• Бизнес & Қоғам
  • 13 Мамыр, 2021

«Тұмардың» үздіктері анықталды

Нұр-Сұлтанда «Тұмар-2021» ұлттық телевизиялық сыйлығы иегерлерінің есімдері белгілі болды. Биыл бәйге бесінші мерейтойын атап өтуде.

Нұрлан ҚҰМАР

Қатысушылар тізіміне қазақ­стандық телеарналарда 2020 жы­лы жарық көрген телевизиялық жобалар енді. Сыйлыққа қатысу үшін редакциялық коллективтер мен тележурналистерден барлығы 250 өтінім келіп түсті. Шорт-параққа 10 номинация бойынша 40 жұмыс енді. Лауреаттар әділ­қазылар мүшелерінің жабық дауыс беруі арқылы ұсынылған материалдарды кәсіби бағалау нәтижелері бойынша анықталды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева: «Биылғы бәйге Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтуде. Өздеріңіз куә, осы 30 жыл ішінде ел дамуымен бірге – ұлттық БАҚ, соның ішінде телевизия саласы үлкен өзгерістерден өтті. Қарқынды дамып, нәтижелі биік­терді бағындырды. Бұл, әрине, ең алдымен Тұңғыш Президент – Ел­басымыздың ақпарат саласында қалыптастырған оң саясатының нәтижесі. Ел басшылығының ұдайы қолдауының арқасы. Өткен 2020 жыл еліміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Әлемдік пандемия басталғанда – тілшілер қауымы, соның ішінде тележурналистер қауіп-қатерге қарамай алғы шептен көрінді. Күн-түн демей жұмыс істеп, халыққа шынайы ақпарат жеткізді».
Жеңімпаздар телевизиялық өнер саласындағы ең жоғары жетістіктері үшін «Тұмар» мүсін­шесінің және 1 миллион теңге көле­мін­дегі ақшалай сыйақының иегері атанды. Іс-шара санитарлық қауіп­сіздік нормаларын сақтай отырып, жабық форматта өтті. Панде­мия кезінде үздік ақпараттық қолдау көрсеткен үшін арнайы сыйлық «Хабар 24» телеарнасына табыс­талды.
«Atameken Business» телеар­насынан Руслан Идрисов «Үздік теле­журналист», «КТК» телеар­насынан Камила Жүсіпова «Үздік теле­жүр­гізуші», «JOL» – «НТК» теле­ар­насы «Үздік ре­жис­­серлік жұмыс» аталымдары бойынша үздік шықты.
«Тұмар» ұлттық телевизия­лық бәйгесі 2017 жылы Ақпарат және қоғамдық даму минис­тр­лі­гінің бастамасымен құрыл­ған. Сыйлықтың басты мақсаты – сапалы қазақстандық теле­визияны дамыту және ілгері­лету, телевизиялық контент өндірісінде талантты мамандарды қолдау және оның ең мықты өкілдерін мадақтау.

713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы