- Бизнес - Қаржы
- 02 Маусым, 2021
Негізгі импорттық тауарымыз – автомобиль
Елімізде соңғы бір жылда импорттың көлемі құндық мәні тұрғысынан 77,5%-ға және нақты мәнінде 83%-ға өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2021 жылдың наурызында қазақстандық импорт 3 млрд 452,9 млн долларды құраған. Өткен аймен салыстырғандағы көрсеткіш 30,5%-ға (800 млн АҚШ долларынан астам – $) артқан. Ал, 2020 жылдың наурызымен салыстырғанда өсім одан да қомақтырақ – 41,6%-ға (1 млрд доллардан астам) өскен.
Иса ҚАМБАР
Жалпы алғанда, алғашқы тоқсанның қорытындылары бойынша импорттың жалпы көлемі 8,5 миллиард доллардан асып түскен – республикамызға сырттан әкелінген нақты осыншама тауарларға ақша төленіпті. Бір жыл бұрын, 2020 жылдың қаңтар-наурызында, мұндай көрсеткіш 7,1 миллиардтан азырақ көлемді құраған екен. Басқаша айтқанда, республикамызда импорт айтарлықтай ұлғая түсіпті (1-инфографика).
НЕГІЗГІ АВТОКӨЛІК
ЖЕТКІЗУШІ – РЕСЕЙ
Наурызда негізінен импорттаған тауарларымыз жеңіл автомобильдер болып отыр. Ай қорытындысы бойынша Қазақстанға жалпы құны 144,7 млн доллар құраған 8 338 бірлік жеткізілген екен. Салыстырар болсақ, 2020 жылдың наурызында – 94,7 млн долларға 5 771 автомобиль бірлігі әкелінген. Оның үстіне өткен айда импорттың көлемі, жоқ дегенде 2019 жылдың басынан бергі, максималды деңгейге жеткен.
Наурызда қазақстандық нарыққа автомобильдерді негізінен үш ел жеткізіпті:
• Өзбекстан – 40 млн долларға 4 224 авто;
• Ресей – 44,7 млн долларға 2 117 авто;
• Жапония – 37,1 млн долларға 1 022 авто.
Жалпы, жеңіл автомобильдер бүкіл тоқсан көрсеткіштері бойынша негізгі импортталған тауар болып табылған. Үш айдың көрсеткіштері 17 944 автомобиль (+83%) және 313,6 млн долларды (+77,5%) құраған (2-инфографика).
ТЕЛЕФОНДАР КӨБІРЕК ТЕ,
МОНИТОРЛАР АЗЫРАҚ
Айта кету керек, ақпанмен салыстырғанда жеңіл автомобильдердің импорты 50 млн долларға өскен, ал бұл – барлық тауарлар арасындағы максималды көрсеткіш. Басқа да кейбір жайғасымдар бойынша айтарлықтай өсім орын алған.
Мәселен, Қазақстанға әкелінген телефондар мен коммуникациялық жабдықтар жалпы сомасы 105,6 млн долларды құрап, 44,9 млн долларға артқан. Ауа тартатын сорғылар импорты тіпті төрт есеге жуық – 16,8 миллионнан 59,5 млн долларға дейін өскен.
Сонымен қатар республикамызға түрлі мониторлар мен проекторлар жеткізу көлемі қысқарып кеткен. Бізге әкелінген жабдықтардың жалпы көлемі 48,8 миллионнан 18,4 млн долларға дейін қысқарған. Бұлардан өзге, ақпанда 14,8 млн АҚШ доллары жұмсалған, мазутты тіпті сатып алу тоқтатылыпты да (3-инфографика).
314 рет
көрсетілді0
пікір