• Қаржы
  • 13 Мамыр, 2021

Жыл соңына дейін бензин әлі қымбаттайды

Екі ай бұрын елде жанармай қымбаттады. Мәселен, АИ-92 бензині шамамен 13-19 теңге айналасында өсті. Энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі, осы саладағы сарапшы Олжас Байділдинов наурыз айының соңындағы бағаның өсуін бірқатар факторға, оның ішінде валюта бағамына, инфляцияға байланысты деп түсіндіреді. 

Тәуекел Бақаш

– Баға былтыр өсуі керек еді. Былтыр бензин өзіндік құнынан төмен сатылды. Мысалы, шикі мұнай біздің мұнай өңдеу зауыттарына барреліне $30 шамасында, яғни әлемдік бағадан екі есе төмен бағамен жеткізіледі. Егер шикі мұнай баррелін литрге ауыстырсақ, қазақ мұнайының бір литрі әлемдік нарықта шамамен 170 теңге тұрады, ал бензин қазір литріне кемі 165 теңгеден сатылып жатыр. Яғни, дайын өнім шикізатқа қарағанда арзан. Ал мұнай кез келген тауар сияқты өзіндік құн­ға ие және ол жыл сайын валюта бағамына, инфляцияға, соның ішін­де жалақының өсуіне байланысты өсіп келеді. Өйткені, мұнай саласындағы сервис мұны мезгіл-мезгіл талап етіп отырады, – дейді Олжас Байділдинов.
Қазақстан арзан бензин бойынша топ-10 елдің қатарына кіреді. Дәлірек айтқанда 8-орында тұр, дейді сарапшы. Қазақстанмен көршілес елдерде бензин орташа есеппен 60-100 теңгеге қымбат. Мысалы, Ресейде жыл басынан бері АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы 3%-ға, яғни 270 теңгеге дейін өскені байқалады.
– Қазір мұнай бағасы біртін­деп өсіп келеді, бірақ жанармай мен энергия ресурсының бағасы бірқатар өнімге қарағанда көп өспегенін атап айту керек: жұмыртқа, күнбағыс майы, ет және тағы басқасына қарағанда. Әрине, мұнай бағасы азық-түліктің баға деңгейін анықтайды, өйткені мұнай – экономиканың қан айналымы жүйесі, бұл стратегиялық өнім, ал оны ауыстыра алатын ештеңе жоқ, – дейді Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры, экономика ғылымының докторы Әкімжан Арупов.
Пандемиядан туған дағдарыс бірқатар тауардың, соның ішінде жанармай бағасын көтерудің себебін туғызды. Былтыр экономиканың көп секторы құлдырауға ұшырады: шағын және орта бизнестің кейбіреуі тоқтап қалды, ал олардың көпшілігі ғимарат пен үй-жайды жалға алу үшін ақы төлейді, жалақы төлейді (ішінара болса да).
– Кәсіпорындарға тек салық жеңілдігі берілді, бірақ салық төлеуден босатылған жоқ. Нәти­жесінде, былтырғы, биылғы шығынды өтеу үшін кәсіпкерлер тауары мен қызметінің бағасын біртіндеп көтере бастады. Бұл – табиғи  жағдай. Жанармай баға­сының өсуі де осы жүйеге байланысты болды, – деп түсіндіреді экономист.
Сонымен бірге Қазақстандағы бензин бағасының әлемдегі ең төмен бағаның бірі екенін де ұмытпауы керек екенін айтады ол.  
– Бұл көрсеткіш бойынша біз Венесуэламен, Иранмен және т.б. елдермен бірге алғашқы ондықтың ішінде тұрмыз. Біз жанармай бағасы жоғары елдің ортасында отырғанымызды ескере отырып, ерте ме, кеш пе, бәрібір бағаны көтеруге барар едік, – дейді экономика ғылымдарының докторы.
 

Дейді сарапшылар әлемдік экономикалық жағдайды зерттей отырып

Оның пікірінше, әлемдік экономикалық дағдарыстың жалғасуы және жаһандық нарық­тағы бәсекенің күшеюі халық­аралық экономикалық қаты­нас­тың қалыптасқан жүйесін бұзады.  Ірі халықаралық экономи­калық ұйымдар енді өз функциясын толығымен орындай алмайды және жаһандық ірі корпорациялар жаңа нарықтық қатынасты өз бетінше құра бастайды. Бұл – бір. 
Екіншіден, ғылыми-техни­калық прогрестің ықпалымен әлем өзгеріп жатыр. Қазір Tesla, Amazon, Apple, Google және т.б. сияқты технологиялық алыптар экономикаға ықпал етеді, ал 15-20 жыл бұрын болса, мұнай-газ консорциумы көшбасшы болатын. Болашақ қазір жер қойнауынан ресурс өндіретін корпорацияға емес, жасанды интеллект негізінде өндіріс құруға мүмкіндік беретін техника, технология және сол тараптағы өнім шығаратын компанияларға тиесілі.
– Үшінші фактор – коронавирус. Меніңше, COVID-19 – нарық үшін күрестегі негізгі құралдың бірі. Ол бүкіл әлемдік экономикаға әсер етті, әсер етіп те жатыр және бірқатар елдің одан қатты зардап шеккенін көріп те  отырмыз, – деп түсіндірді Әкімжан Арупов.
Пандемия факторы былтыр мұнай нарығында бұрын-соңды болмаған жағдайды қалыптастырды: 2020 жылдың сәуірінде сұраныстың күрт төмендеуіне байланысты мұнай фьючерсі минуске кетті.  
– Экономикадағы мұндай жағдай тіпті теорияда да зерттелмеген. Іс жүзінде біз алғаш рет жаһандық деңгейде осындай жағдайға тап болып отырмыз, - дейді ол.
– Бензин құнының мол үлесін салық пен акциздік алым алады, – дейді сарапшы Олжас Байділ­динов. 
Оның есептеуінше, Ресейде салық пен акциздік алым шамамен - 65% болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен - 55%. Осы айырмашылықтың арқасында алдағы жылдары біздегі баға ресейлік деңгейге көтеріле қоюы екіталай деп ойлаймыз. Дегенмен ЕАЭО шарты аясында кез келген жағдайда біздің жанармай өндіруші өнімнің құнын көтеруге мәжбүр болатын сияқты.
– Биыл АИ-92 бензині бір литрінің бағасы 190 теңгеден әрі өседі деп ойламаймын. Литрі 180 теңге шамасында тоқтайды. Алдағы жағдайға келетін болсақ, мұнда бір нәрсені дәл болжау қиын. 2025 жылға қарай ЕАЭО келісімі аясында біздің елдер мұнайдың, газдың және өзге де мұнай өнімінің бірдей бағасына көшуі тиіс екенін естен шығармағанымыз жөн, – дейді сарапшы Олжас Байділдинов.

1044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы