• Өндірістік әлеует
  • 02 Маусым, 2021

Көшбасшылық позиция сақталды

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда уран өндіру көлемі 1997 жылғы 796 тоннадан 2020 жылғы 19,5 мың тоннаға дейін 24 есе артты. Табиғи уран көлемі жөнінен еліміз 12 жылдан бері әлем бойынша бірінші орынды ұстап тұр. Өткен жылы коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерден кейін уран өндірісі 19,5 мың тоннаны құраса, биылға арналған жоспар – 22,5 мың тонна. 

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Бұл ретте табиғи уранды өндірумен және жеткізумен қатар, сапалы өңделген, қосылған құны жоғары өнімді өткізуге де мүдделіміз. Ол үшін ядролық отын жасаудың толық циклын қалып¬тастыру, отандық ресурстық базаны мейлінше кеңінен қолдану – бүгінде атом өнеркәсібі бағытындағы басымдықтардың бірі болып отыр. Осы бағытта ядролық отын циклының барлық жетіспейтін буындарын құру, оларға еліміздің қатысуы маңызды. 
Өнеркәсібінің негізгі саласы металлургия болып табылатын Қазақстанда Үлбі зауыты серпінді дамып келе жатқан, экономикалық тәуелсіз елді құрайтын кәсіпорындар қатарына кірген. 70 жылдан астам уақыттан бері бірегей зауыт металдарды өндіріп келеді, оларсыз көптеген ғылыми-техникалық жаңалықтардың ашылуы мүмкін емес. Стратегиялық нысан атом энергетикасы, электрондық, аэроғарыш, металлургия және басқа да қызмет салаларының қажеттіліктері үшін жоғары технологиялы уран, бериллий, тантал өнімін өндіреді. ҮМЗ уран диоксидінің ұнтақтары мен отын таблеткаларын шығарып, құрамында бөліп алу қиын уран бар материалдарды өңдейді. Озық технология құрамында уран бар көптеген материалдарды өңдеу арқылы 235-уран изотопы бойынша 5 пайызға дейін байытылған керамикалық сұрыпты – уран диоксидінің ұнтағын өндіруге мүмкіндік береді. Зауыт мұндай технологиясы бар әлемдегі аздаған кәсіпорындардың бірі екенін атап өткен жөн. Бұл – өнімнің жаңа түрлерін шығарудың, қоршаған ортаны өндірістің жағымсыз әсерінен қорғаудың тиімді жолы ғана емес, сондай-ақ металлургтердің еңбек жағдайларын жақсартудың жүйелі тетігі.
2001 жылдан бастап ҮМЗ уран өндірісі мұндай материалдарды коммерциялық негізде өңдеу қызметін көрсетуде. Өндірістің қазіргі қуаты жылына 1 328 тоннаны құрайды. Бүгінде Үлбі металлургия зауыты шығаратын уран диоксидінің ұнтақтары АҚШ, Жапония, Швеция елдерінің компанияларымен сертификатталған. Уран диоксидінің ұнтағы бүкіл әлем бойынша АҚШ, Еуропа, Жапония және Ресейге жеткізілуде. Сонымен қатар Францияның Framatome және Қытайдың CJNF компанияларымен сертификатталған таблеткалар экспортталады. Отын таблеткаларын өндіру қуаты жылына 107 тоннаны құраса, өткен жылы 60 тонна өткізілді. Биыл өндіріс қуатын жылына 400 тоннаға дейін ұлғайту күтілуде. Үлбі металлургия зауыты реакторларға арналған отын таблеткаларының сертификатталған өндірушісі болып табылады. 
Ағымдағы жылы уран өндірісінің цехы қазақстандық кен орындарының табиғи уранының химиялық концентратынан (ТУХК) алынған уранның таза/шала тотығының 4500-ші партиясын өндіріп, дайын өнімдер қоймасына тапсырды. ТУХК уран өндірісі бойынша өңдеу тарихы 2000 жылдың қаңтар айынан басталады. Жыл сайын шығару көлемін ұлғайта отырып, «В» цехы қазір өнімді сегіз есеге арттырды. Бөлім конверсиялық қондырғыларда қосымша тазарту жұмыстарынсыз тікелей фторлауға жарамды ядролық таза/шала тотықты алады. Мұндай сапалы дайын өнімді тек Үлбі металлургиялық зауыты ғана шығарады. Бұл тұрғыда уран өндірісінің көптеген мамандары 20 жылдан астам уақыттағы ТУХК қайта өңдеу қызметіне айтарлықтай үлес қосты. Қазірде қазақстандық кен орындарынан табиғи уранның химиялық концентратын өңдеу жұмыстары сәтті жалғасуда.

656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы