• Қаржы
  • 06 Мамыр, 2021

Ең ірі салық төлеушілер

Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне түсетін салық түсімдерінің үштен бірі шетелдік қатысуы бар 30 ірі компанияға тиесілі. Бұл туралы мақала өздерін Ranking.kz компаниялар тобының серіктесі санайтын finreview.info сайтында жарияланған. «Шетелдік асыраушылар: 30 ірі салық төлеушілер» деп тақырыбы айқайлап тұрғанындай, бұл шолу расында көпшіліктің назарын өзіне аударды.

Әңгімені жарияланым: «Коронави­рустық пандемия эпидемиологиялық індетке тап болған елдер үшін ғана емес, үлкен қауіпке айналды. Бұл экономиканың көптеген салалары үшін жаһандық стресс-қатер, оның салдарымен бизнес көлеміне қара­мастан бүкіл әлем бойынша компания­лар тап болды. Қазақстанда COVID-19-дың теріс әсері ұлттық валютаның әлсіреуімен және мұнай кірістерінің күрт төмендеуімен күшейе түсуде» (сайт жазбаларын өзгеріссіз жариялап отырмыз – ред.) деп, қобалжумен бастайды.

Бірақ одан әрі оқыр­мандарды сабырға шақырған сыңай да танытады. «Пан­демияның салдарын жеңу үшін Үкімет экономиканы қолдаудың әртүрлі құралдарын, соның ішінде салықтық құралдарды іске қосты. Бұл таңқаларлық емес, өйткені компа­ниялардың едәуір бөлігі өз тауарлары мен қызметтеріне сұраныстың төмендеуін және нәтижесінде пайданың күрт төмендеуін бастан кешуде. Сондықтан салық міндет­темелерін икемді басқару, әсіресе экономикалық қиындықтар жағ­дайында, кез-келген компания үшін маңызды міндеттердің біріне айналады», деп шегелейді сайт.

Сонымен, finreview.info талдаушылары 2020 жылғы Қазақстанның отыз ірі шетелдік салық төлеушілерінің рейтингін ұсынады. Солардың пайымдауынша, бір жыл ішінде Қазақстанда шетелдік қатысы бар компаниялар саны 10%-ға өскен (1-инфографика).

2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша елде шетелдік қатысуы бар 22,6 мың компания жұмыс істеген-ді. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 2,1 мың бірлікке өсіпті.

Көбінесе шетелдік компаниялар көтерме және бөлшек сауда саласына жұмыл­ды­рылған – мұнда 8,8 мың кә­сіп­орын жұмыс істейді екен. Бұдан әрі шетелдік бизнес­мендер басымдық берген танымалдығымен ерекшеленген  салалар қатарында 2,4 мың компания жұмыс істейтін құрылыс секторын және жұ­мыс істеп тұрған 1,7 мың кә­сіп­орны бар кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет салаларын  атауға болады.

Бюджетке түсетін барлық салық түсімдерінің үштен бірін отыз ірі шет­елдік компания қамтамасыз ететін көрінеді. «Асыраушылар» аталуының да басты гәбі осында жатса керек. (2-инфографика).

Тұрақты бес жылдық өсім­нен кейін мемлекеттік бюджетке салық түсімдері те­ріс динамикаға көшіпті. 2020 жыл­дың қорытындысы бойынша төленген салықтардың жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 7,1%-ға төмендеген.

Ақшалай түрде бюджет 8,6 трлн теңгеге толыққан. Бұл төлем­дердің үштен бірі ірі шет­елдік компания­лардың отыз­дығына тиесілі.

Дәстүрлі түрде салық тү­сімдері­нің негізгі бөлігін ком­паниялары рейтингтің 30 жолының 13-інде орна­ласқан мұнай-газ секторы қалып­тастырады. Бұл компания­лардың үлесіне отыз ірі шет­елдік салық төлеу­шілердің барлық төлемдерінің 72%-ы немесе 1,9 триллион теңге тиесілі.

Бұдан әрі рейтингке темекі саласының компаниялары кірген, онда үш ірі шетелдік – Джей Ти Ай Қазақстан, Филип Моррис Қазақстан және Бритиш Американ Тобакко Қазақстан Трейдинг – жұмыс істейді. Олар 276,8 миллиард теңге салық төлепті.

Темекі саласынан кейін металлургия саласы орналасқан. Олардың салық аударымдары жиынтығында 217,4 миллиард теңгеге жетіпті.

Рейтингке сондай-ақ құрылыс саласының, теле­коммуникацияның, банк секторының, алкоголь және алкогольсіз өнімдер өнді­рісінің, ин­женерияның өкіл­дері кірген.

Иса ҚАМБАР

1065 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы