• Азық-түлік белдеуі
  • 11 Наурыз, 2021

ТЕҢГЕ ТҰРАҚТЫ, НЕГЕ ОНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚЫМБАТ? немесе FAO индексі соңғы жеті жылда ең жоғары деңгейге жетті

Ұлттық статистика бюросы бір жылдық тұтыну инфляциясын 7,4% деңгейінде тіркеді, бірақ азық-түлік бағасы 11,6% -ға өскен. 2021 жылдың  ақпан айындағы қорытынды осыны көрсетіп отыр.

Соңғы рет мұндай қарқын­дағы  азық-түлік инфляциясы 2016 жылы болған еді, сол кезде біздің экономика теңгенің девальвациясын бастан кешіргені мәлім.

Ал енді биыл теңге тұрақты болса да, тұтыну бағасы неге жоғары деңгейге шықты? Азық бағасы неге өсті?  Бас­ты себеп – Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы трендтерге толық дайын емес болып шықты. Аймақтардағы Азық-түлік тұрақтандыру қорлары тиімсіз деген болжам да зерттеуді талап етеді.

Соңғы жылы азық-түлік бағасы инфляцияның өсу драйвері болып отыр. 2019 жылдың басында азық бағасы айына орта есеппен 0,4% қоса бастады, міне, осы кезде көңілде алаң туды. Қазан айына қарай ол 9,7%-ға жетті, содан кейін біршама баяулады, 2020 жылы еліміз коронакризиске түскен соң ептеп тағы өсе бастады.

2021 жылғы ақпан айының қорытындысы бойынша азық-түлік 11,6%-ға қымбаттады.

Қатты қымбаттаған азық-түлік:

қант (+40,4%),

жұмыртқа (+32,9%),

май (+24,0%),

жеміс, көкөніс (+13,2%),

балық (+10,7%).

Тіпті ішкі нарықтағы азық та, яғни қазақстандық өндіруші­лер 50 және одан да көп пайызға қамтитын азық-түлік те де қымбат­тады:

нан-тоқаш  (+10,5%),

ет (+8,6%)

сүт (+8,2%).

Бағаның өсуіне өзімізде әсер ететін фактор көп емес. Халықтың жекелеген топтары жоспардан тыс қаржыландыруды (негізінен бюджеттік сектор) алғанына қарамастан, жалпы халықтың табысы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2019 жылдың деңгейінде қалды (+0,6%). Бағаның өсуін ішкі динамикамен түсіндіретін жалғыз нәрсе, ол – жұмыртқа бағасының өсуі, құс тұмауы үрейінен соң кейбір шетелдік құс фабрикалары жартылай ғана жұмыс істеуге көшті.

Бұл жерде су бетіне тағы сырт­қы фактор шықты: азық-түлік­тің әлемдік бағасы біздің елге де ықпалын жасады.

Қаңтар айында негізгі азық-түлік бағасының өзгеруін қам­титын FAO (БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) индексі соңғы жеті жылда ең жоғары деңгейге жетті.

Нашар өнім, зоонозды инфекция және 2020 жылы енген, саудадағы шектеу аясында азық-түліктің барлық түріне баға өсті, бірақ өсу әсіресе өсімдік майы сегментінде байқалды (бір жыл ішінде FAO индексі 30,1 пунктке өсті) және дәнді дақыл (+23,7 пункт), сонымен қатар сүт өнімінің әлемдік бағасы өсті (+7,2 пункт) және қант (+6,7 пункт).

 

 

 

Сыртқы фактор екенін билік те айтып отыр.

– Жоғары экспорттық сұраныс­қа ие тауар, маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын кө­көніс, міне, осылар – импортқа тәуелді өнімдер, – деген болатын сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өткен сейсенбіде.

Инфляция (оның ішінде азық-түлік) – тауар нарығындағы сұра­ныс пен ұсыныстың жай-күйіне ғана емес, экономикадағы ақша мөл­шеріне де байланысты күрделі экономикалық құбылыс. Осыған қарамастан елімізде бағаның өсуіне қарсы күреске жауапты бір адамды бекіту әдетке айналған. Қазір бұл рөлде сауда министрлігі, ал өңірлік деңгейде – иелігінде азық-түлік тұрақтандыру қоры бар облыстық әкімдіктер тұр.

Сауда және интеграция ми­нистрлігі өңірлік азық-түлік тұ­рақтандыру қорының жұмысы толық тиімді емес деп санайды. Министрліктің бағалауы бойынша, тұрақтандыру қоры интервенциясының көлемі жер-жерде азық-түлікті тұтынудың 0,2-ден 1,4%-ын ғана қамтиды.  Сондықтан тұрақтандыру қоры бағаға әсер ете алмайды. Қорға арнап қор жинаудың өзі дұрыс жасалмайды: Сұлтанов мырза Ақтөбе облысын мысалға келтірді, онда қант пен қарақұмық, күнбағыс майы мен жұмыртқаның бағасы өсіп жатыр, ал тұрақтандыру қорына көкөністер сатып алынған.

Осы министрлік, облыстық әкімдіктер және әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялар азық-түлік тұрақтандыру қорына жиналған қорды неғұрлым тезі­рек әзірлеуі қажет, өйткені жазғытұрым мезгілі жақындап келеді: бұл уақыт – азық-түлік инфляциясы қатты үдейтін  екі кезеңнің бірі. Қысылтаяң кезде қорды толтырып тастау мүмкін емес, сондықтан жергілікті билік сәуір-мамыр айларында жекелеген азық-түлік бағасын тоқтатуға тырысады. Республикалық деңгейде неғұрлым экспортқа тыйым салуды немесе квоталар енгізуін күткен де дұрыс.

Әзірге 2021 жылдың инфляция­сы елімізде төмен болуы мүмкін деген оптимистік болжам бар. Ұлттық банк инфляцияны 6-8% дәлізінде күтіп тұр. Дүниежүзілік банк өткен жылдың күзінде «Еуропа және Орталық Азия» өңі­ріне арнаған баяндамасында Қа­зақ­стандағы инфляцияны 2020 жылы 7,7% (іс жүзінде 7,5%), 2021 жылы 6,2% және 2022 жылы 5,4% деңгейінде болжаған болатын.

FAO ұйымының болжамы бойынша, әлемдік азық-түлік нарығы тұрақты болуы керек: аграрлық ай­мақ­тарда егіс алқабы ке­ңейе­ді және ауа райы қолайлы болып, егін бітік шығады, дейді.

Тәуекел БАҚАШ

766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы