• Мәселенің мәнісі
  • 02 Маусым, 2021

Ауыл шаруашылығының ауқымды проблемасы бар

Ауыл шаруашылығында проблема шаш етектен. Маман түгілі, қарапайым шаруаның өзі бұл тараптағы біраз мәселенің басты себебін саусақпен санап бере алады.  

Тәуекел Бақаш

Ол проблеманың көбі – мемлекет деңгейінде шешуді талап ететін дүние. 
Бірінші мәселе – страте­гиялық жоспарлаудың тиімсіз­дігі. Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде ауыл шаруашылығы саласында он стратегиялық құжат қабылданыпты, яғни орта есеппен үш жылда бір рет қабылданған! Стратегия жиі өзгерген соң инвестор мен фермер осы салаға инвестиция салуға ұзақ мерзімді жоспар жасай алмайды. Өйткені жеңілдік пен мемлекеттік қолдау жақын жылдарда сақталып тұра­тынына сенім жоқ, осы себепті фермер мен инвестордың ауыл шаруашылығы министрлігіне, яғни мемлекетке деген сенімі азая береді. 
Екінші мәселе – қаржының жетпейтіні. Мәселен,  ауыл шаруа­шылығы 2016 жылы 232,6 млрд.теңгеге (екінші деңгейдегі банктер берген қарыздың 2,6%-ы) қаржы­ландырылған, ал 2018 жылы 112 млрд. теңге болған (екінші деңгейдегі банк­тер берген қарыздардың 0,8%-ы), яғни ауыл шаруашылығын қар­жы­ландыру екі есеге түсіп кеткен. Бұл жерде екінші деңгейдегі банктердің қарыз портфеліндегі ауыл шаруа­шылығының үлесі 2016 жылғы 5,2%-дан 2018 жылы 1,8%-ға азайған, яғни үш есеге дерлік төмендеген.
Осынау құбылыстың басты себебі, экономиканың нақты секторын қаржыландыруға ықыластың болмауы, бұны қазір Ұлттық банкте екінші деңгейдегі банктердің 5,4 трлн теңге қаржысының жатқаны (немесе олардың активінің 20%-дан астамы) куәландырады. Яғни, екінші деңгейдегі банктер экономиканы кредиттеудің орнына қаражатты Ұлттық банктің ноталарына және басқа да бағалы қағаздарға салуды жөн көреді. Бұл – ақша-кредит саясатының елдің экономикалық даму мақсатына сәйкес келмейтінін көрсетеді.
Келесі мәселе – «ҚазАгро» құры­лымдарының фермер мұқтажына көңіл аудармауы. Несие алу проблемасы жылдан жылға қордаланып келеді. Бұл ретте «ҚазАгро» холдингі еншілес компанияларының мүддесі мемлекет мүддесіне қайшы: мемлекет ауыл шаруашылығы саласын дамытқысы келеді, тауар өндірушіні қолдағысы келеді, ал «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниялары шығыны аз, тәуекелі кем қарыз ғана бергісі келеді, өйткені олар – коммерциялық ұйым. 
Аяқтан шалатын тағы бір проблема – қарыз берудегі бюрократия. Қарыз алушы әлеуетті шаруашылықтың өзі табанынан тозады. «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларынан қарыз алу үшін облыстардағы шаруа кеңсе арасында алты ай сабылып жүреді. Несие алу үшін кепіл­зат қоюдың өзі – жатқан әңгіме. Қосымша құжаттарды айтпағанда. 
Агро саласында несие бағдар­ламасы көп, бірақ... қаржы жоқ. Қаржы болмаған соң өтініш қабыл­данбайды. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясының» сайтында кредит беру туралы бақандай 10 бағдарламаның ақпараты тұр, соның 8-іне қазір өтініш қабылданбайды. Себебі, қаржы жоқ.
Парақорлықты да елемеуге болмайды. Аймақтарда тұратын елдің сөзіне сенетін болсақ, «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларынан қарыз алу үшін өтінім қабылдайтын менеджерлер қарыз сомасының 10%-ын «алғыс» ретінде дәметеді екен. Бұл тарапта әсіресе оңтүстік өңірден көп шағым түседі, дейді мамандар.

Тағы бір нәрсе – сақтандыру схемасы. Мысалы, өсімдік шар­уашылығындағы міндетті сақ­тандырудың қолданыстағы жүйесі өзінің тиімсіздігін көрсетті. Қазіргі сақтандыру жүйесі мынандай себептермен бәріне тиімсіз болып тұр:
– міндетті сақтандыру төлемі көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жұмсалатын шы­ғын­ның 20%-ын ғана жабады;
– сақтандыру қаржы институттары кепіл бола алмайды.
Сақтандыру жүйесі жетілме­гендіктен егісті қамту 2008 жылы 84% болды да, 2018 жылы 44%-ға күрт түсіп кетті, сақтандыру компаниясының саны жетеу еді, оның өзі қысқарып, қазір екеуі ғана қалды. 
Сауда-логистика орталығын, сервис орталығын дамыту бағдар­ламасын әзірлеу және отандық өнімді Қазақстанда да, шетелде де өткізуге ынталандыру үшін мемлекеттің қолдауы керек. Дәл осындай бағдарламалар көп елде, мысалы, Ресей мен Түркияда сәтімен жүзеге асып отыр.
Сонымен бірге ет бағдарлама­сының нәтижесі жарияланған мақсатының маңына да жоламайды. Мәселен, сиыр етінің экспорты 2018 жылы жоспар бойынша 30 мың тонна болса, шын мәнінде сыртқа 4,7 мың тонна ғана ет шыққан.
Құс шаруашылығы қазір субсидия алмайды. Мысалы, Шығыс Қазақстанның құс фабрикалары 2018 жылы 1,4 млрд. теңге сомасындағы өнімге немесе мұқтаж соманың 49%-на субсидия ала алмаған. Алматы облысы 2,6 млрд. теңгеге немесе мұқтаж соманың 41%-ына субсидия ала алмаған. Инвестициялық шығынды субсидиялау да сиырқұйымшақтанып, аяғы құрдымға кетті. Мысалы, Алматы облысында 2019 жылы ет беретін құс шаруашылығы саласындағы «Алель Агро» ЖШС  мен «Асылқұс Агро» ЖШС-іне 570 млн теңгеге субсидия берілмеген. Ал ет беретін құс шаруашылығы Қазақстанның ішінде де, экспортта та  серпінді дамып келе жатқан бағыт болатын. 
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына мол қаржы керек, (мәселен, қажет деген 600 млрд.теңгенің орнына қазір жыл сайын 70 млрд. теңге бөлінеді). Ал жылқы мен түйе шаруашылығы, акваөсіру шаруашылығы мүлдем қаржыландырылмайды. 
Осы ретте мынандай ой келе­ді. Ауыл шаруашылығындағы отбасылық фермалар өндірісінің үлесі 80%-ға жететін Израиль, Германия, Жапония сияқты дамыған елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, отбасылық фермаларды дамыту керек сияқты.
Жер ресурстарының жет­пей­тіні де – үлкен проблема. Сарапшылардың айтуынша, 2015 жылы еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 202 млн. га жердің 104,1 млн.гектары ғана (51,5%) шаруашылықтар­да жұмыс істеген.  Оның ішінде 171,7 млн.га жайылым мен шабындықтың 69,7 млн. га ғана (41%), ал 30 млн. га егістіктің 24,9 млн. га (83%) ғана пайдаланылған дейді. 
Ауылдың іргесіндегі жердің шаруашылық жүргізуге жетпейтіні де – өз алдына жеке проблема. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтарда мал ұстауға 35 млн гектар жер жетіспейді. Сондықтан жер учас­келерін бөлу жергілікті халық­тың мұқтажын ескере отырып жүргізілуге тиіс.

367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы