• Қаржы
  • 15 Сәуір, 2021

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған

Өткен жылы әлемді дүрліктірген коронавирус індеті елімізге де елеулі өзгеріс әкелді. Пандемияның таралуына жол бермеу мақсатында Қазақстанда төтенше жағдай режимі орнап, карантин жарияланғаннан кейін бірқатар мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, банкротқа ұшырағандары да аз болмады.

Осы кезеңде аталған індеттің ушығуына қарамастан тиісінше халыққа қызмет көрсетіп, ел алғысына бөленген мекеменің бірі, республика аймағында 25 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Қазпошта» акционерлік қоғамының кешендік пошталық жұмысын ерекше атап өтуге болады. «Пошта кез келген мемлекетте қала мен ауыл арасына жол салып, қызмет көрсетумен қатар халықаралық байланыста да үлкен рөл атқарады. «Қазпошта» АҚ-тың Алматы филиалы – «Алматы поштамтында» жет­піске жуық бөлімшесі бар, онда мыңнан астам адам қызмет етеді. Поштамыз атқаратын жұмыс есеп айырысу шотынан бастап бюджеттік-қазыналық ұйымдар чегіне қызмет көрсету, барлық банктік операцияларды және агенттік келісімдер негізінде несие берумен аяқталады. «Бір терезе» ұстанымы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Жазба хат-хабарларды, бандерольдер мен сәлемдемелерді, мерзімді басылымдарға жазылуды қабылдау, оларды тасымалдау, жіберу, жеткізіп беру және бөлшек сауда арқылы сату жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен қатар салық пен несиені басқа банктерге төлеу, әуе-темір жол билеттерін сатып алу, интернет жүйелері, пост kz. мобильді қосымшаларды, төлем карталарды, Каспий төлемдерін, коммуналдық төлемдер жеке тұлға­лардан қолма-қол немесе банктік код арқылы ақша алу ақысыз негізде жүргізіледі. Өзіміздің күнделікті жұмыстарымызда халықаралық дең­гейге сай сапалы қызмет көрсе­туге және тұтынушылардың қанағаттану­шылығын арттыруға дең қоямыз», – дейді «Қазпошта» АҚ-тың Алматы филиалы – «Алматы поштамты» ди­рек­торының орынбасары Нұрдәулет Қабылов.

Қазіргі уақытта құрылымдық бөлімшелердің барлығы керекті бан­ко­маттар, посттерминалдармен жабдықталған. «Қазпошта» акцио­нерлік қоғамының торабында 3000-нан аса бөлімшесі бар. Жасыратыны жоқ, бұрын «Қазпоштаның» қызмет көрсету сапасына көпшіліктің көңілі толмайтын. Осының салдарынан ұзын-сонар кезекте тұрғандар уақытында  қызмет көрсетілмегендіктен соңы дау-жанжалмен аяқталатын.

Осыдан біраз жыл бұрын «Қаз­пошта» АҚ трансформация бағ­дар­ла­масын жүзеге асыру аясында компа­ния жаңашылыққа бет бұрып, өз қыз­метіне заманауи технология енгізді. Нәтижесінде пошта қызметінің жан-жақты жұмысы артып, көлемі ұлғайды. «Қазпошта» АҚ-та электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдайтын және жөнелтетін гибридті пошта, сәлемдемелер мен халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын «Юнистрим», жеделдетілген хаттарды қабылдайтын және жеткізетін – ЕМS, жеделдетілген ақша аударымы – «Сәлем теңге» сынды қызмет түрлері көрсетіледі.

Қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологиялар ғасырында пошта инновациялардың бағыттаушысы рөлін алды. Жаһандық сауда мен коммерцияға жол ашып, жұмыстың жаңа форматтарын таба отырып айтулы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Компания қызметкерінің әрқайсысы қазақстандықтарға еліміздің ең шалғай түкпірлерінде пошталық, қаржылық және агенттік қызметтердің барлық спектрін алуға мүмкіндік бере отырып, кейде оларды үлкен қалалармен және әлемнің басқа елдерімен байланыстыратын жалғыз мекеме екендігін ескеріп, маңызды әлеуметтік миссияны орындайды. Қазіргі уақытта «Қазпошта» АҚ-тың Алматы қалалық филиалы­ның басым міндеттерінің бірі – лайықты және жан-жақты дамыған сервистік компания болу. Айта кету керек, байланыс бөлімшелерінің қызметкерлері клиенттердің пошта жөнелтілімдерін уақтылы алуына мүдделі, өйткені олардың қызмет көрсеткіші осыған байланысты болып отыр. Қазіргі таңда пошта желісі – бизнес пен халық үшін электронды сауданы, көлік-логистикалық сервисті, сонымен қатар қаржылық қызметтерді дамытудың тиімді құралы. «Covid-19 эпидемиялық жағдайының біз үшін қиын кезеңінде коронавирус инфекциясының  қызметкерлеріміздің арасында таралу қаупіне жол бермей, халыққа сапалы қызмет көрсету – басты мақсат болды. Осы кезеңде филиал қызметкерлері шұғыл түрде жедел әрекет ету штабын құрып, онда бірқатар қызметтер онлайн форматқа ауыстырылды және байланыссыз жеткізу әдістері ұйымдастырылды. «Алматы поштамты» өз кезегінде қалалық әкімдік пен «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Біз біргеміз» акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға арналған азық-түлік жиынтықтарын жеткізуге белсене атсалысты. Зейнеткерлерге зейнетақыны тұрғылықты жеріне жеткізу және коронавирусқа байланысты енгізілген шектеулерге орай жұмысынан айрылғандар үшін 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек төлеу үшін виртуалды карталар шығару бөлігінде үлкен жұмыстар атқарды. Менің айтайын дегенім,  поштаның ең басты құндылығы – оның кадрлары, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын және ең жоғары құрметке лайық жандар. «Осы жерде біздің жүйеде көп жыл еңбек етіп жүрген кәсіби пошташылардың ерен еңбегін атап өту керек. Өткен жылы пандемия кезінде Президент атынан балаларды құттықтау форматы өзгертілді. Өйткені, қызметкерлерге эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды болғандықтан акцияға қатысушы 3 400-ге жуық қа­зақстандық балаларға сыйлықтарды жеке-жеке жеткізу туралы шешім қабылданды», – дейді Нұрдәулет Қабылов.

Бұл жобаға орталық мемлекеттік органдардан (Президент Әкімшілігі, Білім және ғылым ми­нистрлігі), жер­гілікті әкімдіктерден көптеген адамдар тартылды. Қазпоштаның бұл жобада атқаратын өзіндік рөлі жоғары екенің тағы бір айқындады.

Сонымен қатар, «Қазпошта» АҚ-тың Алматы филиалы – «Алматы поштамты» қаладағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өздері­нің сыйлықтарын жеткізді. Бүгінгі күні  «Қазпошта» қызметі ілгерілеп, заман ағымына сай халыққа қызмет көрсетуде.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы