• Бизнес & Қоғам
  • 08 Сәуір, 2021

ӨРКЕНДЕУ ҮШІН ӨРІС КЕРЕК

Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы поляк және қазақ өнеркәсіп орындары мен кәсіпкерлерінің өзара тиімді қарым-қатынастарына дәнекер болып келе жатқан мемлекетаралық ұйым болып табылады. Палатаның белсенді қызметі нәтижесінде поляк фирмалары Қазақстанның агро, азық-түлік, фармацевтика және құрылыс салаларында жемісті жұмыс істеуде, қазақстандық кәсіпкерлер Польша нарығын игере бастады. Бұған палата бастамашы болып отырған түрлі көрмелер мен жәрмеңкелер де септігін тигізуде.

Сауда-өнеркәсіп палатасы еліміздің ғылым және білім мекемелерін Польшаның ин­новация нарығына тарту, Қазақстандағы басымдықты жобаларға Польша және Еу­ропа инвестициялары мен технологиялар трансфертін қатыстыру жөніндегі «KZ-EURO-PL» жобасын жүзеге асыруға атсалысуда. Палата поляк, қазақ, орыс тілдерінде өзінің «Экономикалық бюлле­тенін» шығарып келеді.

Наурыздың соңына таман Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғына арнап поляк және қазақ дипло­маттары, саясат­керлері мен ға­лым­дары қатыс­қан халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференция өткізді. Ғаламтор арқылы атал­ған мәр­­тебелі басқосуға атса­лыс­қан соң осынау айтулы ша­раға мұрындық болған белгілі қоғам қайраткері, газетіміздің Ақылдастар алқасының шетелдік мүшесі, Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төраға­сы Петр Гузовски мырза­мен қысқаша тілдесудің сәті түсті.

– Ғылыми конференцияны Польшадағы қоғамдық ұйым – «Менің Қазақстаным» ассоциа­циясымен бірігіп ұйымдас­тырдық. Жиынды Польша-Шығыс ынты­мақ­тастық қауым­дас­тығының президенті Йозеф Брилл кіріспе сөзімен ашты, – деп бастады өз әңгімесін Петр Гузовски мырза.

 

 

– «Менің Қазақстаным» ассоциациясының төрағасы доктор Владислав Соколовский жүргізген мәжілісте Қазақстан Республикасының Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі Әлім Қирабаев, Польша Респуб­ликасының сенаторы, Сенаттың бюджет және қаржы комитеті­нің төрағасы Казимеж Кляйна, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазіргі за­манғы зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің профессоры Артур Кияс, «Petroleum» анали­тика­лық журналының баспагері Олег Чер­винский мазмұнды баяндама­лар жасады. Сондай-ақ Зиелона Гура университетінің заң ғылымдары инсти­туты­ның директоры, профессор Анджей Биштыга, Қазақстан Әс­кери-стратегиялық зерттеулер орталығының жетекші сарап­шысы, саясаттанушы Марат Шибұтов, Люблин Экономика және инновация университетінің профессоры Ежи Шукальски өз сөздерінде екі ел арасындағы тиімді ынтымақтастықты терең­дету мәселелерін сөз етті.

Биыл ақпан айының 24-25 жұлдызында Кельце қаласының халықаралық көрмесінде ( Targi Kielce) үлкен табыспен өткен Польша-Қазақстан күндеріне де тоқ­тала кеткім келіп отыр. Эконо­микалық ынтымақтастық мәсе­лелеріне арналған салтанатты шараға Қазақстанның Польшадағы елшісі Әлім Қирабаев,

Польша Республикасының Нұр-Сұлтандағы төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич, Targi Kielce басқарма төрағасы, доктор Анджей Мохонь қатысып, сөз сөйледі. Көрме залдарында поляк компаниялары өзін-өзі таныстырды. Қазақстандағы нарық ережелері туралы вебинарда Kazakh Invest компаниясының Еуропадағы өкілі Ұлбосын Сарыбаева «Қазақстандағы инвесторларды мемлекеттік қолдау», поляк экономикасына қатысты секцияда Польша Даму, еңбек және технологиялар министрлігінің өкілі Александр Милота «Қазіргі заманғы үдерістер және ынтымақтастықтың даму келешегі» тақырыбына баяндама жасады. Сондай-ақ екі елдің компаниялары келіссөздер жүргізіп, Қазақстандағы туристік орындардың және «Эйр Астана» компаниясының тұсаукесері болды.

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан бүгінгі таңда шетелдік инвесторлар үшін неғұрлым тартымды нарықтардың бірі болып табылады. Дәйекті реформалар және құқықтық, институционалдық шеңберлерді жетілдіру халықаралық рейтингтік институттар тарапынан жоғары баға алуда. Қазақстанның географиялық жағдайы елді Шығыстан Батысқа, Солтүстіктен Оңтүстікке және керісінше баратын көлік дәліздерінің табиғи жолайрығы ретінде ұсынады. Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі бола отырып, 180 миллионнан астам халқы бар нарыққа жол ашады. Мұның барлығы поляк бизнесін тығыз әріптестікке тартып отыр. Бұл орайда құрылыс салу және құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, машина жасау, энергетика, фармацевтика салалары өзара байланыс үшін неғұр­лым қызғылықты болып табылады. Қазақстан Польшаны шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы өндірісі, көлік инфрақұрылымы, экс­портты және ұлттық брендті қол­дау мен жылжыту шараларын ұйым­дастыру саласындағы маңызды әріп­тес ретінде қарастырады. 

Еуропалық Одақ елдерінің, оның ішінде Польшаның Орталық Азия елдерімен, әсіресе олардың ең үлкені – Қазақстанмен сауда-саттық жасауы Польша мемлекетінің, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. COVID-19 пандемиясына дейін жылына 2 миллиард доллардан асқан өзара сауда айналымы құлдырамауға тиіс, үстіміздегі 2021 жылы ол өседі деген үміттеміз. Поляк кәсіпорындары мен компа­ниялары Қазақстан нарығына көбірек барғысы келеді, ал қазақстандық компаниялар Польшамен және поляк кәсіпорындарымен сауда жасауға ниеттеніп отыр. Дәстүрлі поляк алмалары ғана емес, Польша экономикасының басқа да өнімдері Қазақстанда танымал және лайықты орынға ие. Қазақстан компаниялары да көп нәрсені, атап айтқанда қазіргі кезде көптеген елдерде маңызды экономикалық сала болып табылатын туристік мүмкіндіктерді ұсына алады. Экономикалық шақыру­ларға және халықаралық нарықтар­дағы дағдарыстарға қарамастан, біздің елдеріміз экономикаларының жағым­ды болжамдарын ескере келіп, біз бизнес-ынтымақтастықтың жедел­деуіне, құрылатын бірлес­кен компа­ниялар, Қазақстан нарығында жұмыс істейтін поляк капиталы бар компаниялар санының артуына, тауар айналымы көлемінің өсуіне сенім артамыз.  

Биыл Қазақстан Тәуелсіздікке 30 жыл толуын атап өтеді, осы жылы Қазақстан мен Польша арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 29 жыл толады, сондықтан біз бүгінде өз елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейі сауда-экономикалық, инвес­тициялық және техноло­гиялық әріптестікті еселеуге байсалды негіз қалайтындығын қанағат сезімімен атап өтеміз.

COVID-19 пандемиясы ға­ламдық экономиканың барлық саласына әсер етуде. Осыған байланысты біз экономикалық қатынастарымызды әртарап­тандырып, жаңа өсу нүктелерін табуымыз керек. Қазіргі уақытта, пандемия кезінде экономикалық ынтымақтастық қоғамды сақтап қалудың және мемлекеттің институт ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етудің қарапайым әдістерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда компаниялар, өндірушілер мен делдалдар арасындағы сауда-саттық, қарым-қатынас пен байланыс біздің өркениетіміздің «тамырына» қан жүгіртіп, өмір сүру деңгейімізді, мүмкіндіктеріміз бен әлеуетімізді айқындап отыр.

Мен Польша-Қазақстан қарым-қатынастарының сенімді сипатта екенін мәлімдеуге қуаныштымын. Бүгінгі таңда Қазақстанда поляк капиталы қатысатын 100-ден астам кәсіпорын бар. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкімет­аралық комиссия мен Польша инвестиция және сауда агенттігінің (PAIH) Нұр-Сұлтандағы кеңсесі табысты жұмыс істеуде. Экономикалық салада қажетті шарттық-құқықтық база жасалған.

Редакциядан: Поляк-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы 2008 жылы 17 қаңтарда поляк және қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделерін ескеріп отыру үшін құрылды. Польша-Қазақ­стан ынты­мақ­тастығына мүдделі серіктес компа­ния­ларға көмек көрсету, жаңа құры­лымдар мен меке­мелердің, іскери серіктестердің, ком­паниялар мен кәсіпкерлердің өзара байла­нысын орнатуға көмек­тесу палатаның негізгі мақсаты болып табылады. Палата міндеттеріне Польша мен Қазақстан арасындағы экономикалық қатынастардың дамуына ықпал ету, әлеуетті серіктестер арасындағы қатынастарды орнатуға көмектесу, сауда миссияларын, симпозиумдарды, оқу семинарлары мен кон­фе­ренцияларын ұйымдастыру кіреді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйекте жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында инвестиция­ларды тарту тақырыбына ерекше назар аударды. Сөйтіп, мемлекет пен инвесторлар арасындағы келі­сімдерді бекіту үшін жаңа құрал – стратегиялық инвестициялық келісім енгізілмек. 10 арнайы экономика­лық және 20 индустриялық аймақ белсенді жұмыс істеуде, инвесторлар олардың ауқымында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, мемлекеттен қолдау алады. Қазақстан поляк инвесторларына инвестициялық преференциялар мен жеңілдіктер тетігін ұсынуға дайын.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

888 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы