• Бизнес & Қоғам
  • 19 Мамыр, 2021

3D технологиясымен өнім шығаруда

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы   аясында жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы жалпы құны 336 миллион теңгені құрайтын 80 жоба мақұлданды. Мемлекеттік қолдауға ие болған озық гранттық жобалардың бірі – 3D технологиясын қолданатын трансформатор кернеуін айырып-қосқыш өндірісі. 

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

– Қазіргі таңда жоба бойынша жоспарланған шаралар атқарылуда. Қажетті жабдықтар мен материалдар сатып алынды. Сынақ жасауға үлгілер жинақталып, жаңа 3D принтерлер іске қосылды. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-мен арадағы келісімшартқа сәйкес күніне 40 дана кернеу ажыратқышын шығару жос­парланып отыр. Зауыт мұндай өнім­ді Түркиядан тасымалдайтын. Әзірге сол тасымалдау кезінде сынып қалған өнімдерді бүтіндеп, қайта дайындау жұмыстарымен айналысудамыз, – деді жоба авторларының бірі, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Машина жасау» жоғары мектебінің жетекшісі, PhD докторы Дәурен Қайсарұлы.
Жобаның басты жаңалығы – 3D технологиясын қолдануында. Себебі трансформатордың кернеуін айырып-қосқышының негізгі бөлік­тері 3D принтерде шығарылады. 3D принтер – бұл бөлшекті әр қабатты қайталау арқылы басып шығару әдісін қолданатын сандық басқарылатын машина. 3D басып шығару – тез прототиптеу технологияларына жатады. Пластмасса орамасы  белгілі бір температурада оңай балқиды және температура төмендеген кезде өте тез қатады. Бұл өнімді жоғары дәлдікте­гі күрделі геометриямен шығаруға мүмкіндік береді.
Жоба авторларының сөзіне қара­ғанда, қазіргі уақытта нарықта оларға бәсекелестер жоқ. Сондықтан жоба авторлары, яғни командалық топ трансформатор кернеуін айырып- қосқышының жалғыз өндірушісі болып табылады. 


– Шетел өндірушілері айырып-қосқыштардың негізгі планкасын морт сынғыш гетинакстан жасайды. Трансформаторды монтаждау, тасымалдау және пайдалану кезінде мұндай бөлшектер жиі сынады. Сонымен қатар, планка сынған кезде оған қоса оның бойындағы пластмассадан жасалған тіреуіштер мен жылжығыштар да сынып кетеді. Бір жаманы, сынған бөлшектер шетелдік өндірушіге қайтарылмайды және ауыстырылмайды. Техникалық топ осы мәселелерді шешудің түрлі тәсі­лін іздестірді. Сондықтан гетинакс материалының орнына серпім­ді және жоғары сапалы текстолитті қолданып отыр. Ондай материал жүктеме кезінде сынбайды. Барлық пластикалық бөлшектер ABS пластмассасынан 3D принтерде жасалады. Бұл – 220оС-дан жоғары температурада балқитын және машина жасау саласында кең қолданылатын пластмассаның өте қатты түрі. Сонымен қатар пластикалық бөлшектер арнайы химиялық құраммен өңделеді, – деді жоба авторларының бірі, «3D ТехМаш» жеке кәсіпкерлігінің директоры Арайлым Ерсайынқызы.
Осылайша оралдық жас ғалымдар тобы жергілікті кәсіпорынға қажетті кернеу ажыратқышын өздерінің зертханасында өндіріп, трансформатор өндірісін сапалы бөлшекпен қамтиды. Оған қоса сынған бөлшек­терді қысқа мерзімде ауыстыру және оларды сапалы жөндеу жұмыстарын да атқарады. Завод үшін де өнім бағасы 4 есе арзанға түспек. Қазір жоба белсенді жұмыс істеуде. Шағын өнеркәсіп ірі өндіріс ошағының түйінді мәселелерінің шешімін тауып, өндірісті дамытпақ. 

Орал қаласы

988 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы