• Өндіріс
  • 27 Мамыр, 2021

Өндірісті өрістетер жобалар

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан мерейлі тұста Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық саясаттың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің берік тұғыры құрылғанын айрықша атап өтеміз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібі өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге жеткізуді тапсырып, нақты міндеттерді бекітті. Осындай сындарлы шешімдер пандемия жағдайында саланың өсу қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік берді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылы өңдеу өнеркәсібі нақты көлем индексінің 5,8% өсімі жоспарланған.

Қара металлургияда биыл нақты көлем индексі – 105% деп белгіленген. Оның ішінде ферроқорытпа өндірісі 10,4%, болат өндірісі 17% және прокат өндірісі 19%-ға артады деп күтіледі. Биыл ферро-қорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір мен марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыратын 6 жоба іске қосылады. Көзделген межеге жету үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік әзірленеді. 2025 жылға қарай өндіріс көлемі жылына 4 млн тонна болатқа жеткізіліп, «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Оған салынатын инвестиция көлемі – 1,3 трлн теңге. Түсті металлургияда биылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 104,5%. Мырыш өндіру көлемі 18,6%, қорғасын 18,8%, мыс концентраты 9%, алюминий 6% ұлғайтылады. «Bloomberg болжамына қарасақ, қысқа мерзімді перспективада түсті металдардың барлық түрі бойынша баға көтерілуі тиіс. Осыған байланысты номиналды мәнде түсті металлургия өндірісінің өсімі 13% деңгейінде болжанып отыр. Бұл өндірістің жоспарланған көлемін қамтамасыз етеді. Өндірістің қосымша көлемі Жәйрем кен байыту кәсіпорнын, Қазминералз Ақтоғай 2 және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнын, сондай-ақ алтын шығару фабрикаларын іске қосады», – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.  
Сонымен қатар, титан өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылар­дың бірі – Өскемен титан-магний комбинатын шикізатпен толық жүктеу үшін ЕЭК шеңберінде титан шикізатына салынатын кедендік баждарды алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ал 2025 жылға дейінгі мерзімде Алматы облысында қуаты жылына 25 млн тонна болатын Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады. Оған қоса қуаты 250 мың тонна бастапқы алюминий болатын Павлодар қаласындағы Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегі салынады. 
Химия өнеркәсібінде нақты көлем индексі саладағы үлесі 57% құрайтын ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен 102%-ға жетуі тиіс.  Фосфор тыңайтқыштары өндірісі 16,6%, аммофос 15,4%, аммиак селитрасы 10,7%, хром қосылыстар өндірісі 13,6% арттыру қарастырылуда. Бұл ретте 2021 жылы 3 жаңа жоба іске қосылып, саланың өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашылады. 2025 жылға дейін бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және минералды тыңайтқыштар өндірісі қуатын 1,5 млн тоннаға дейін көбейту көзделген. 
Өсім машина жасау саласында да болжанып отыр. Нақты көлем индекcі – 113%. Атап өткенде, негізгі өсім машина жасау саласындағы үлесі 35% құрайтын автомобиль құрастыру секторы есебінен болады. Автокөлік өндірісін 29%-ға арттырып, 100 мың данаға дейін жеткізу, теміржол вагондарын 180%, ауыл шаруашылығы техникаларын 58%, аккумуляторлар өндірісін 10%-ға жеткізу жоспарланған. Отандық өндірушіден сатып алынған автомобильдерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жалғасады. Сондай-ақ бірқатар машина жасау өнімдері ұлттық режимнен шығарылады.  
Биыл фармацевтика саласының жоспарланған өндіріс көлемі 105% деңгейінде болады. Негізгі өсім дәрі-дәрмек өндірісінің 10,2% ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіледі. Оған коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндірісін және 5 жаңа өндірістік қуатты іске қосу оң әсер етері анық. Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын одан әрі іске асыру саладағы өндіріс көлемін 2,5 есеге, яғни 92 млрд теңгеден 230 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмек экспорты 3 есе артып, $58 млн-нан $174 млн дейін көтерілмек. 
Ал жеңіл өнеркәсіп бойынша жоспарланған нақты көлем индексі – 105%. Тоқыма өнімдерін өндіру көлемі 6%, оның ішінде мақта-мата иірім жібі 50%, мата 14%, кілем 19%, киім 11%, тері 30,4% ұлғаяды. Биыл иірім-жіп, геотекстиль, киім және аяқ киім шығаратын 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазірде әзірленіп жатқан жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарында саланы қолдауға бағытталған жүйелі шаралар қарастырылады. 
Бұдан бөлек, құрылыс материалдары өндірісінде нақты көлем индексі 106% деңгейін қамтиды. Ағымдағы жылы саладағы өсім темір-бетон бұйымдары өндірісінің 16%, кірпіштер 15%, цемент 11%, құрылыс ерітінділері 13%, жылу оқшаулағыш материалдар 12,5%, гипсокартон 11% артуы есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы биылғы қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй құрылысында жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды. Осы ретте 2025 жылға дейін елімізде 103 млн шаршы метр бас­пана салынып, бұл бизнес үшін құрылыс материалдарының отан­дық нарығын дамытуға қосымша мүмкіндік ашады. Саладағы қажеттілікті анықтау үшін негізгі 24 позиция бойынша құрылыс материалдары нарығына талдау жүргізілген. 11 позиция бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шамамен 50% қамтамасыз етсе, линолеум, тұсқағаз, санфаянс сияқты 3 позиция бойынша қазіргі уақытта ішкі нарықта өндіріс жоқ. Сондықтан ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен толық қамту мақсатында қазір шетелдік трансұлттық компаниялармен Қазақстан аумағында импорт алмастыратын өндіріс ашу мәселесі пысықталуда. Бұл бағытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Құрылыс индустриясын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасы әзірленді. Онда саланы қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы министр­лігінің ақпараты бойынша, азық-түлік өнімдерін өндіруде биыл нақты көлем индексі 105% деңгейінде жоспарланған. Индустрияландыру картасын жүзеге асыру шеңберінде жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 110 жоба іске асырылып жатыр. Оларда 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге асыру жөніндегі тапсырмасын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылады. Қазіргі уақытта өңірлер мен салалар бойынша 2025 жылға дейінгі өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштер айқындалды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

15199 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы