• Қаржы
  • 15 Сәуір, 2021

ӘЛЕМДЕГІ КАРАНТИНГЕ ҚАРАМАСТАН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫТАЙҒА ЭКСПОРТЫ 15%-ҒА ӨСТІ

Былтыр Қазақстан сыртқы саудасының жалғыз үлкен арнасы Қытай болды. Осы елмен сауданың арқасында карантин кезінде сауда балансының профициті төмендеген жоқ. Биыл да Қытайға экспорт көбеймесе, азаймайды.

Былтыр Қытайдың жалпы ішкі өнімі, алдыңғы жылдарға қарағанда төмен болғанымен, біршама өсіпті. Әлемдік банк Қытай экономикасының өсуі 2% болды дейді, Пекиннің өзі болса, 2,3%-ға өсті деп хабарлайды.

Қытайдың Қазақстанның сыртқы сауда саласын­дағы үлесі 2008-2009 жылдар­дағы дағдарыстан кейін тез өсті. Еліміздің Қытай экспортындағы үлесі бір жыл ішінде 14%-дан 18%-ға дейін жо­ғарылады, бұл сан осы уақытқа дейін көбейіп келеді (2020 жыл­дың қорытындысы бойынша 20%). Осы шамада Қазақстан ҚХР-ға жүргізген мұнай-газ құ­бырын толық салып бітірді, өйт­кені Қытайдың бұл шикізатқа сұра­нысы ешқашан азайған емес.

Былтырғы жағдайға келсек, Қытай экономикасы біз­дің тауардың экспортын 15%-ға (барлығы $9 млрд) өсірді, ал керісінше ҚХР-дан Қазақстанға импорт 3%-ға ($6,3 млрд-қа) қысқарған. Қытаймен сауда сальдосы осылайша екі есеге өскен.

Әрине, Қытай экспортындағы бірінші позиция – минералды өнім, оның басым көпшілігі – мұнай мен газ. Экспорт көлемі 2020 жылы $2,7 млрд болды. Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры іске қосылғаннан кейін газ экспорты өсті, жаңа құбыр қазір  Қызылорда мен Түркістан облыстарын да газбен қамтып отыр.

Дегенмен, Қытайға жіберілетін тауардың ішінде біздің металдың салмағы басым. Мырыштың 75%-ы, органикалық химия өнімінің 68%-ы, мыстың 66%-ы, металл кенінің 50%-ы, темір мен болаттың 31%-ы Қытай нарығына кетеді.

Соңғы жылдары біздің ауыл шаруашылығы өнімі де Қытайға кіріп жатыр. Мынадай үлеспен: дәнді дақыл экспортының шамамен 7%-ы, майлы дақылдың 37%-ы, өсімдік майының 46%-ы.

Қытай болса, Қазақстанға тұрмыс затын, тұтыну тауарын жеткізіп отыр, оның ішінде аяқ киім импортының өзі – 63%. Сонымен бірге пластик бұйым­ның 22%-ы, резеңкенің 23%-ы, бейорганикалық химия өнімінің 36%-ы, машина құрастыру сала­сының өнеркәсіп (16%) және электр (34%) машинасынан бастап автомобильге (15%) дейін импортталады.

Қазір Қазақстан экспортының 31%-ын Қытай алып отыр. Жүк транзитіндегі $10-ның $9-ын Қытай береді, яғни шығыстағы мемлекетке кіретін темір жол мен фураның үлесі зор деген сөз. Мысалы, 2020 жылдың тоғыз айында жүк тасымалынан $1,8 млрд, ал 2019 жылы $2,4 млрд пайда түскен.

Транзит саласында бұл ғана емес, Ресейдің «Роснефть» және Қытайдың CNPC компаниясы арасындағы келісімшарт аясында 2014 жылдан бастап біздің мұнай құбырымен Қытайға жылына 10 млн тонна мұнай жөнелтіледі. «Роснефьтпен» келісімшарт 2024 жылға дейін ұзартылды.

 

 

Қытай мен Еуропа, Қытай мен Иран, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы теміржол контейнері транзитінің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы­ның» Қытайға бір жылдық транзит көлемі 24%-ға көбейген, сонымен бірге жалпы транзит Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша 12%-ға, Қытай – Орталық Азия – Қытай – 56%-ға, Қытай – Иран 43%-ға өскен.

Қытай тікелей инвестор ретінде де қазір белсенді қимылға көшті. 

Қытайдың Қазақстандағы ті­ке­лей инвестициясының басты бағыты  – көлік (48%) және тау-кен секторы (20%).

Қытай мемлекеттік компаниялары біздің ұлттық компаниялармен бірлесіп «Азиатский газопровод» (қуаты – жылына 30 млрд текше метр газ) және «Казахстанско-Китайский трубопровод» (Кеңқияқ – Құмкөл, Атасу – Алашанькоу учаскелері; қуаты – жылына 20 млн тонна) серіктестіктерін бақылайды.

«CNPC-Ақтөбемұнай­газ», «Маңғыстаумұнайгаз», NCOC және кен орнын игеретін бірқатар компаниялар Қытай инвесторына тиесілі. KazService қауымдастығының дерегі бойынша, елімізде өндірілетін мұнайдың 17%-ын Қытай компаниялары алады.

Қазақстан уранының үлкен бір тұтынушысы да – ҚХР.  «Қазатом­өнеркәсіп» корпорациясы уран өндіретін «Орталық» ЖШС-інің 49%-ын Қытайдың China General Nuclear Power Corporation корпорациясына сатты.  Бұл корпорация қазір біздің елде жылу бөлетін құрама өндірісі орнын салып жатыр. Осы өндірістің жылына 200 тонна өнімі Қытайға жеткізіліп отырмақ.

Қытайдың тікелей инвестиция­сы еліміздің экономикасының  басқа да секторына ептеп еніп жатыр. Мысалы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда, қаржы секторы.

Қазақстан мен Қытайдың те­міржол басқармалары биыл 25,2 млн тонна жүк тасымалдамақ болып келісіп отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 16,6%-ға жоғары.

– Оның ішінде Қазақстаннан Қытайға 16 млн тонна көлемінде тасымал көлемі келісілді, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 14,6%-ға жоғары. ҚХР-дан Қазақстанға 9,2 млн тонна импорт жеткізіледі, бұл былтырғыдан 20%-ға артық, – деп жазады «Қазақстан теміржолы – Жүк тасымалы» компаниясының баспасөз қызметі.

Сонымен бірге биыл Достық – Алашанькоу шекарасынан 16,4 млн тонна жүк, Алтынкөл – Қорғас шекарасынан 8,8 млн тонна жүк тасымалдау жоспарланды.

Осы жерде еске сала кетейік, жыл басында ҚХР біздің елден шығатын жүкті пандемияға байланысты қабылдамай, шекараны біржақты тәртіппен жапқан болатын. Соның салдарынан тасымал жоспары биылдың алғашқы екі айында 74%-ға ғана орындалған еді. Қазір бұл түйткіл шешілді.

Дегенмен «Қазақстан темір­жолы – Жүк тасымалы» компания­сының үстінен былтырдан бері клиентті тасымалдау және оларға қызмет көрсету саласында міндет орындалмағаны туралы 6 мың шағым түскен екен. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҚТЖ-ның үстінен келіп түскен арыз-шағым бойынша Қытай теміржол әкімшілігіне жеделхат жолдап, жауап күтіп отыр.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

 

835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы