• Қаржы
  • 06 Мамыр, 2021

ҚАЙ БАҒЫТҚА ҚАНША ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ?

Ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып, биылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамына нақтылау енгізілді. 

Мәжілісте қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын түсіндірді. Нақтылау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын, Мемлекет басшысының стра­тегиялық бастамалары мен тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз етуге, сондай-ақ COVID-19-бен күресуге бағытталған.
– 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, республи­калық бюджет түсімдері 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде болжанып отыр, яғни 149 млрд теңгеге өскен, – деді министр Мәжі­лістің жалпы отырысында. 
Оның айтуынша, рес­публикалық бюджет шығыс­тарының көлемі 1,3 трлн теңгеге артып, 15,3 трлн теңгені құрайды. Нақтылау жобасында қаражатты бір­неше бағыттар бойынша бөлу көзделген. Бірінші, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында жалпы 884 млрд теңге сомасы есебінен жол салу және реконструкциялау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және «Ауыл – ел бесiгi» арнайы бағдарламасы шеңберінде ауылдарды жаңғырту бойынша шаралар қабылда­нады. Екінші, коронавирус инфекциясымен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды қаржыландыруға 265 млрд теңге қарастырыл­ған. Үшінші бағыт – Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылдан­ған міндеттемелерді орындау. Бюд­жетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік бағыттылығы сақталған, ал нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұл туралы бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Қаржы министрі оның 723 млрд теңге сомасында едәуір үлкен бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталғанын айтты. 
– Бұл бағытты ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына мультипликативтік әсер ететін болады. Нәтижесінде осы саланың шығыстары 2,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстар көлемінің шамамен 16% көлемінде жоспарланып отыр. Бюджеттің әлеуметтік саласы жалпы алғанда 374 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7% құрайды. Күш құрылымы шығыстары 211 млрд теңгеге өсіп, 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған. Жалпы мемлекет­тік шығыстар 80 млрд теңгеге қыс­қартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл блок шығыстарының азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты. Қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін атап өту қажет. Олардың жалпы сомасы 539 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млрд теңге, – деп түсіндірді министр Е. Жамаубаев.
Биыл жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5 пайыздан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6 пайызға дейін жетті. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындал­ды. Дүниежүзілік банк пен Ха­лықаралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі биыл 4,3% және 6% құрайды. Осыларды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8 пайыздан 3,1 пайызға дейін жақсарды. Яғни, экономикалық өсім қалпына келу сатысында болады.

829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы