• Қаржы
  • 29 Сәуір, 2021

ӘЛЕМДІК БАНК ЖҮЙЕСІНЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰР

Цифрлы валюта толық енгізілсе, қазіргі банк жүйесі қирап қалуы мүмкін

 

Цифрлы валютаны жаппай енгізу әлемдік банк жүйесіне елеулі әсер етуі мүмкін, тіпті оның қирап қалуына әкеліп соқтырмақ. Уолл-стрит банкілері сарапшыларының сөзіне сүйене отырып, америкалық CNBC бизнес телеарнасы осылай деп топшылайды.

Біршама елдің орталық банкі цифрлы ақшаға қызығушылық танытып жатыр, әйткенмен бұл жаңашылдық әлемдік қаржы жүйесін істен шығарып тастауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл дәстүрлі банк пен финтех-стартаптың клиент депозитін жоғалтып алуы қаупін туғызады, сонымен бірге цифрлы валютаны пайдалану барысында құпия операциялар мен клиент құпияларының ашылып қалуы проблемасы бар.

Нью-Йорктегі америкалық қаржы конгломераты Morgan Stanley-дің берген есебінде әлем­нің орталық банктерінің 86 пайы­зы цифрлы валютаны зерттеп келеді. Осылардың 60 пайызы тұ­жырымды тексеру тұрғысында жұмыс істейді, тек 14 пайызы ғана пилотты бағдарламаны іске қос­қан немесе оны әзірлеу сатысына шыққан.

Жақында ресейлік Орталық банк цифрлы валютаны енгізу жоспарын ұсынды. Цифрлы рубль банктерде ашылған арнайы әмияндарда сақталады, оған жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да ие бола алады. Прототипті келесі жылы тесттен өткізбек.

Осыған ұқсас жоспар бірнеше елде бар. Мысалы, Ұлыбритания өзінің цифрлы валютасын жасап шығарғысы келді: Ұлыбритания қазынагері мен Англия банкі мәселені түбегейлі зерттеу үшін жұмыс тобын құрды.

Қытайдың бұл салаға білек сыбанып кірісіп кеткеніне біраз болды. Пекин өзінің сараптама үлгісін ашып берді: оған үңілсек, пекиндіктер дәстүрлі ақшадан уақытша цифрлы юань пайдасына бас тартатын болса, осы үшін оларға мол өтемақы берілмек. 

Жапония банкі болса, өзінің цифрлы валютасын жасап шығару мүмкіндігін зерттеу үшін сараптама жасаудың алғашқы кезеңін бастап кетті.

CNBC мәліметіне сүйенсек, АҚШ банктеріне цифрлы доллар енгізуге әлі бірнеше жыл бар. Федералды резервтік жүйе (ФРС) функциясын атқаратын америка­лық Орталық банк Массачусетс технологиялық институтымен бірігіп цифрлы доллар жобасын жасап жатыр. Бірақ жүзеге асыра қоюға асықпайды. Деген­мен, әлемнің көп елінің – Қытайдан бастап Багам аралдарына дейінгі елдердің орталық банкілері келешекте қолма-қол ақшаны ауыс­тыратын құрал ретінде цифр­лы ақшаға көңіл қойып отыр.  Халықаралық есеп айырысу бан­кінің 2020 жылы жүргізген сауалнамасы көрсеткендей, әлемдегі орталық банктің бәрі цифрлы валютамен, аз да болса, тәжірибе жасап көрген.

 

 

 

Орталық банктердің цифрлы валютаны жақтаушы мамандары оның бірқатар артықшылығын айтады. Атап айтқанда, банк жүйесінен тыс тұрған клиент қаржы жүйесін өзі қадағалай алады және цифрлы әмияндарға тікелей аударым жасау кезінде төлем жылдамдығы да тез өседі дейді.

Цифрлы доллар, – деп жазады CNBC, – биткоин мен эфир сияқты криптовалютаға ұқсайды, бірақ олардан өзгеше. ФРС цифр­лы валютасы қағаз доллар сияқты жұмыс істейтін болады. Morgan Stanley-дің бас экономисі Четан Ахья клиенттерге берген есебінде орталық банк цифрлы валютаны енгізсе, қазіргі қаржы жүйесінің істен шығып қалуы мүмкін деп болжайды. «Цифрлы валюта неғұрлым кеңінен жайылса, инновация мүмкіндігі соғұрлым көп болады, ал ол қаржы жүйесінің бұзылып қалуына соғұрлым көп қауіп төндіреді», дейді Ахья.

Халықаралық валюта қоры­ның (IMF) басқарушы директоры Кристалина Георгиева Дү­ниежүзілік банк өкілдерімен кездесуде сөйлеген сөзінде «цифр­лы ақшаның жаңа формалары» «кедей елдердің дамушы экономикасына» тың серпін береді, деп атап өтті. Бұл жүйенің басты бенефициары пандемияға байланыс­ты оқшауланып қалған адамдар болуы мүмкін, дейді ол.

Дегенмен цифрлы валютаға сенбейтін скептиктер аз емес. «Цифрлы ақша бәйгесі әлі жал­ғасып келеді. Кейбір сарапшылар «бұл – ғарышты игерудің жаңа бәйгесіне немесе цифрлы валю­таның қырғи-қабақ соғысына ұқсайды» деп жатыр. Біздің ойымызша, бұл салада жоғалтқаннан гөрі тапқанымыз әлдеқайда көп болатын сияқты», деп жазады Citigroup халықаралық қаржы кон­гломераты өзінің есебінде.

Былтыр цифрлы юаньды іске қосқан Қытай цифрлы валюта ен­гізген көшбасшы ел болып шыға келді. Америкалық кейбір банкир Қытайдың бұл серпіні долларды әлемдік резервтік валютадан шығарып тастауы да мүмкін деп санайды. Bank of America өзінің есебінде цифрлы доллардың енгізілуі америкалық валютаның «жоғары бәсекеге қабілетті болып қалуға» мүмкіндік табатынын жазады.

ФРС төрағасы Джером Пауэлл америкалық CBS телеарнасына берген сұхбатында цифрлы долларға барар жолда саяси шешім қабылдау керек екенін атап айтты. Оның пікірінше, соңғы шешім қабылданғанға дейін «мұның өзі біз қызмет көрсететін клиентке пайдасы тие ме?» деген сауалға жауап табылуы керек.

Банк саясаты институтының бас директоры Грег Баер «ФРС әсіре сақ болып отыр» деген ой айтады. Ол ФРС-тің бұл сақтығы цифрлы валюта тарапындағы Еуропалық орталық банктің іс-қимылына қайшы әрекет екенін атап өтті. Еуропалық орталық банк britkoin жобасын жүзеге асырмақ. Бұл банктерді бір-бірімен байланыстырады, олардың цифрлы валютадағы шоттарына делдал болады деп отыр.

– Бриткоин фунттың құнына қосылатын болады. Бұл Ұлыбри­танияның технологиялық секторына неғұрлым мол инвестиция келуіне және халықаралық биз­нестің транзакциялық шығынын азайтуға әсер етуі мүмкін, – дейді Equals Money-дің халықаралық бизнес төлемі жөніндегі маманы,  бас экономист Джереми Томсон-Кук.

Ол алдағы он жылда, стихиялы шығынды қоспағанда, барлық төлем онлайн режимінде болады деп кесіп айтады.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

730 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы