• Қаржы
  • 15 Сәуір, 2021

Монетарлық саясат өндіріспен ұштасуы тиіс

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Кедендік одақтан Қазақстан ұтты ма, ұтылды ма? Саудадағы негізгі  әріптес ел – Ресеймен арадағы барыс-келіс, алыс-берістің соңғы жылдардағы динамикасы нені көрсетіп отыр? Импорт-экспорт қатынастарының қазіргі ахуалы қалай? Рубль-теңге номиналды айырбас бағамының макропараметр ретіндегі рөліне қандай баға беруге болады?  «Рубль тұзағы» деп атауға болатын жаңа шарттар мен шектеулердің пайда болуына не себепкер және олардың Қазақстандағы монетарлық саясатқа әсерін қандай жолдармен төмендетуге болады? Бір қарағанда академиялық теорияға жақын көрінгенімен, бұл сауалдар бүгінде нақты да дәл  шешімін тосып отыр.

Интеграциялық байланыстар серпін алған соңғы 10 жыл беделінде Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас нығая түсіп, негізгі сауда серіктес ретіндегі Ресейдің рөлі едәуір күшейгенін nationalbank.kz ақпараттық ресурсындағы сараптамалық баяндамасында тілге тиек еткен білікті банкир Олжас Төлеуов  осы тенденцияның әсерінен солтүстік көршіден келетін импорттың қатты өскені  байқалып отырғанына тоқталады. Маманның пікірінше, Кеден одағы құрылғанға дейін, 2000-2009 жылдары Ресейден Қазақстанға импортталатын тауарлардың орташа жылдық көлемі 6,6 млрд АҚШ долларын құраса, кейін Кедендік одақ құрылған соң, 2010-2020 жылдары бұл көрсеткіш екі есе – 13,2 млрд АҚШ долларына дейін өскен. Осы заттар арасында тұтынуға арналған тауарлардың импортында айтарлықтай өсім байқалған – жалпы импорт көлемі 3,3 млрд АҚШ долларына тең болған. Басқаша айтсақ, Кедендік одақ құрылғаннан кейін басқа елдерден импортталатын тауарлар Ресей импортымен алмастырылған.  Экономикадағы бұл ұзақ мерзімді құрылымдық өзгерістің айтарлықтай макроэкономикалық әсері бар. Соның салдарынан рубльдің теңгеге қатысты номиналды айырбас бағамының Қазақстан экономикасындағы маңызды макропараметр ретіндегі рөлі күшейген. Кейіннен бұл экономикалық, әсіресе, ақша-кредит саясатындағы әртүрлі кедергілер мен мәжбүрлі ымыралардың пайда болуына әкеп соқтырған және қабылданған шешімдер мен ақша-кредит шараларының икемділігін шектеген. Теңгенің рубльге шаққандағы нығайған сәті Ресей валютасын өте тиімді бағада сатып алуға болатынын  көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда Ресеймен сауда-саттық жасауда өзінің операциялық және валюталық тәуекелдерін одан әрі хеджирлеу үшін қазақстандық резиденттер рубльді тез және өте көп көлемде сатып ала алады. Басқаша айтқанда, Қазақстан импортындағы Ресей тауарларының көлемі көбейіп, позициясы кеңейіп жатқан соң теңгенің рубльге шаққанда едәуір нығаюы Ресей валютасына деген сұраныстың көбеюіне әкеп соғады. Осыдан барып отандық валюта нарығы үшін «рубль зәкірі» іспетті әсер пайда болып, ол ішкі валюталық нарық қатысушыларының көңіл-күйі мен әрекетіне айтарлықтай әсер етеді. Бұл макрофактор ретінде рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы рөлінің едәуір өсуіне себеп болуда. Осы арқылы пайда болған мұндай құрылымдық өзгерістер экономикалық саясатқа тікелей әсер етіп, «рубль тұзағы» делінетін құбылыстың туындауына негіз берді.

Маманның пікірінше, «рубль тұзағы» Қазақстанда ақша-кредит саясатын жүзеге асыруда түрлі түйткілдер тудырады. Атап айтқанда, бұл экономиканың тұтынушылық секторында инфляциялық қысымның күшеюіне әкеледі, сонымен қатар Ресейге салынатын санкциялар мен басқа да геосаяси күйзелістерді қабылдауға мәжбүр болатын тәуекелдер туындатады. Егер теңге, керісінше, рубльге қатысты күшейсе, бұл Ресейден келетін импорт тауарлардың одан әрі ұлғаюына, сондай-ақ валюта нарығында өсумен байланысты «рубльдік зәкір» әсерінің күшеюіне әкеледі. Жоғарыдағы «рубль тұзағын» тек ақша-кредит саясаты шараларын қолдану арқылы шешу және бұл тұзақтан шығу мүмкін емес. Сондықтан ақша-кредит саясатының осындай ымырасын жұмсарту үшін мемлекеттің экономикалық саясатының басқа түрлерін кешенді және келісілген түрде жүзеге асырып, көмектесу керек. Бұл көп жағдайда ішкі тұтынудың негізгі импорттық тәуелділігін төмендету шараларына, өнеркәсіптік саясатқа, үкіметтің шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты іс-әрекеттеріне, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Кедендік одақ аясында сыртқы сауданы реттеу мен дамытуға қатысты. Қазір Қазақстанда өндіріс шикізат секторында шоғырланған және бизнес пен халықтың дайын өнімге деген қажеттіліктерін толығымен жаба алмайды. Тіпті, өз елімізде өндіруге және пайдалануға болатын тауарларды есепке алғанмен, импортқа, оның ішінде ресейлік тауарларға деген тәуелділік байқалып отыр. Басқаша айтқанда, «рубль тұзағынан» шығу үшін халық көп тұтынатын және аралық тұтынатын тауарларды ішкі нарықта өндіруге, соның ішінде аймақтық өндіріс тізбегін бір ізге салуға ынта бере отырып, негізгі импорттық тәуелділікті азайтқан ләзім. Бұл импортты алмастыруға ғана емес, сонымен қатар жергілікті компаниялардың экспорттық әлеуетін әртараптандыруға әрі  арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамыту институттарының рөлі маңызды, олар инновациялық және өндірістік тиімділікті арттыруға баса назар аудара отырып, тек бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды ынталандырудың жанама шараларына бағытталуы керек. Бұлардан өзге, Кеден одағы аясында ішкі нарықты қолдау немесе тұрақтандыру мақсатында тарифтік және баждық саясат элементтерінің ерекше жағдайларында Қазақстанда қолдану шектелетін немесе кедергі келтіретін нормалар мен келісімдерді қайта қарау қажет. Орта және ұзақ мерзімді келешекте мемлекетаралық экономикалық өзара іс-қимыл Қазақстан мен Ресей арасындағы теріс сауда балансын түзеуге  оң әсерін тигізеді.

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы