• Қаржы
  • 29 Сәуір, 2021

Іскерлік белсенділік қалпына келе бастады

Ұлттық банк 26 сәуірдегі шешімінде негізгі мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/-1 п.т. сақтай отырып, жылдық 9,00%-дық деңгейде қалдырды. Бұған нақты инфляцияның шамалы баяулауына қарамастан проинфляциялық факторлар әсерінің сақталып отырғандығы, мұнай нарығындағы тұрақсыздық, әлемде коронавирустық инфекциямен байланысты белгісіздіктің сақталуы жағдайында сыртқы және ішкі инфляциялық қысымның артуы, бағаның көтерілу тәуекелдерінің өсуі негіз болды.

 Бағаның өсу тәуекелдері электр энергиясына тариф­тердің өсуіне, бензин ба­ғасының жоғарылауына, мемлекеттік бюджет өлшем­дерін нақтылауға, азық-түлік тауарларының сыртқы баға­лары өсуінің жалғасуына, саудадағы әріптес елдерде инфляцияның жеделдеуіне және COVID-19-ға қатысты вакциналаудан туындаған түйткілдер аясында әлемде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлай түсу мүмкіндігіне байланысты, деп хабарлай­ды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Жылдық инфляция серпіні Ұлттық банктің бағалауынан төмен қалыптасуда. Өткен наурыз айының қорытынды­сы бойынша ол ақпан мен қаңтардағы 7,4%-бен салыс­тырғанда 7,0%-ға дейін тө­мендеді. Азық-түлік бағасы – жылдық өсу қарқынының биыл ақпандағы 11,6%-дан наурызда 10,7%-ға дейін баяулауына қарамастан, инфляцияға негізгі үлес қосып отырған басты құрамдас. Азық-түлік тауарларының құрылымында азық-түлік өнімдерінің басым бөлігіне бағаның жылдық өсу қарқынының баяулауы байқалады.

Бұл көбінесе сұраныстың артуы және жеткізілімдердің азаюы жағдайында бағаның айтарлықтай өсуі байқалған 2020 жылдың жоғары базасымен түсіндіріледі. Бұл ретте жекелеген тауарлар (күнбағыс майы, жұмыртқа) құнының жылдық өсуі жалғасуда.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы биыл ақпандағы 5,2%-дан наурызда 5,6%-ға дейін жеделдеген. Бұл негізінен киім-кешек, аяқ киім және бензин бағасының көтерілуіне байланысты. Бұған дейін азық-түлікке жатпайтын инфляцияға негізгі тежеуші әсер еткен осы тауарлар болатын.

Ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны төмендегені байқалады. Бұл тұрғыдағы инфляция өткен жылғы желтоқсандағы 4,2%-дан биылғы наурызда 3,7%-ға дейін баяулаған. Төмендеудің негізгі факторлары реттелетін коммуналдық қызметтерге жылдық дефляция және тұрғын үйді жалдау мен көлік қызметтері бағасының жылдық өсу қарқынының баяулауы болып отыр.

Базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары инфляциялық үдеріс­тердің нысаналы дәлізден басым түрде жоғары қалыптасып отырғанын көрсетеді. Экономикада жекелеген азық-түлік тауарларына жоғары баға өсуі әлі де сақталып келеді, ал азық-түлікке жатпайтын кейбір тауарлар мен қызметтерге бағаның өсу серпіні тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келіп жатқанын көрсетеді.

Инфляциялық күтулер өсе түсуде. Өткен наурызда бір жылға инфляцияны сандық бағалау 6,9% болды (ақпанда – 6,7%). Келесі 12 ай ішінде бағаның қазіргі өсуі сақталады немесе барынша жылдам өседі деп күтетін респонденттердің үлесі 44%-ға (ақпанда – 42%) артқан.

Ұлттық банк ішкі экономикадағы ахуал біртіндеп жақсарып, өз болжамдарына сәйкес дамып келе жатқанын хабарлайды (2021 жылы өсім – 3,4-3,7%). Ел экономикасы биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жылдық мәнде 1,6%-ға қысқарды. Ішкі жалпы өнімнің қаңтардағы төмендеуінен кейін ақпанда экономиканың қысқару қарқыны баяулаған болса, наурызда өсу аймағына өтті. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік сектор салалары тұрақты өсім көрсетті. Ішкі жалпы өнім өсіміне тау-кен, сауда және көлік салалары үлес қоса алмады.

Экономикалық белсенділік біртіндеп қалпына келе бастады. Ұлттық банктің кәсіпорындарға жүргізген сауалнама қорытындысы нақты секторда көңіл-күйдің жақ­сарғанын көрсетеді. Мәселен, нау­рызда іскерлік белсенділік индексі 2020 жылдың басынан бері алғаш рет 50 белгісінен асып, 50,6 болды. Өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділіктің қалпына келуі байқалса, құрылыста керісінше, төмендеу үрдісі жалғасып, көрсеткіш 0,9 тармаққа төмендеген. Сонымен қатар сауалнамада кәсіпорындар бизнесті жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өткен.

Биыл қаңтар-ақпанда халықтың нақты кірісі оң серпінді көрсетіп, 3,3%-ға өскен. Бұл негізінен нақты жалақы мен зейнетақы өсуінің сақталуына байланысты.

Коронавирустың  қайта  өршуі  әлемнің  көптеген елдерінде шектеу шараларының күшеюіне әкелді. Осы ретте жаһандық нарықтағы ахуал әлі де белгісіз күйінде қалып отыр. Дегенмен жүргізіліп жатқан вакциналау және қосымша қаржылық ынталандыру шаралары аясында бірқатар елдер әлемдік экономиканың өсу мүмкіндіктерін бұрынғы болжамдағыдан әлдеқайда жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде. Халықаралық валюта қоры биыл әлемдік экономиканың өсу болжамын 5,5%-дан 6,0%-ға дейін, оның ішінде Қазақстанның саудадағы әріптес елдері экономикасы арасында: Еуропалық одақ бойынша 4,2%-дан 4,4%-ға, Қытайда – 8,1%-дан 8,4%-ға, Ресейде – 3,0%-дан 3,8%-ға дейін көтерді. Сонымен бірге биылғы қазандағы бағалауымен салыстырғанда, ХВҚ Қазақстан экономикасының өсуін 3,0%-дан 3,2%-ға дейін қайта қарады.

Өнеркәсіп – коронадағ­да­рыс кезінде де өсудің негізгі драй­вер­­лерінің бірі болып қалып отыр. Бұл ретте әлемдегі тұрақсыз эпи­де­миологиялық ахуал мен ковид­тың жаңа штамдарының пайда болуына, дамыған елдердегі инфляцияның жеделдеуіне, сондай-ақ геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты әлемдік сұраныстың неғұрлым баяу қалпына келу тәуекелі сақталуда.

Жаһандық азық-түлік нарық­тарында баға өсіп келеді. Қатарынан он ай бойы тоқтаусыз өскен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымы (ФАО) азық-түлік бағаларының индексі биыл наурызда 2014 жылғы маусымнан бергі ең жоғары мәнге жетіп, 118,5 тармақ болды. Бұл өсімдік майларының, ет және сүт өнімдерінің қымбаттауына байланысты.

Қазақстанның саудадағы әріптес елдерінде инфляциялық үдерістердің жеделдеуі байқалады. Қытайда екі айлық дефляциядан кейін бағаның өсуі қайта басталды. Биылғы наурыз­дың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 0,4% болды. Сол айда Еуроодақта бағаның өсуі 1,7%-ға дейін жеделдеген. Ресейде сұраныстың кеңеюі жағдайында инфляциялық қысымның жо­ғарылауы аясында жылдық инфляция жеделдеп, 5,8% деңгейінде қалыптасты.

Инфляциялық қысымның өсуі аясында Ресей, Түркия, Бразилия, Украинаны қоса алғанда, жекелеген дамушы елдердің орталық банктері өткен наурыз айында монетарлық талаптарды қатаңдатты. Жылдың басынан бері Ресейдің Орталық банкі негізгі мөлшерлемені 4,25%-дан 5,0%-ға дейін екі рет көтерді.

Қазіргі таңда әлемдік мұнай на­рығындағы жағдай жаһандық вакциналау бағдарламалары мен негізгі елдердегі ынталандыру топтамаларын қолдау аясында жақсарып келеді. Brent сұрыпты мұнайдың бағасы сәуірдің басынан бері барреліне 62 АҚШ долларынан жоғары болып тұр. Бұл жерде тұтынудың жеделдеуі аясында мұнай тапшылығының қалыптасуы қосымша қолдау факторы болып отырғаны атап өтілген.

Тұтынудың тез қалпына келуін ескере отырып, халықаралық ұйымдар өз болжамдарын сәл жоғарылатты. EIA бағалауы бойынша, биыл Brent сұрыпты мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 62,3, 2022 жылы – 60,5 АҚШ доллары болады. Мұнай нарығының болашақтағы дамуының негізгі тәуекелдері коро­навирустың әрі қарай өршуі иә басылуына орай қалыптасатын эпиде­миологиялық жағдайға, ОПЕК+ өнді­рісінің өсу қарқынына және Иран экспортының әлеуетті ұлғаюына байланысты болмақ.

Ұлттық банк сыртқы және ішкі проинфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, жылдық инфляцияның одан әрі баяулауы барынша бәсең болуы мүмкіндігін алға тартады. Күтіліп отырған электр энергиясына тарифтердің өсуі және республикалық бюджет шығысының негізінен Ұлттық қордан 850 млрд теңге сомаға қосымша нысаналы трансферт бөлу есебінен ұлғаюы болжамның жаңа шарттары болып табылады, сондай-ақ қысқа және орта мерзімді кезеңде инфляция өрісіне әсерді бағалауды талап етеді.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы