовтың айтуынша, мемлекеттік орган құрылысшылар­дың бұл проблемасынан хабардар. «Қазір бағаларды саралап, сметалық бағалардың жаңа жинағы дайындалуда. Алайда, мұнымен проблема толығымен шешіле қоймайды, өйткені талдауды нарықта бағалар­дың өсуінен кейін, постфактум жүргізудеміз. Болжанбаған шығын­дар бойынша нормаларға келсек, бизнестің ұсыныстарын қарауға дайынбыз, оларды енгізу үшін әдістеме­ні және болжанбаған шығындар мөлшерін қайта қарау керек. Бізге дұрыс, негізделген және дәлелді база­ның болғаны маңызды», – деді ол.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

16487 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы