• Өндіріс
  • 18 Наурыз, 2021

ҚПО: Ортақ мақсатпен – орнықты дамуға

Індет ушыққан тұста жаһандық мұнай-газ саласы құлдырап, талай өндіріс ошақтары шектеулі режимге ойысты. Бұдан тыс қалмаған Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясы да барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, өндірістік жоспарларын ойдағыдай орындап шықты.

Өткен жылы компания 10,9 миллион тонна тұрақты сұйық көмірсутектер өндірді. Олардың жалпы көлемі, оның ішінде экспортқа шикі газ бен отын ретінде пайдалану үшін тазартылған газ өндірісі 143,9 миллион баррель мұнай баламасын құрады. Сонымен қатар қоймаға 10,4 миллиард текше метр шикі газ айдалып, өндірістің жалпы көлемінің 51,3%-ін құрады.

Бүгінге дейін Қарашығанақ­тағы серіктестер кенішті игеруге 27 миллиард доллардан астам қаржы салған. Өткен жылы акционерлер кен орнын игерудің маңызды кезеңдерінің бірі – Қарашығанақ-1А кеңейту жобасына рұқсат беру туралы келісімге қол қойды. Оны іске асыру қазіргі KPC газ өндірісін шектеуді жою және 4-ші газ айдау компрессоры жобалары шеңберіндегі жұмыстың жалғасы болады. Пандемияға байланыс­ты шекарадан өту мен шетелден жеткізілімдегі қиындықтарға қарамастан екі жоба да біршама алға жылжуда. PRK1A жобасы­ның мақсаты – сұйық көмірсутектер өндірісінің шегін кеңейту. Онда 5-ші газды қайта айдайтын компрессордың және басқа да байланысты нысандардың құрылысы қарастырылған. Компания басшысы Эдвин Блом ҚПО ірі Қарашығанақ кен орнының қауіпсіз дамуын, республика бюджетіне тұрақты кірістерді қамтамасыз ететінін атап өтті. Осылайша компания мыңдаған жұмыс орнын сақтауға, Батыс Қазақстан облысы мен одан тыс жерлердегі тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септеспек.

Өз қызметінде компания атмосфералық ауаны, топырақты, жер үсті және жер асты суларын, шығарындыларды, қоршаған ортаны толық бақылауды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар жасыл технологияларды енгізуге, қалдықтарды жою мен ластау­шы заттар шығарындыларын азайтуға бағытталған шараларға ерекше назар аударуда. Был­тыр Қарашығанақтағы газды пайдалану коэффициенті 100%-ке жуықтады, бұл да әлемдік деңгейдегі елеулі жетістік. Компания мәліметінше, сертификат­тық аудиттің нәтижелері бойынша ҚПО-ның экологиялық және энергетикалық менеджмент жүйелері тиімді және ISO 14001: 2015 және ISO 50001: 2018 халықаралық стандарттарына сәйкес деп танылды.

Ағымдағы жағдайдың күр­делілігіне қарамастан, ҚПО өзінің және мердігерлердің жұмыскерлеріне қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ете отырып, жұмыс орындарын сақтауға ниетті. Былтыр қазақстандық қызметкерлердің үлесі мамандардың, білікті жұмысшылардың жалпы санының 97%-ін және басқару деңгейінің 83%-ін құрады. Қызметкерлер мен жергілікті қоғамдастықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі компания үшін маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Кен орнын игеруге қазақстандық жеткізушілер мен өндірушілер белсенді қатысып келеді. Өткен жылы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге арналған ҚПО келі­сімшарттарындағы жергілікті қамту үлесі 59% болды. Соңғы бірнеше жылда қазақстандық тауарларды сатып алу құрылымы қарапайым өнімдерден материалдар мен жабдықтардың күрделі және жоғары технологиялық түрлеріне дейін түбегейлі өзгерді. ҚПО Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобаларды да жүзеге асыруда. Бүгінде ҚПО-ның осы салаға салған жалпы инвестициясы – $427 млн. Бұ­дан бөлек, 2020 жылы облыстың денсаулық сақтау мекемелеріне ковидке қарсы күресте елеулі қолдау көрсетілді. Қажетті меди­циналық жабдықтар мен материалдар сатылып алынды.

«Қазіргі жағдай бәріміз үшін, әлемдік экономика үшін бұрын-соңды болмаған қиындық. Бұл ретте ҚПО өз қызметкерлерінің және жергілікті қоғамдастықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға тырысады. Біз Батыс Қазақстан облысының, Қазақстан Республикасы тұр­ғындарының мүдделері үшін тұрақты даму мақсаттарына жетуге – ортақ ұмтылысқа негіздел­ген. Қазақстанның уәкілетті органдарымен серіктестік пен ынты­мақ­тастықты нығайта береміз», – деді Э.Блом.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

 

6802 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы