• Қаржы
  • 27 Мамыр, 2021

Қаржы коммуникациясы туралы бірер сөз

Қаймана халық қазіргі таңда экономиканың қан тамыры саналатын қаржы-кредит саласының лүпіліне құлақ түріп, тамыршыдай дөп басатын болған. Бұл ретте самсаған цифр арасынан алымшы мен салымшыға, қауғашы мен саудашыға қажетті ақпарды әп-сәтте желіге салып, керек дерегін беретін коммуникация мамандарының орны ерекше. Базардың бәсін бағып отырғандықтан,  елімізде жүргізіліп жатқан ақша-кредит және валюта саясаты әрдайым назарымызда.  Оқырмандарымыз апталық шолуларда алға тартылатын инфляция, пайыздық мөлшерлеме, айырбастау бағамы, нақты ішкі жалпы өнім көрсеткіштеріне қатысты пайым-пікірлерден жақсы хабардар. 
Қаржы нарығы тек бұл аталған деректерден тұрмайтыны белгілі. Оның көп бөлігі халықты несиелеуге, тұтынушылық кредитке қатысты. Қалың оқырманға тіршілік парадокстарын жырға қосумен атағы шыққан Қадыр ақынның  «Қазақ осы байлықты шашу үшін жинайтын» деген жыр жолдарын бебеулете әнге қосқан әртістердің артындағы шоу-бизнестің көздегені басқа еді. Әлі ортағасырлық мінез-құлықтан арылмаған балаң жұрттың бойындағы жалған намысқа жел беріп, «ел не дейді», «жұрттан ұят» деп алаңдайтын ағайынды «шегіртке әншілер» қалай да «баласына бір той жасап беруге» итермелейтін. Сөйтіп, Төлеген ақынның «Бір тойым бар...» атты керемет өлеңі талай тойда шырқалып, арсыз бизнесшілердің қалтасына доллар боп, теңге боп сылдырлап түсіп жатты. «Іс бітті, қу кетті». Ал, бәлен миллион сомаға кредит алып, ұлан асыр ойын-сауық жасаған   намысшыл қазақ той тарқаған соң қарыз қақпанына түсіп, байқаусызда басын бәйгеге тіккен бейқам бөрідей алас ұратын. Сол қазақтың бірі өзіммін.  Ондаған жылдың маңдай теріне татитын он сағатқа жұмсалған қыруар қаржы жең ұшынан жалғасқан әккі асабалардың, мейірімсіз мейрамхана иелерінің, бір сөзбен айтқанда жылпостардың жемсауына түсті. Пандемия алдында бұл үзеңгісіз үрдіс тым тереңдеп, асқынып кетіп еді. Абай айтқан «Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ, осымен далақтап жүрген» қайран елдің есін індет әкелген қаралы қайғы, өзекті өлім әп-сәтте жиғызды. «Әр нәрсенің қайыры бар» деген осы болар. Пандемия «аюға намаз үйреткен таяқ» болды, жұрттың көзін ашты. Осы ретте тұтқиылдан тиген індет халықтың қаржылық сауатын көтеріп, кеңес кезінде ауыздан түспеген «аздан да, көптен де үнемнің» маңызына үңілдірді. Пандемияға сырнайлатып-кернейлетіп, домбыра-думандатып, тойлап кірген он сегіз жас деңгейіндегі қазақ одан орда бұзар отыздағы жігіт қалпында шығайын деп тұр. Қазір сол қазақ валюта бағамын, биржа бағдарын бағуға көшкен. Мұны KASE мен коммерциялық банктер, қорлар желілеріне кіретін сауалшылар саны күн санап артып отырғанынан байқаймыз.  Ипотекалық және тұтыну кредиттерін де жұрт бұрынғыдай жапа-тармағай емес, алды-артын бағамдап барып алатын болған. 
Қаржы коммуникациясы мәселесін көтеріп отыр­ғандықтан, бұл ретте оқырмандырымызды қазіргі заманғы маркетинг көздейтін мақсаттарға бей-жай қарамауға үндеуіміз керек. Таргеттік жарнама тәсілі қалың клиентке арналмай, әлеуетті алымшыға тікелей бағытталатындықтан, келісімшартты жеті рет өлшеп, бір рет кесуге шақырар едік. Сондай-ақ қаржылық ақпарды да «оқи» білу керек. Мәселен, жуырда ақпарат көздерінде үстіміздегі жылдың наурызындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы деректер жарияланды. Онда былай делінген: «Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,7 пайызға ұлғайып, 2021 жылғы наурыздың соңында 14 792,7 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі 7 058,9 млрд теңгеге дейін 1,0 пайызға, жеке тұлғаларға кредиттер көлемі 7 733,7 млрд теңгеге дейін 2,2 пайызға ұлғайды. Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 1,7 пайызға 12 983,2 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,0 пайызға, жеке тұлғаларға кредиттер – 2,3 пайызға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1,1 пайызға 1 809,4 млрд теңгеге дейін артты. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,2 пайызға өсті, жеке тұлғаларға кредиттер 4,8 пайызға төмендеді». Біз бұдан жеке тұлғалар, яғни сіз бен біз алған кредиттер көлемі ұдайы өсіп отырғанын көреміз. Заманның оң кезінде жалақыдан жалақыға дейін өмір сүрген жұрт енді кредиттен кредитке дейін күнелтетін болған. Тағы бір дерекке көз салыңыз. «Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы наурызда 5,1 пайызға 2 426,8 млрд теңгеге дейін (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 16,4 пайызы) төмендеді». Бұл цифр қалың жұрттың күнкөріс көзі – шағын және орта бизнестің әлеуеті кеміп бара жатқанын, кәсіпкер қалтасының жұқарып, сәудегер әмиянының қалыңдайтынын  көрсетсе керек. Ал, депозит нарығының деректері, яғни халықтың ауқатты тобы жамбасқа басқан жиған-тергеннің  мәліметтері қаржы нарығындағы басқаша картинаны көрсетсе керек. Мына үзіндіге назар салуларыңызды өтінемін: «Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2021 жылғы наурыздың соңында бір айда 3,7 пайызға ұлғайып, 23 378,4 млрд теңге болды. Жеке тұлғалардың депозиттері бір айда  2,6 пайызға 11 482,0 млрд теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 2,5 пайызға 14 751,8 млрд теңгеге дейін, шетел валютасында – 5,8 пайызға 8 626,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 3,8 пайызға 7 355,3 млрд теңгеге дейін, шетел валютасында – 0,6 пайызға 4 126,7 млрд теңгеге дейін (жеке тұлғалар депозиттерінің 35,9 пайызы) өсті». Қалай болғанда да мұның өзі коммерциялық банктер операцияларына жел беретін көрсеткіштер болып табылады.

Жетпісбай 
Бекболатұлы,
әл-Фараби 
атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: 
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы