• Қаржы
  • 19 Мамыр, 2021

Цифрлы теңгені енгізгеннен кім ұтады, кім ұтылады?

Екі апта бұрын еліміздің Ұлттық банкі цифрлы валютаны енгізуіміз мүмкін деп мәлімдеді. Цифрлы теңге эмиссиясын қаржы реттеушісі жүзеге асыратын болады.  Енгізу жөніндегі соңғы шешім барлық мәселе жан-жақты талқыланғаннан кейін ғана қабылданбақ. Пилотты жобасы биыл екінші жарты жылдықта қосылады. 

Тәуекел Бақаш

Теңгенің цифрлы ана­логының пайда болуы қаржы ағынының ашықтығын көр­сетіп, транзакция шығыны мен комиссия әжептәуір азаюы мүмкін, дейді сарапшылар. 
EXANTE халықаралық ин­вестициялық компа­ния­сының сарапшысы Андрей Чеботарев мұндай валюта экономиканы көлеңкеден шығарады, ал бүкіл ақша жүйесінің цифрлы қызметі қарапайым болады деп отыр.
– Бұл қосымша шығынды азайтады, өйткені цифрлы актив дегеніміз – қарапайым, жылдам және арзан төлем. Мұндай төлем түрлі қаржы институты мен түрлі банктен аударым арасындағы комиссияны азайтатын болады. Заңды тұлғалар арасындағы аударым төмен болады, – деп түсіндірді Чеботарев. 
Цифрлы теңге жеке валюта болмайды. 1 цифрлы теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз нысанда 1 теңгеге баламалы болады. «Көп кісі бұл өзгерісті байқамайды да. Сіз тіпті қазір «виртуалды» теңгені бір-біріңізге ірі банктердің бірінің қосымшасы арқылы аударасыз ғой. Бәрі солай болады, банктер арасындағы аударым да осылай жүреді енді», – дейді сарапшы. 
Қаржы сарапшысы цифрлы теңге мемлекет пен бюджетке тек пайда әке­летінін айтты. Қарапайым халық та ұтады мұнда, өйткені транзакцияға комиссия аз болмақ. 


– Қазақстан цифрлы валютаны енгізейін деп ойланып отырған жалғыз ел емес. Цифрлы рубль мен юаньды еске алыңыз. Цифрлы рубль бізден асып та кетті. Цифрлы юань қазірдің өзінде іске қосылып, жаппай енгізіліп жатыр.  Қытайда енді шарт қоятын банк арқылы төлегеннен гөрі цифр­лы юаньмен төлеу оңайырақ болып келеді, – дейді Андрей Чеботарев. 
Сірә, цифрлы теңге әуелі көлеңкелі экономикада жүрген «бизнесмендерге» жақпайтын болар. Өйткені цифр­лы активті көлеңкелі экономикаға тартуға келмейді, ал олардың үлесі, түрлі болжамға сүйенсек, Қазақстанда 15%-дан 30%-ға дейін екен. 
Цифрлы теңгені енгізу – уақыты­лы, қажетті шара, дегенмен асы­ғыстық болмауы керек, дейді сарапшылар. Мәселен, TeleTrade ақпараттық-тал­дау орталығының басшысы Сергей Лысаков  әлем елдерінің көбі цифрлы валютаны енгізу мүмкіндігін зерттеп келе жатқанын айтады. 
– Басты мүдделі тарап – әрине, орталық банктер, – дейді ол, – Ұлттық банк цифрлы теңгені енгізудің айқын мақсатын айтпады әзірге. Сонымен бірге цифрлы теңгенің эмиссиясы қалай жүргізілетіні де түсініксіз. Бұл қолда бар қолма-қол ақшаны алмас­тыру бола ма, жоқ, әлде басқа ақша түрінің эмиссиясы көлемін қысқарта отырып, цифрлы ақша эмиссиясына назар аударыла ма, ол жағы әзірге белгісіз.
Біздің Ұлттық банк бұл мәселеде қаржы тұрақтылығы бірінші кезекте тұр деп отыр. Мемлекет үшін қазір негізгі мақсат салықтың жиналуын арттыру және тиісінше экономиканың көлеңкелі секторымен күресу болып тұр. Сарапшының пікірінше, Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктерді пайдалана отырып, цифрлы валютаны енгізу кезінде екі деңгейлі архитектураны таңдауы да маңызды екен.

«Альпари» қаржы тобының аға сарапшысы Анна Бодрова әлемдік әріптестерінен қалып қоймай, Ұлттық банктің цифрлы валютаны енгізгені дұрыс деп санайды.
– Цифрлы теңгені енгізу жөнін­дегі жоспар мен стратегия болуы қажет. Цифрлы теңгенің не үшін қажет екенін түсінуіміз керек, өйткені дәл қазір ол цифрлы эволюцияның соңына бекер түспеу үшін де қажет, – дейді сарапшы. 
Анна Бодрованың айтуынша, жаһандық цифрлы валюта дегеніміз – қауіпсіздік, транзакция жылдамдығы және есепке алу мен бақылаудың қарапайымдылығы. «Мұның бәрінің экономикаға пайдасы бар, бірақ дамып келе жатқан экономикалық жүйе мұндай артықшылықты сезінбеуі мүмкін. Цифрлы теңгені енгізуден еш ұтылмаймыз, дегенмен әлемдік тәжірибе мен технологияны ескеру керек. Цифрлы валюта дегеніміз – заманауи және технологиялық құрал», – дейді сарапшы.
Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі кеңсесінің басшысы Асқар Елемесов цифрлы теңге енгізілсе, теория бойынша төлем жүйесіне тұрақтылық келеді деп есептейді. Әйткенмен көп нәрсе цифрлы теңгенің нақты қалай жүзеге асырылатынына және оны халық пен кәсіби қаржы қоғамдастығы қалай қабылдайтынына байланыс­ты болмақ. Асқар Елемесовтың пікірінше, цифр­лы теңгені енгізудің экономикаға әсері оң болуы тиіс, дегенмен халықаралық қаржы институттары ұсынғандай, бұл процеске асықпай кірісу керек.
Цифрлы теңге ғана еме, Үкіметте криптоиндустрия мен блокчейн-технологиясын дамыту және криптобиржаны жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Ұлттық банк болса, қоғамдық талқылауға арналған,  «цифрлы теңге» туралы баяндамасын жариялап, цифрлы валютаны енгізу жөніндегі жол картасы жайында бірсыпыра дүниені ашып берді. 
Қазақстан қазір заңнама тұрғы­сынан криптобиржа ашуға дайын тұр. Ұлттық банк цифрлы теңгені енгізу туралы жоспарымен бөлісті, осы тұрғыда қоғамға кең ауқымды ақпарат беруді көздеп отыр. Өйткені қазір әлемде криптовалюта активіне деген қызығушылықтың тағы бір қарқыны байқалады. 
Әсілі, ТМД кеңістігіндегі крипто­валюта биржасының «цифрлы» тол­қынының өте шыққанына біраз болды. Мысалы, Белоруссия криптовалюта саласын 2018 жылы толығымен реттеп алды, 2019 жылдың басында олар қазір әлемге танымал болып қалған биржаның бірін іске қосты. Былтыр күзде бұлардың ең ірі банкі крипто активімен ашық операция жүргізе бастады. Қазақстанда мұның ешқайсысын әлі бастай қойған жоқ. 
Цифрлы теңге – бұл криптовалюта активі емес, кейбіреудің пікірінше, оны криптотеңге деп атауға келмейді.  Бұл – әуелі банктің жаңа техникалық инфрақұрылымы үшін шығарылған цифрлы ақшасы.

1163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы