• Цифрлы Қазақстан
  • 08 Сәуір, 2021

Электрондық биржада бос жұмыс орындары азайды

Электрондық еңбек биржасына 62,5  мың бос жұмыс орны орналастырылды.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) деректері бойынша биыл наурызда Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 62,5 мың бос жұмыс орны орналастырылды. Оның ішінде 49,8 мыңы – білікті мамандар үшін, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жұмыс іздеушілер 51,1 мың түйіндеме жариялады, оның 34,3 мыңы білікті мамандардан. Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының жалпы саны 5%-ға, ал түйіндемелер саны 17%-ға азайды.  Қазір ЭЕБ-да 32,2 мың бос жұмыс орны ашық күйінде қалып отыр.

«1 наурыздан бастап портал кеңейтілген бейінде жұмыс істейді. Яғни жұмыс берушіні немесе жұмыскерді іздеу өлшемдері ұлғайды, кәсіптердің жаңартылған анықтамалығы мен дағдылар банкі енгізілді, сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы аясында пайдаланушыларға ерікті түрде қоныс аудару жөнінде ақпарат беретін сервис алғаш рет іске қосылды. Пайдаланушылардың жаңартылған қызметке деген қызығушылығы артуын күтеміз, ол жұмыс берушілерге тиісті қызметкерлерді таңдауға, ал азаматтарға лайықты жұмыс табуға көмектеседі», – дейді ЕРДО стратегия және жобалық басқару департаментінің бас сарапшысы Айжан Мұқышбаева.

Жекелеген білікті мамандарды қарастыра отырып, наурыз айында ЭЕБ-да автобус жүргізушілері, күзетшілер, даяшылар, орта медициналық персонал және жалпы практика дәрігерлерінің тапшылығы байқалғанын атап өткен жөн. Біліктілігі жоқ қыз­меткерлер арасында жүк тиегіштер, тазалаушылар, сондай-ақ ас үй көмекшілері жетіспейді. «Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласындағы жоғары білікті мамандарға да сұраныс жоғары. Наурызда 3,2 мың бос жұмыс орны орналастырылды, олар бойынша негізінен жалпы практика дәрігерлері, педиатр дәрігерлер, анестезиолог дәрігерлер және реаниматологтар қажет болды. Сонымен қатар, бар ұсыныс жұмыс берушілердің қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Наурызда осындай 788 түйіндеме ғана орналастырылған», – деді Айжан Мұқышбаева.

Білікті емес еңбек ұсынысы, сондай-ақ мамандық­тар бойынша білікті және білікті емес еңбек ресурстарына сұраныс өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалса, білікті еңбек ұсынысы айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған. Ақпанда кеңсе қызметкерлері, қаржы және инвестициялар бойынша кеңесшілер, заңгерлер мен экологтар көп болса, наурызда агросала қызметкерлері, кондитерлер мен тігіншілер арасында жоғары бәсекелестік байқалады.

Өңірлік бөліністе жұмыс берушілерден ұсынған бос жұмыс орындарының ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласында (жалпы санынан 15%), Қостанай облысында (12%), сондай-ақ Алматы қаласында (9%) байқалды. Бір ай ішінде бос орындардың ең көп өсуі Нұр-Сұлтан қаласында (+23%), Солтүстік Қазақстан (+22%) және Павлодар (+22%) облыстарында орын алды. Ал ең азы Қызылорда (жалпы санынан 2%), Жамбыл (3%) облыстары мен Шымкент қаласына (3%) тиесілі болып отыр. Бір айда бос орындар санының қысқаруы Түркістан (-45%) және Жамбыл (- 32%) облыстарында байқалды. «Наурыз айында білікті еңбекке деген қажеттілік Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 24%-ға және 19%-ға өсті. Екі аймақта да фермерлер, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету және сату саласындағы жұмысшылар сұранысқа ие болды. Солтүстік өңірлерде көктемгі егіс жұмыстарының басталуы аясында ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне сұраныстың артуын күтудеміз, ал қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлерге қажеттіліктің артуы наурыз айының басынан бастап осы өңірлерде карантиндік шаралардың әлсіреуімен байланысты», – деп қорытындылады Айжан Мұқышбаева.

Жұмыс іздеушілер тарапынан түйіндемелердің ең көп саны Жамбыл (жалпы санынан 6 мың немесе 12%), Алматы және Түркістан облыстарында (4,1 мың немесе 8%) орналастырылған.

4156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы