• Қаржы
  • 18 Наурыз, 2021

ФЕРМЕРДІҢ ҚОЛ-АЯҒЫН НЕ БАЙЛАП ОТЫР?

Қазақстан азық-түлікті жыл сайын миллиардтаған долларға сырттан әкеледі

Бірқатар мемлекеттік бағдарлама іске қосылып, белгілі бір негізде қаржы құйылып жатса да, еліміздің агросекторы әлі еңсесін жаза алмай келеді. Ел экономикасындағы ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі бес пайыздан аспай тұр. Агроөнім шығару жағынан Қазақстан көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан да артта қалып отыр.

– Бізде бір гектарға орташа еңбек өнімділігі шамамен 400 доллар болса, Ресейде бұл 1000 доллардан асады, Өзбекстанда  шамамен 1500 доллар, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының кеңес­шісі Ербол Есенеев.

Қазақстан ішкі нарықты өз өнімімен толтырудың орнына азық-түлікті жыл сайын мил­лиардтаған долларға сырттан әкеледі. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан өзінің халқын азық-түлікпен толығымен қамти алады, тіпті бүкіл Орталық Азия нарығының азық-түлік фабрикасы бола алатын толық мүмкіндігі бар. Өкініштісі сол, басқаны қойып, біз сүт пен етті де сырттан әкелеміз...

– Қазақстан өзінің азық-түлігін жыл сайын 3,6 миллиард долларға сырттан әкеледі. Бірақ еліміздің екі миллиард доллардан астам өнім шығаруға мүмкіндігі толық жетеді, – деп есептейді Е.Есенеев.

Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп отырған бірнеше фактор бар.

Біріншіден, ауыл шаруашылы­ғын дамытамын деп білек сыбанып кіріскен фермердің жерге, өзге де ресурсқа қолы толық жетпей отыр. Екіншіден, аз пайызбен несие алуға мүмкіндігі жоқ. Үшіншіден, ең бас­ты проблема, әлі күнге дейін өнімді өткізетін сенімді нарық жоқ, тауарды сату жүйесі жолға қойылмаған. Ал өнімді өткізудің жан-жақта арнаулы нүктесін ашу – мемлекеттің міндеті.

Бұл пікірді еліміздің экс-пре­мьер-министрі Сергей Терещенко де қолдайды. Ана бір жылы, дейді ол, өткізу нүктесінің жоқтығынан Түркістан фермерлерінің жүздеген тонна капустасы көз алдымызда шіріп кетті. Өнімді өткізу жүйесін құру – мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті, оны барынша тез шешу қажет. Әйтпесе, біздің фермер жыл сайын шығынға ұшырап, ақыр соңында ауыл шаруашылығы саласын тастап кетіп қалуы мүмкін.

«Үкімет шіріп кеткен капуста мәселесін шешу үшін қазынадан екі миллиард доллар бөлуге мәжбүр болды. Ал әлгі капустаны қалаларға апарып, арзан бағамен сату, тіпті тегін беру ешкімнің ойына кіріп шыққан жоқ», дейді С.Терещенко.

Қазақстанда құнарлы жер көп, бірақ оны игеруге қалталы адамдар құлықты емес. Өйткені, ақыр соңында пайда әкелмейтін нәрсемен ешкім айналысқысы келмейді. Жерімізде керек азықтың бәрін өсіруге болады, бірақ өткізу жүйесінің жоқтығы кісінің қолын байлайды. Алдағы екі-үш жылда мемлекет өңдеу, сақтау және өткізудің үйлесімді жүйесін құруы қажет. Сонда ғана біз осы саланың дамығанын және оның экономикалық пайдасын көре аламыз.

 

 

Фермерге жер бөлу мәселесінің де түйіні шешілмей тұр. Бұл бір  субъективті процесс. Аудан әкімдері ауылшаруашылық жерін кімге беру керек, кімге бермеу керек деген мә­селені өздері отырып шеше береді. Ал сарапшылардың пікірінше, жерді игергісі келетін кісінің көз алдында бәрі анық болуы қажет, бос жердің ашық жүйесі болуы тиіс.

Екінші деңгейлі банктің фер­мерді қаржыландыру бастамасы соңғы жылдары сұйылып кетті. ҚазАгроның қаражаты болса, жет­кіліксіз. «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салу керек, онсыз мәселе шешілмейді», дейді Ербол Есенеев. Өнімнің өзіндік құнымен ғана жұмыс істейтін, ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысқа ие өнім өндіретін фермерге мемлекеттен  қолдау қажет, онсыз ауыл шаруашылығы саласы еңсесін жаза алмайды.

Мәселен, карантин жарияланған бір жылдың ішінде жылыжай бизнесінің өкілдері ауыр жағдайда отыр. Түркістан облысы мен Шымкент жылыжайы қауымдастығы­ның төрағасы Мырзахмет Снабаев­тың айтуынша, шекараның жабылуы бағаның күрт түсіп кетуіне әкеліп соқты. Көкөніс өсіруші экспортқа арналған тауарды (Оңтүстік Қазақ­стандағы жылыжай көкөнісінің 70%-ы сыртқы нарыққа арналған) сыртқа шығара алмай, жергілікті нарықта өте төмен бағамен сатуға мәжбүр. Түскен табыс коммуналдық шығынды өтеуге, екі айдан төрт айға дейін жылыжайды жылыту отынына кетіп қалады, дейді М.Снабаев.

Жылыжай ұстаған фермер биз­несті тастай алмайды, өйткені кешеннің құны өте қымбат, оны сатып алу үшін мол несие алынды, оны жабу үшін, амал жоқ, табысы таңдайға татымаса да, жылыжайда көкөніс өсіруді одан әрі жалғастыра беруге тура келеді.

Бір жылдық карантин агро­сектордың біршама проблемасын ашып берді. Ең әуелі ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу саласына инвестиция салу қажет екенін айғақтап берді. Астықты, көкөністі, жеміс-жидекті, ет-сүт өнімін сақ­тайтын заманауи кешендер салынуы керек. 

Өнімді сақтау, логистика және өнімді түпкілікті тұтынушыға тиімді өткізу жүйесі мәселені қайта қарауды талап етіп отыр. Капус­таны сақтайтын термоқаптың жоқ­тығынан фермер шығынға батып жатады. Тіпті сақтайтын орын болмаған соң егіс басында сәбіз, капуста, помидор жиналмай қалған кездер де болыпты.

Экономист, International Strategy Partners Group сарапшысы Нұрбек Ачиловтың пікірінше, фермердің бір-бірімен байланысы жоқ, байланысты үйлестіруші орган жоқ, сондықтан қай өңірге қандай өнім керек, ол өнімді қандай жолмен жеткізу керек деген проблема әлі шешілмей отыр. Агросекторда білік­ті кадрдың, тәжірибе алмасудың жетіспеуі тағы бір проблеманың басын қылтитты.

– Тиімді ақпараттық жүйе болма­ғандықтан кез келген өнімге, әсіресе жаңа піскен жеміс пен көкөніске өтпей қалған кезінде бұзылып кету қаупі төнеді. Сондықтан көп ел, әсіресе көршілес елдер халықты агроөніммен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін дамыту үшін логис­тика, сақтауға қою кешені сияқты жағдай жасаған, бізде, өкінішке қарай, бұл проблеманың түйіні әлі шешілмей тұр, –  дейді Н.Ачилов.

Кейбір елді шарпыған азық-түлік дағдарысы бізге де таяп келе жатыр. Ал Қазақстан – ішкі нарықты да, сыртқы нарықты да қамти алатын, аграрлық мүмкіндігі мол ел. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауға шамасы жетеді. Экспорттық шектеу болса, біздегі агроөнеркәсіптің көп саласына зиянын тигізіп келеді. Сондықтан әуелі осы проблема шешілсе деген тілек бар.

Тәуекел БАҚАШ

875 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы