• Бизнес & Қоғам
  • 22 Сәуір, 2021

ТАЛПАҚ ТАНАУДЫҢ БАҒЫ ТӨРТ ТҮЛІКТЕН АСЫП ТҰР

«Бүгін сары атанның арбасында іркілдеген екі үлкен шошқа түк ойламастан келе жатыр. Бауырында тоғыз торайы анасының болжыраған боз емшектерін қомағайлана түрткілеуден басқа ешнәрседен хабары жоқ» деп жазады қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов 1933 жылы «Талпақ танау» деген әйгілі әңгімесінде.

Шығармада шошқаның қазақ ауылына алғаш рет әке­лінуі суреттеледі. «Малдан гөрі итке ұқсайды», «бауыры толған қаз-қатар емшек» деп жиіркен­ген ауыл адамдарының сөзін келтіруден-ақ қазаққа жат хайуанды қоймен қатар («қойға теңемеші кәпірді») бағуды мәж­бүрлеп отырған қызыл сая­сатты астарлы жеткізеді. Колхоз бастығы Сәден «Жаңа жол» колхозына түйелі арбамен әкелген қорсылдаққа «колхоз мүшелері осқырып жақындай қоймады». Әйт­кенмен «іркіт құятын мес се­кіл­ді былқ-былқ еткен» шошқа­ның саны  келесі жылы сол колхозда отызға жетіпті...

...Жақында Ақтөбе қаласы­ның түбіндегі Бестамақ ауылын­дағы шошқа фермасының 70 жұ­мысшысы «өкімет құбыр жүйе­сін жауып тастады» деп наразы­лық білдіріп, аштық жариялады.

«Опечатано» (Мөр басылған) деген жазуы бар есіктерді ашың­дар!» деп олар билікке талап қойып отыр. Облыс өкіметі жағдайға аралас­сын, мәселені шешсін, дейді олар.

Не мәселе бұл?

...Бұл оқиға былтыр қараша айында Ақтөбе қаласының түбіндегі Бестамақ ауылында болған. Ауыл­дың жүз адамы іргедегі шошқа фермасын жабуды талап етіп наразылыққа шыққан екен. Олар­дың сөзіне құлақ түрсек, 2002 жылы ашылған осы мал шаруа­шылығы кешенінде қазір 40 мың бас шошқа бар. Сол шошқа фермасынан шыққан күлімсі, сасық иіс ауылдағы кісі баласын дем алғызбайды екен.

– Бастапқыда фермада түйеқұс өсіреміз деген бұлар. Бірақ шошқа өсірді. Қазір ол хайуанның саны 40 мыңға жетіп, жылына 100 мың шошқа етке өткізіледі. Осыншама хайуан ауылды сасытып тұр. Шошқа фермасы ауыл маңындағы топырақты құртып, суды ластап жатыр, лас су Елек өзеніне құйылып жатыр. Ауылдың іргесінен траншея қазып, шошқаның ұшасын, терісін, қалдығын көміп жатыр, – дейді Бестамақтың тұрғыны Марат Қойлыбаев.

Ферманың құжат жүзіндегі аты да қып-қызыл: «Парижская коммуна – ХХІ». Ал серіктестіктің құрыл­тайшысы – Гайк Тертерян деген біреу.

Жергілікті халықтың нара­зылығы күшейген соң арнайы комиссия құруға тура келген. Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті былтыр күзде арнайы тексеру жасап, әкім­ші­лік істі прокуратура қараған. Ке­шенді тексерген прокуратура шошқа фермасының қалдықтары Бестамақ ауылындағы 13,8 гектар алқапты бүлдірген деп қорытынды шығарған.

Жұмыс тобы тексеру кезінде Бестамақ мал шаруашылығы кешенінің санитарлық-қорғау аймағына ұзындығы 15 метр траншея қазып, оған «Парижская коммуна – ХХІ» ЖШС булан­дырғыш алаңының аумағында орналасқан тұнба тұндырғышқа ағатын сою цехынан шыққан қал­дықтарды көміп, сарқынды сумен толтырғанын анықтаған.

– 3,8 гектар жердің топырақ құнары бүлінгені анықталды. Яғни 5,6 гектар жер қазылып, қатты және сұйық қалдық көмілген. Байбақты өзенінің бойындағы шаруашылыққа арналған жерге құрылыс жұмыстары жүргізілген. Заңсыз қазылған карьер де анық­талды. Сонымен бірге 8 шақырым жер қазылған. Кейбірінің ені 10 метр болады. Құжаттар жиналып, облыстық прокуратураға іс материалдары жіберілді. Залалсыздандыру жұмыстарына бір жылға жуық уақыт қажет, – дейді Ақтөбе облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасы басшысы Абдухат Мырзалин.

Ал экологтар Бестамақ ауылы­ның іргесінен 189 тонна қалдықтың қазылып алынғанын мәлімдеді.

– Тұрғындар арызы бойынша тексеру жүрді. Ол жерге тек ішек-қарын, өлексе ғана емес, тұр­мыстық қатты қалдық, құрылыс материалы да көмілген. Қалдықтың салмағы – 189 тонна. Келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңгеден асады. Тағы бір анықталған жайт, шошқа фермасында 40 мың басты бағып, күтуге рұқсат етілген. Ал мұнда 52 мың шошқа өсірілген. Бұл да – құқық бұзушылық. Осы бағыттағы келтірілген шығын 119 миллион теңге деп есептелді. Қи сақтау және қалдық су төгу заңдылығы сақталмаған. Осы екі бағыттағы жұмысты тоқтатуды сұрап отырмыз. Қалдық судан сынама алынды. Шығын көлемі алдағы уақытта анықталады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша эко­логия департаментінің бөлім бас­шысы Ғасыр Орынбасаров.

Қожалық қоймалары сот ше­шімімен жабылып, шошқа союға түбегейлі тыйым салынды. Шошқа фермасының иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол сотта қаралып жатыр. Ал әзірге эко­лог­­тардың шағымымен эконо­мика­лық сот қожалықтың лицензиясын тартып алды.

Тексеру органдары бұдан соң ферманың құбыр жүйесін бекітіп, мөр басып, суды тоқтатқан. Компания есеп-шотын бұғаттаған. Ал шошқашылар болса, сот шешіміне қарсы.

– Құбырды ашып, бізді жала­қысыз қалдырмас үшін есепшотты бұғаттаудан босатуды, дирек­торды үйқамақтан босатуды сұраймыз, өйткені құжаттың бәрі директордың қолынан өтеді. 9-сәуірде сот орындаушылары келіп, бәріне мөр басып кетті. Облыс әкімі келіп, жағдайды шеш­пейінше аштықты жалғастыра бере­міз, – дейді шошқашылар.

«Парижская коммуна – XXI» ЖШС-інің құрылтайшысы Гайк Тертерян болса Арменияда жүр. Әкімшілік сот шошқа өсіруші осы кәсіпкерге 7 миллиард теңгеге айыппұл салған, ал ол оны әлі күнге дейін төлемеген.

Анықтай келгенде білгеніміз: «Парижская коммуна – XXI» кәсіп­орнының бүкіл Қазақстанда, Арменияда, Ресейде «Байгер» атты брендімен фирмалық дүкендер желісі бар екен. Шошқа еті негі­зінен Армения мен Ресейге экспортталады екен. «Парижская коммуна – XXI» фирмасының жылдық түсімі – 4,5 млрд теңге. 2019 жылы шошқа етінің 357 тоннасын экспорттаған. Айта кету керек, бұл фирма Қазақстандағы шошқа етін экспорттайтын он ірі компанияның қатарына кіреді.

Тағы бір анықтаған дүниеміз: шіріген миллионер Гайк Тертерян кезінде Ақтөбенің үлкен бір базарының қожайыны болыпты, баласы Мгер Тертерян – қазір Армения премьер-министрінің кеңесшісі.

Қазақстанда шошқа шаруа­шы­лығына 2000 жылдардың басынан ерекше көңіл бөлінді. Мол субсидия беріле бастады. Қазір де аз емес, асыл тұқымды шошқа сатып аламын десең, әр басына  140 000 теңгеден субсидия беріледі (салыстыру үшін: жылқы малына мемлекеттен ешқандай субсидия берілмейді).

2019 жылы елімізде шошқа саны миллион басқа жақындапты (970 мың). 2020 жылы 2,2%-ға азайып, 950 мың бас шамасында болған.

P.S.

...«Талпақ танау сенімді қор­сылдайды» деп жазады сол әңгі­месінің соңында қайран Ғабең –  Ғабит Мүсірепов.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы