• Тұрғын үй
  • 15 Сәуір, 2021

Тұрғын үй нарығы қалай өзгерді?

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) зерттеу жұмысын жүргізіп, 2000 жылдан бастап 2020 жылға дейін тұрғын үй құрылысының қалай дамығанын анықтады.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ институты – Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымы, оның қызмет түрлерінің бірі – құрылыстағы баға белгілеу мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу болып табылады.

ҚазҚСҒЗИ мамандары тұрақты негізде құрылыс мате­риал­дарының, конструкция­лардың, сондай-ақ монтаждау жұмыстарының бағаларына мониторинг жүргізеді. Мони­торингке 3000-ға жуық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер қатысады.

ҚазҚСҒЗИ мамандары соңғы 20 жылдағы Қазақстандағы тұр­ғын үй бағасының динамика­сын бақылап, 2000 жылы жаңа құрылыстағы тұрғын үйдің шаршы метрі орташа есеппен 21 мың теңге, ал қайталама на­рықта –  8 мың теңге тұрғанын анықтады.

Бағаның өсуі 2004 жылы бас­тал­ды – жаңа тұрғын үй кеше­н­де­рінде тұрғын үйдің шар­шы метрі 70 мың теңгеге, ал қай­та­лама нарықта  бір шар­шы метр үшін 40 мың теңгеге сатылды.

Бағаның  күрт  өсуі  2007 жылы орын алды: жаңа құрылыстарға бағалар бір шаршы метр үшін 161 мың теңгеге дейін көтерілді, қайталама нарықтағы тұрғын үйлер де қымбаттады – 1 шаршы метр үшін 136 мың теңге.

Тұрғын үй бағасының екінші күрт өсуі 2015 жылы орын алды, жаңа құрылыстарда бір шаршы метр орташа есеппен 258 мың теңге, ал қайталама нарықта бір шаршы метр 190 мың теңге тұрды.

2016 жылдан 2018 жылға дейін қайталама нарықтағы бағаның біршама төмендеуі байқалды.

2018 жылы бір шаршы метр 186 мың теңгеге дейін арзандады, ал жаңа құрылыстарда бағалар әрі қарай өсе берді – бір шаршы метр үшін 267 мың теңге.

Тұрғын үй бағасының күрт өсуі 2019 жылы тіркелді: қайталама нарықтағы бағалар бір шаршы метр үшін 200 мың теңгеге дейін, ал жаңа құрылыстарда 294 мың теңгеге дейін көтерілді, 2021 жылғы қаңтардағы деректер бойынша жаңа үйлердің бағасы 319 мың теңгені, ал бұрын салынғандар – 245 мың теңгені құрады.
Жылжымайтын мүлікті сатып алуға деген дүрлікпе сұранысқа және әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты осы кезеңде құрылыс материалдары бағасының өсуі байқалуда. «Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2004 жылы 2,6 миллион шаршы метр пайдалануға берілді және әрбір келесі жылмен өсім байқалды. 2015 жылы 8,9 миллион  шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің деректері бойынша бұл көрсеткіштер рекордтық 15,3 миллион шаршы метрге жетті.  Құрылыстың жоғары қарқыны мен әлемдік нарықтағы бағалар құрылыс материалдарының қымбаттауына әкелді. Бұл ретте жылжымайтын мүлікке дүрлікпе сұраныс жаңа құрылыстарда да, қайталама нарықта да тұрғын үйдің шаршы метрі құнының рекордтық қымбаттауына алып келді», – деп түсіндірді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Кульбаев.
Жүргізілген зерттеу деректеріне сәйкес, 2020 жылы көп пәтерлі тұрғын үй құрылысының үлесі бойынша мына мегаполистер көшбасшылар қатарында: Нұр-Сұлтан – 33,5%, Алматы – 21,1%, Шымкент – 5,7%. Өңірлердегі көп пәтерлі тұрғын үй құрылысының үлесі мынадай: Маңғыстау облысы – 6,8%, Қарағанды облысы – 4,3%, Ақтөбе облысы – 4,1%, БҚО – 3,2%, Ақмола облысы – 2,9%, ШҚО – 2,9%, Қостанай облысы – 2,8%, Атырау облысы – 2,7%, Павлодар облысы – 2,3%, Түркістан облысы – 2,1%, Жамбыл облысы – 1,8%, Алматы облысы – 1,7%, Солтүстік Қазақстан облысы – 1,6%, Қызылорда облысы – 0,4%  (инфографика).


   Нұр-Сұлтанда монолитті темір бетоннан ғимараттардың 66%-ы, ал кірпіштен – 28%-ы салынған, елорда ғимараттарының арасында басымдықта көпқабатты үйлер бар: 5-9 қабатты ғимараттарға 763 мың шаршы метр тиесілі және 745 мың шаршы метрге 10-19 қабатты үйлер салынған.
Алматыда да монолитті құрылыс басым – 62% және 32%-ы кірпіштен салынған ғимараттар. Оның ішінде 874 мың шаршы метрі  10-19 қабатты жаңа құрылыстарға және 765 мың шаршы метрі  4 қабаттан төмен үйлерге тиесілі.
Ақмола облысында да монолитті құрылыс кеңінен таралған – 53%, ғимараттардың 41%-ы кірпіштен салынған, 333 мың шаршы метрі  4 қабатқа дейінгі үйлерге тиесілі.
Шығыс Қазақстан облысында жаңа құрылыстардың 32%-ы монолиттен, 46%-ы кірпіштен салынған. Олардың ішінде 206 мың шаршы метрі 4 қабатқа дейінгі үйлер, ал 206 мың шаршы метрі  – 5-9 қабатты ғимараттар.
   Өңірлерде керісінше кірпіш үй құрылысы басым: Атырауда ғимараттардың 95%-ы кірпіштен салынған, олардың басым бөлігі 4 қабатқа дейін, Маңғыстау облысында – 71% кірпіштен салынған ғимараттар және 29% монолитті, 4 қабатқа дейінгі ғимараттар басым. Ақтөбеде ғимараттардың 84%-ы кірпіштен және тек 6%-ы ғана монолитті темірбетоннан салынған, сондай-ақ 4 қабатқа дейінгі үйлер басым. Қарағанды облысында кірпіштен және тастан жасалған үйлер 63%-ды, ал монолитті құрылыс – 17%-ды құрайды, бұл ретте ең көп салынғаны – 4 қабатқа дейінгі үйлер.

 ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы