• Бизнес & Қоғам
  • 22 Сәуір, 2021

Басқару реформасы баянды бола ма?

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Мемлекет басшысының өткен жылғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында алға қойылған билік жүргізу жүйесін алмағайып ахуалға бейімдеу жөніндегі тапсырмасы мәреге жетті: «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойылып, оны іске асыру үшін Үкімет іс-әрекет жоспарын дайындайтын болды. Президент тапсырмасымен дайындалған құжаттың көздейтін мақсаты – мемлекеттік басқарудағы сервистік және «адамға бағытталған» үлгіге өту, сөйтіп, «азаматтар мен олардың әл-ауқаты мен игілігін» негізгі құндылықтар мәртебесіне көтеру. Діттеген үдеге жету үшін мемлекеттік аппараттың клиентке бағытталуын құрылымдау, халықтың қажеттілігі негізіндегі белсенді сервистерге өту, мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін арттыру, квазимемлекеттік секторды реформалау міндеттері көзделген.

Тілге тиек етіліп отырған қыркүйектегі Жолдауда, обалы нешік, халықтың мұң-мұқтажын шешуге, әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлініп, бұл орайда «экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек, ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабы міндетті түрде орындалуы тиіс» деп атап өтілген-тін. Осы ретте еліміздің жаңа экономикалық бағдары игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі; жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі; әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу; өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру; адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау сынды басты жеті қағидатқа сүйенуге тиіс-тін. Ал, мемлекет дәйекті шешімдер қабылдауы және сол үшін қоғам алдында жауапты болуы керек. Жолдау­да бұл түйткілдің туындауының төмендегідей себебі берілген-ді. Оған сәйкес негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында. Яғни Қадыр ақын «Кім кінәлі – Тінәлі» дегендей, барлық кінә – заңда! «Біз министрлер мен әкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындатады. Парламент палаталары атқарушы органдардың құзыретіне беруге болатын егжей-тегжейлі баяндалатын нормаларды да қарастыруға мәжбүр болып отыр», делінген-тін Жолдауда. Осы орайда  Президенттің өзі де, сарапшылар да экономика мен әлеуметтік салада қалыптасып отырған қазіргі ахуал үшін бірден-бір жауапты атқарушы биліктің аяғы заңмен тұсалғаны, министрлер мен әкімдер өкілеттіктерінің қаулылармен шектелгені емес, басты кедергі олардың біліксіздігі мен білімсіздігі, моральдық-адамгершілік тәрбиесінің төмендігі болып отырғанын атап айтқан-тын. Сөйтіп,  миллиардтаған теңгенің қаржылық құжаттары қала боп тұрғызылмай, егін боп егілмей, жол болып төселмей, мұрағаттың сарғайған пәпкілерінің санын толтырған стратегиялар мен бағдарламалар, жоба-жоспарлар қатарынан орын теуіп келген-тін. 

Ал, тұжырымдама, бір қызығы, бұған дейін қабылданған, бірақ жолы болмаған осынау тарихи құжаттарға сүйенеді. Атап айтатын болсақ, олар «Әлеуметтік мемлекет: «алдымен экономика, содан соң саясат», «Жалпыға ортақ әл-ауқат мемлекеті» қағидаттары, «Қазақстан – 2030», «2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспар», «Қазақстан әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруіне бағыттал­ған «Қазақстан – 2050» стратегиясы», «2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары». Сондай-ақ «Индустриялық-инновациялық даму», «Елді кешенді цифрландыру» және «Жаңа инфрақұрылым (көлік, тұрғын үй, энергетикалық, әлеуметтік және т.б.) салу» бағдарламалары да осынау мәртебелі саптан орын тепкен. Тұжырымдамада енді мемлекеттік бағдарламалар саны қысқартылып, «Ашық үкімет» бастамаларын енгізу және ықшам, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру басталатыны айтылған. Бұл ретте 2011 жылы мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы, мемлекеттік органдардың бесжылдық стратегиялық жоспарлары, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі, мемлекеттік аудит жүйесі, «А» корпусының кәсіби басқарушылары мен жауапты хатшылар институты енгізілгені айтылып, 2015 жылы елдегі мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын айқындаушы бес институционалдық реформа жария етілгені ұмыт қалмаған. Жоғарыда айтқанымыздай, келтіріліп отырған, саны бар, сапасы жоқ үкіметтік құжаттар Мемлекет басшысы тарапынан қатаң сынға алынған болатын. Осыған орай тұжырымдамада оларға обьективті баға беріліп, кемшін тұстары мен орындалмау себептері көрсетілуі керек еді.

Тұжырымдаманы жүзеге асырудың қорытындысы ретінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекет пен азаматтардың арасындағы коммуникацияны жақсарту, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру секілді жайттар күтілуде. Бұл үшін «тәуелсіз сұрау жүргізумен өлшенетін халықтың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейін арттыру; мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыру» қажеттігі айтылған. Ал, тұжы­рымдама негізгі құндылықтар ретінде қарастырып отырған «азаматтар мен олардың әл-ауқаты мен игілігі» қайда қалған? Еліміздің болашағы үшін орасан зор маңызы бар осынау құжат кезекті бюрократиялық «шедевр» болып қала ма деген қауіп бар.

587 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы