• Атамекен
  • 18 Наурыз, 2021

Көкпар тартып, теңге алып, аударыспақ ойнаған

Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Солардың қай-қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлт ойындары.

Бүгінде ойынды халық педагоги­касының құрамды бір бөлігі деп тегін айтпаса керек, адам баласы жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп ойынның аталып жүруі де жайдан-жай емес. Ұлт ойындары атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған және халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі де болған. Әрине, ойын өнер ретінде әдебиет пен мәдениеттің сан алуан түрлерімен қабысып, астасып келіп, бірін-бірі толықтырып, байыта түседі.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға, малға байланысты, сондай-ақ түрлі заттармен ойналады. Айгөлек, аударыспақ, бағанаға өрмелеу, бөріктастамақ, бұғыбай, бұқатартыс, бұрыш, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көрші-көрші, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың ба?, орын тап, отырмақ, санамақ, сұрақ-жауап, тасымалдау, тең көтеру, тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, асау үйрету, ақ сүйек, бастаңғы, ине жасырмақ, алтыбақан, тоғызқұмалақ, асық ойындары, осы секілді ойындар кім-кімнің де көңілін көтеріп, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады. Ал ат омырауластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар тарту, теңге алу, қыз қуу, қыз жарысы және тағы да басқа ат сайысындағы кейбір ұлттық ойындар Олимпиада ойындарының жоспарына енгізілген. 

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ҰЛТ ИГІЛІГІ

Тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқан 30 жыл уақыттың ішінде елімізде ұлттық спорт түрлері жақсы жолға қойылған. Атап айтсақ, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, аударыспақ, бәйге, көкпар, қыз қуу, асық ату, бестас сияқты спорт түрлерінен арнайы федерациялар құрылған.

Елімізде кең таралған ұлттық спорттың кейбір түріне тоқтала кетсек.

Көкпар. Әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алғанда өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналған. Көкпар Орта Азия халықтарының да сүйікті ойыны. Көкпар жаппай тартыс және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Алаң көлемі қатысушылар санына сәйкес дайындалады. Егер әр команда 5 адамнан болса, алаңның аймағының ұзындығы 300 метр, ені 100 метр; 10 адамнан болса 500х200 метр; 15 адамнан болса 700х300 метр; 20 адам болса 1000х500 метр. Көкпарда басы кесілген серке тартылады. «Дода және жеке тартыс» аталатын екі түрлі әдістің екеуінде де ат пен жігіт сынға түседі. Қазір көп жерде дода тартыс қана ойналып жүр. Көкпардың бұл түрі көрерменді қызыққа бөлейтін әдіс. Ал жеке тартыстың шарты бойынша өз тобынан екі-екіден тартыскерлер шығарады. Сайланған төрт жігіт өздерінің қайрат-күшін елге танытады. Тартылатын серкені бір бала өңгеріп алып, алдын ала сарапшылар белгілеген бір жарым шақырымдай жерге апарып тастайды.Тартысқа шыққан жігіттер серкеге барғаннан кейін таласа-тармаса тұрып, жерден іліп алу амалын жасайды. Қайсысы бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Ол да жармасып, бос сирақты тақымға басып, тартыса бастайды. Серіктері жолдастарын жебейді. Қайсысы көкпарды  жұлып алса да серігіне береді. Ол өз тобына қарай ала қашады. Қарсыласы қуалайды. Жетіп ұстаса, қайта тартысады. Осы арада көкпарды жұлып алған жігіт тез қимылдап, қарсылас топқа апарып тастайды. Ал аты жүйрік жігіттер тартыс кезінде лақ қолына тисе, жеткізбей кетуі мүмкін. Көкпар тартуға араласа алмайтын қарттар, балалар көкпаршы жігіттердің осы ойындарын қызықтайды. Жүйрік ат пен мықты жігіттің қайратына сүйсінеді.

Жамбы ату. Шауып келе жатқан аттың үстінен нысананы дәл көздеп, атып түсіру мақсатына негізделген. Бұл ойынның нұсқалары басқа ха­лықтарда да кездеседі. Шығу тегі әскери ойынның  пайда болуымен байланысты болған,  оның қажет­тігі XVIII ғасырға дейін сақталған. Мұндай жарыс өткізілетін мерекелерде биік  бағана, болмаса ұзын сырық (дарақ) қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы, ай қабақ, алтын қабақ) ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып келе жатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Нысананы дәлдеудің басқа да  түрлері кездескен. Соңғы кезде мылтық (карабин, винтовка, пистолеттер) жиі пайдаланып жүр. Жамбыны, көбінесе ілінген жіпті көздеп атып түсіреді. Жамбы ату қазақ сарбаздарының әскери дайындығының бір түрі болып есептелген.

Аударыспақ. Бұл ептілікті, икем­ділікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты, ат құлағында ойнауды талап ететін спорттық ойын. Сайыс­керлер бір-бірін жекпе-жек бәсекеде ат үстінен аударып түсіруі керек. Жарыс жекелей және командалық жүйемен жүргізіледі. Аударыспаққа үлкен тойларда арнайы жүлде та­ғайын­далады. Оған он сегіз жастан асқан қарулы жігіттердің қатысқаны жөн. Аударыспақ ойынының ережесі бойынша сайысқа қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бө­лініп, күш сынасады. Өзінің бәсе­келесін аттан аударып түсірген немесе оның денесін жерге тигізген спортшы жеңіске жетеді.

Қыз қуу. Қазіргі таңда бұл ойын­ның ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қазақстанда қыз қуудың алғашқы спорттық жарыстары 1923 жылы өткізілді. Содан бері мерекелік бағдарламаларға енгізіп келеді. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт айналып қайтатын жерге дейін алдында атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюге тиісті. Бұл – жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігітті, оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыздың жеңгені.

Тоғызқұмалақ. Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны – тоғызқұмалақ. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құ­малақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді қолданы­лады. Қазіргі таңда республикада оның жеке қауымдастығы бар, облыс орталықтарында тоғызқұмалақты үйренемін деушілерге қауымдастық­тың бөлімшелері мен үйірмелері ашылған.

«Қазақ күресі» мен «Тоғыз­құмалақ» ойыны халықаралық деңгейге көте­рілді. Жастарымыз спорттың осы түрлеріне қатты қы­зығушылық танытып, көптеп тартылуда. Бұл екеуі Олимпиадалық ойындар қатарына енудің сәл-ақ алдында тұр. Сон­дай-ақ бүркітшілеріміз де жылдан-жылға табысқа жетуде. Бұған дәлел, бүркітшілеріміз Дубай, Англия, Болгария сынды бірқатар елдерге барып, баптаулы бүркітін «қансонарға» – халықаралық жарыстарға салып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Одан басқа «Жекпе-жек», «Бес қару», «Ер жігіт ойыны» секілді ұлттық спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру қарқын алып келеді.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ЮНЕСКО  ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛДІ

Бұқаралық спортты, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту стратегиялық сипаттағы басым міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтардың салауатты өмір салты – салауатты ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты» деп атап өткен болатын.

Спортшылардың үздіксіз дайын­­­дығы үшін республикада 367 727 балалар мен жасөспірімдерді қамтитын көптеген мектептері жұмыс істейді. Бұдан басқа 21 облыс­тық және 1 респуб­лика­лық жоғары спорт шебер­лік мекте­бі болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде.

Қолданыстағы облыстық мектеп-интернаттарды қайта құру бойынша жұмыс жалғасуда. 13 облыстық мектеп-интернаттардың ішінде әкімдіктердің қаулысымен 11 мектеп-интернат-колледж болып қайта құрылды. Сонымен қатар қолданыстағы спорт түрлерінен республикалық олимпиадалық даярлау орталықтарын біріктіру жолымен қайта құрылды. Осылайша,  «Нұр-Сұлтан» олимпиа­далық даярлау орталығы РМҚК және «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы РМҚК болып қайта құрылды. Қайта құру нәтижесінде Орталықтардың спортшылары мен жаттықтырушылары зардап шеккен жоқ.

Былтыр ұлттық спорт түрлеріне 432,4 мың адам тартылды. Қазақ күресі, бүркітпен аң аулау, асық ату және тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді. Бүгінгі күні респуб­ликада ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған клуб, 13 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс жасайды. 2020 жылдың соңында елімізде дене шынықтыру­мен және спортпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандар саны 34 114 адамды құрады. Бүгінде рес­публикада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 13 спорт клубы және 3 спорт мектебі бар.

 

АТА-БАБА ДӘСТҮРІ –  ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Тамыры тереңнен тартылған ұлттық спорт түрлері халық құн­ды­лық­тарының ажырамас бө­лігі. Сондықтан оның өрісін ке­ңейтіп, дені сау, өресі биік ұрпақ тәрбиелеуде сенімді құралға айналдыра білсек ұтқанымыз. Ата-бабаларымыздың қалдырған осынау мұрасына ісімізбен адалдық танытсақ, әрине, өзімізге пайда. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, шапшаңдылықты, ептілікті, тап­қырлықты, табандылықты, бай­сал­дылықты, мінез-құлықтың ерек­ше­ліктерімен бірге күш-қуат молды­лығын, білек күшін, дененің сомдалып шынығуын қажет етеді. Сонымен бірге бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғарғы прин­циптеріне де негізделген. Санамалай берсеңіз, қазақтың ұлттық ойындарының түрлері өте көп.

Нұрлан ҚҰМАР

 

16800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы