• Бизнес & Қоғам
  • 27 Мамыр, 2021

Шағын кәсіп шарасыз күйге түсіп отыр

Жертөледегі дүкендер күрделі бухгалтерияны алып жүре алмайды,деп санайды жеке кәсіпкерлер

– Салық салу тарапындағы жаңа өзгеріс шағын кәсіпкерді жыл басынан бері тұралатып тұр. Шағын дүкендер қазір тауар қабылдап алудан сескенеді, олардың кейбіреуі жұмысын тоқтатты, енді біреуі ассортиментін азайтты, – дейді тоғыз қабатты үйдің жертөлесін он бес жылдан бері дүкен етіп жүрген Бақытгүл Оралханқызы деген кәсіпкер. 

Сөйтсек, әңгіме тауарға ілеспе жүкқұжат және кейбір тауарға цифрлы таңба енгізу туралы болып отыр екен. 
Енді бір жеке кәсіпкер Ардақ Ті­леубердіқызы шағын дүкен иеле­рі дәл осындай күрделі қаржы есебін жүргізе алмайтынын айтады. 
Еске түсірелік: 2021 жылдың 1-қаң­тарынан бастап елімізде ақпа­раттық жүйедегі электрон шот-фактурасын «Виртуалды қойма» модулінде электрон рәсімделетін тауарға ілеспе жүкқұжат енгізу туралы пилотты жоба басталған. Мемлекеттік кірістер комитетінің бекітуі бойынша, бұл шара Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында тауар айналы­мының толассыз бақылауда тұруын қамтуы тиіс.
Акцизделетін тауар бойынша осы пилоттың мерзімі 2021 жылдың 1-шілдесіне дейін, ЕАЭО-дан әкелу/әкету бойынша – 2021 жылдың 1-шілдесіне дейін, ал Виртуалды қойма тауары бойынша 2021 жылдың 1-қарашасына дейін белгіленген.
Сонымен бірге Үкіметтің 2020 жылдың 10-қыркүйегіндегі «Таңба­лауға жататын тауардың тізбесін айқындау туралы» №568 қаулысы бойынша Қазақстанда темекі, кальянға арналған табак сияқты санат үшін биылдың сәуірінен бастап міндетті болатын тауарға электрон таңба енгізу мерзімі белгіленді. Кәдімгі темекіге арналған шара 2020 жыл­дың қазан айынан бастап қолда­нылып келеді. 
Электрон таңбалау бәріне – өндірушіге де, дистрибьюторға да, супермаркетке де, ең аяғы шағын дүкенге де әсерін тигізеді, дейді сарапшылар. 
Шағын дүкен иесі Ардақ Тілеу­бердіқызы былай дейді: 
– Біріншіден, биылға дейін бар­лық шағын дүкен – жеке кәсіпкер (ИП дейміз ғой) ретінде «упрощенкамен» жұмыс істеді және түскен табыс­тан емес, айналымнан (обороттан) 3% салық төлеп келді. Бұл – дұрыс, осындай жеңілдігі болғандықтан ғана ел осы шағын кәсіпке келді, әйтпесе несі бар. Біреу ептеп өзінің дүкенін салып алды, енді біреуі жалға алды дегендей. Пандемия қалтадан қатты ұрды ғой, сұраныс күрт түсті, табыс 50%-ға азайды, «стресс» режимінде жұмыс істедік. Өзіңіз білесіз, қазір сатылатын тауардың үстінен баға қосу қатаң бақылауға алынған: әкімдіктің қаулысы бойынша 18 позициядағы тауарды біз шығынмен сатамыз. Мысалы, қантты көтерме саудагерден 270 теңгеге сатып аламыз да, дүкенде 254 теңгеден сатамыз, әйтпесе айыппұл салынады. Басқа тауарға да анау айтқандай баға қоса алмаймыз,  сондықтан жаңа тауар сатып алуға айналымдағы қаржы жетпей жатады. Бұрын ассортиментіміз мол болса, қазір күрт азайып кетті. Бөрі етектен алады дегендей, инфляция да айналымдағы капиталды жеп жатыр.

Дегенмен, жеке кәсіпкерлер 2021 жылдың қаңтарынан бастап ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) ретінде есеп беру (мемлекетіміз ДСҰ-ға кіргеніне байланысты) деген жаңа міндет­ке әзірге шыдас беріп келеді. Енді қаңтардағы қаулыдан бас­тап барлық шағын дүкен толық бухгалтерлік есеп беріп отыруы тиіс. Бұл жерде әңгіме тауарға ілеспе жүкқұжатын және сканерлеу арқылы цифрлы таңба енгізу туралы болып отыр. Жеке кәсіпкер осы форматта жұмыс істеуден бас тартса, онда олардың мүлкін тәркілей отырып, ауыр айыппұл салынбақ. 
– Біз бухгалтер емес, кәсіп­керміз ғой. Біздің міндет – шағын бизнес құру, жұмыс орнын қам­тамасыз ету, заңнама аясында салық төлеу, ал күрделі есепті жүргізуге шамамыз жете бермейді. Ол үшін бухгалтер жалдау керек, оның жалақысы айына кемі – 200 мың теңге, ол жәй бухгалтер емес, әрі мерчандайзер, әрі бухгалтер болуы керек. Ондай маманды жалдауға жағдай келмейді. Сондықтан шағын кәсіпке қазір қауіп төніп тұр, – дейді Бақытгүл Оралханқызы.
– Мемлекеттік кіріс комитеті біздің саудадан тауарға ілеспе жүкқұжат жасауды және оны айына бір рет жіберіп тұруды талап етеді. Бірақ күнделікті сатылымда біз бұл құжатты қолмен жазуға мәжбүр боламыз. Содан соң жеке кәсіпкер болып саналмайтын қосымша құн салығын төлеушіге ғана қолданылатын электронды шот-фактурадан біз енді тауарға ілеспе жүкқұжатқа белгілі бір ақпаратты көшіруіміз керек. Ал ол үшін Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының анық­тамалығымен жұмыс істей білу қажет, онда әрбір тауар бойынша код көрсетілген, оларды таң­дап, жазып отыруымыз керек. Ал шын­туайтында «Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметі­нің тауар номенклатурасының анықтамалығы» деген нәрсе – брокерлік кедендік жұмыс, – дейді Ардақ Тілеубердіқызы.
 Шағын дүкен сонымен бірге тауар шыққан елді көрсетуге міндетті, ал өнімнің көпшілігі ешқандай ақпаратсыз келеді, яғни оны жеке кәсіпкер өзі іздеп табуы керек. Әзірге пилотты режимде бұл шара акцизделетін тауарға – темекі мен алкогольге қолданылады. Әрі қарай кезең-кезеңмен дүкендегі кез келген тауардың 80%-ы осы тізімге кіреді.
– Қазір шағын кәсіпкерлер «Виртуалды қойма» қосымшасын ашқан кезде өзінің балансындағы тауардың шот-фактурасын көреді, олардың жартысы әлі дүкенге түскен жоқ. Енді бұл олардың мұның өз тауары емес екенін дәлелдеу үшін сотқа баруы керек. Осы процедураларға қанша уа­қыт, қанша күш-қайрат кететінін елестетіп көріңіз, – дейді Бақытгүл Оралханқызы.
– Компьютерлік бағдарлама жиі қатып қалып жатады немесе қате жіберіп жатады. Бірнеше позицияға жеткеннен кейін сессия аяқталады. Одан шығып, қайта жаңа жолмен өтуіміз керек. Біз күніне 200-ге жуық позицияда тауар сатамыз, соның бәрін анықтамалық кодына сәйкес енгізуіміз керек, сонда бұл жұмыс тұтас бір күнге созылады. Кәсіпкердің бос уақыты көп болмайды ғой. Сондықтан, біздің ойымызша, тауарға ілеспе жүкқұжат дегеніміз – піспеген, шикі жоба, – дейді Ардақ Тілеубердіқызы.
Сканерлеу арқылы цифрлы таңбалау жүйесінде мынандай проблема бар: 2D сканері қымбат және ол барлық кодты оқымайды, Сауда және интеграция министрлігін­де жарияланған тегін мобильді қосымшалар сияқты. Мысалы, сол темекіні алыңыз: 7 пакеттен сканер тек 4-уін ғана оқиды. Тауар базасы толығымен бітпеген. Әр пакеттің саусақ ізі сияқты жеке QR коды бар екені белгілі. Бірақ сканерлей алмайтын тауарды сатуға жеке кәсіпкердің құқы жоқ. Оның үстіне олар контрабанданың бар-жоғын да анықтай алмайды. 
Бұл жағдайда тығырықтан шы­ғу­дың жалғыз жолы бар сияқты, ол – шағын дүкендерде сату бағдарламасы бар, темекі сататын машина орнату. Жеке кәсіпкер пайда түсірмейтін темекі саудасын осылайша өзінің айналым қаржысынан шығарып, басын босатып алады. Күрделі бухгалтерияны тек темекі сатушы мамандар ғана жасай береді. 
– Біз мұндай жаңа форматта жұмыс істей алмаймыз. Пилотты жоба аяқталған соң айыппұлға дайын тұрған алғашқы клиентпіз... Сондықтан шағын дүкеннің көбі 1-шілдеге дейін жабылып та қалуы мүмкін, – дейді Бақытгүл Оралханқызы.
Локдаун кезеңінде шағын бизнестің жартысы жабылды, салық жүйесіндегі биылғы өзгеріс осы процесті жалғастыра беретін секілді. Сондықтан сарапшылар шағын дүкен өнімін салық төлеушінің жеке санатына беру керек деп санайды. Ал жеке кәсіпкердің Виртуалды қоймадағы жүктемесін тіпті алып тастау керек. 

Тәуекел Бақаш

655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы