• Ақпарат
  • 02 Маусым, 2021

Әлемдік ақпарат

ЭЫДҰ әлемдік ЖІӨ өсетінін болжайды

Әлемдік экономиканың болжамы жақсарды, бірақ оны қалпына келтіру біркелкі емес күйде қалып отыр. Дегенмен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) болжамында былтырғы желтоқсанда күтілген 4,2%-дан 2021 жылы әлемдік ЖІӨ өсім қарқыны 5,8%-ға артатынын мәлімдеді. Бұл туралы ұйымның www.oecd.org сайты хабарлады.  
ЭЫДҰ АҚШ ЖІӨ 2021 жылы 6,9%-ға, келесі жылы – 3,6%-ға өседі деп болжайды. Ал, Еуроодақ экономикасы, болжам бойынша, тиісінше, 4,3%-ға және 4,4%-ға артады деп болжанған. Сонымен қатар Қытай ЖІӨ ағымдағы жылы 8,5%-ға өседі деп бағаланса, 2022 жылы – 5,8%-ға ғана өседі екен. 
Айта кету керек, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев наурыз айындағы Үкімет отырысында: «Moody’s, Fitch Ratings және Standard and Poor’s халықаралық рейтингтік агенттіктері Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингін пандемияға дейінгі инвестициялық деңгейде растады» деген болатын. Осының аясында халықаралық рейтингтік агенттіктер 2021  жылға Қазақстанның ЖІӨ өсуін 3,2-3,8% деңгейінде болжап отырғанын да атап көрсетті ол. 

Халықаралық ұйым алаңдаушылық танытты

БҰҰ-ның Балалар қоры (UNICEF – United Nations International Children’s Emergency Fund) Қазақстанға жаңа оқу жылында мектептерді ашуға ұсыныс білдірді. Бұл туралы осы сейсенбі, 1 маусымда өткен Үкімет мәжілісінде UNICEF-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Артур ван Дизен мәлімдеді.  
– UNICEF барлық мектептерді де жаңа оқу жылында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, ашуды ұсынады, – деді ол. – Қандай жағдайда да мектептер ең соңынан жабылуы және бірінші кезекте ашылуы тиіс. 
Беделді халықаралық ұйым өкілі індет кезіндегі мектептердіңжабылуы салдарынан әлемде әрбір үшінші оқушы, яғни, 463 миллионға жуық балалар, тіпті қашықтан оқытумен де қамтыла алмапты, «Қазақстанның балалары да бар солар­дың қатарында», деп қынжылыс білдірді UNICEF-тің Қазақстандағы өкілдігі басшысы. Қазақ­стан UNICEF өкілдігі оқытудағы жол берген кемшіліктерді анықтау үшін мониторинг өткізуді ұсынады. Соның қорытындылары бойынша әрбіреуімен жеке негізде оқушылардың білімдерін қалпына келтіруді нақты бағдарлама қабылдап, тестіден өткізуді ұсынып отыр.
Теңге бағамы мен мұнай 
құны қалай құбылмақ?

PwC (PricewaterhouseCoopers – консалтингтік және аудит қызметін көрсететін компаниялардың халықаралық жүйесі) 2021 жылғы екінші макроэко­номикалық талдауын жариялады. Мұнда ол біздің еліміз экономикасының түйінді көрсеткіштеріне кеңінен тоқталады.   
Әдеттегідей талдауға Қазақстанның жетекші экономистері мен қаржыгерлері, ғылыми қа­уымдастығының өкілдері қатыстырылған. Сарапшылар теңге бағамына қатысты, экономиканы қалпына келтіру сценариі, мұнай баррелінің құны, инфляция деңгейі, сондай-ақ ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесі бойынша болжамдар жайында өз пікірлерін білдірген. 
Жалпылай вакцинациялаудың қарқыны баяулауы елдегі де, әлем бойынша да макроэкономикалық болжамдарға және экономикалық өсімнің қар­қынына әсерін тигізуде. Сұрау салынғандардың 69%-ы U-бейнелі траектория – Қазақстан экономикасы қалпына келуінің базалық бағамы, деп есептейді. Алайда, кейбір индустрия тезірек қалпына келіп, ал басқалары шөгіп қалуы жағ­дайында, қалпына келу тіпті K-бейнелі сценарий бойынша да өрбуі әбден мүмкін. 

Батыр РАХМЕТУЛЛИН

8901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы