• Қаржы
  • 15 Сәуір, 2021

ҚОЛДАУ АЯСЫ КЕҢЕЙДІ

Президент тапсырмасына сай QazIndustry орталығы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарастырып, жаңа түрлерін енгізуде.

Еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары аясында өткен жылы 58 кәсіпорынның жалпы сомасы 420 млн теңгеге 179 өтінімі бойынша шығындары өтелген. Отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету шеңберінде 51 кәсіпорынның жалпы сомасы 93,1 млн теңгеге шығындары өтелді. 2020 жылы QazIndustry Сауда және интеграция министрлігінің отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі операторы бола отырып, жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге 216 кәсіпорынның (487 өтінім) шығындарын өтеді. Өңірлік бөліністе өтініштердің басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысы (11,9%), Қостанай облысы (10,7%), Қарағанды облысы (10,2%), Алматы қаласы (8,7%) және Алматы облысынан (8,2%) келіп түсті. Компаниялардың ең көп саны тамақ өнеркәсібі (41,7%), металлургия (6,5%), өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі (5,5%), электр жабдықтары өндірісі (3,4%) және басқа да салалардан келіп түскен.

QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы басқарма төрағасы Берік Бекеновтің айтуынша, шығындардың бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шаралары отандық бизнеске шетелдік мамандарды тартуға, өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, шеф-монтаж жасауға, жабдықты іске қосуға, басқарудың автоматтандырылған жүйелерін, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге, аудит жүргізуге, өнімді сертификаттауға көмектеседі. Өңделген тауарларды экспорттаушыларға шетелде тауарларды жарнамалауға, шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелерге қатысуға, шетелде өнімді сертификаттауға, қоймаларды, сауда үй-жайларын жалға алуға және тауарларды жеткізуге байланысты шығындар өтелді. Былтырдың қорытындысы бойынша қолдау шараларын алған тауарлар экспортының географиясы әлемнің 29 елін құрады, соның ішінде Кувейт, Оман, Сауд Арабиясы, АҚШ және Оңтүстік Корея сияқты жаңа экспорт елдері пайда болды.

Қазірде отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету жөніндегі шараларды: тауарларды жарнамалауға, жұмыстар мен қызметтерге, сауда алаңдарын жалға алуға, сынақтар жүргізуге, тауар белгілерін тір­кеуге, таңбалауға, еліміз бойынша тауарларды жеткізуге бизнес шығындарын өтеу сияқты шараларды кеңейту көзделуде. Бұдан басқа, өндірісті цифрландыруға да қолдау көрсетіледі. Мұндай көмек тетігі кәсіпорындардың тиімділігі мен еңбек өнімділігінің өсуіне оң әсер ететін заманауи халықаралық технологиялар мен жүйелерді енгізу үшін бизнеске қосымша серпін береді.

Сондай-ақ QazIndustry Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесе мемлекеттік қолдаудың жаңа құралы –«өнеркәсіптік грантты» енгізіп, оны жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және жаңа өндірістерді құруға бағыттамақ. Бұл тұрғыда қажетті құрал-жабдықты сатып алу мен енгізу үшін 50% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру шарттары іске асырылатын болады. Бұл негізгі қорларды жаңартуға, ішкі нарықта қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім өндіруге септесіп, сыртқы нарықтарға шығуға база қалыптастырады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы