• Білім & Ғылым
  • 16 Маусым, 2021

Нарық жаңалықтары

МАМАН ДАЯРЛАУ 

Қандай мамандықтарға басымдық берілмек?

Астаналық колледждерде кәсіптік-техникалық білім гранттары қандай мамандықтарға бөлінді?

Елорданың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 26 492 студентті қамтитын 34 колледж (9 мемлекеттік, 25 жеке меншік) бар. Биыл соның 25-і мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандар даярлауға атсалыспақшы. «Мамандарды даярлау 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша келесі бағыттарда жүргізіледі: сервис және қызмет көрсету, білім беру, медицина, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, техника, энергетика және көлік, өндіріс, монтаждау, пайдалану және жөндеу, байланыс, телекоммуникация және ақапарттық технологиялар», – деді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова.

Басқарма өкілі баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы шеңберінде 2021-22 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы 15 бағыт және 4752 орынға 49 қажетті мамандық бойынша жасалғанын атап өтті. Оның ішінде 1050 орын «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысшы біліктіліктері бойынша тегін берілмек. Былтырғымен салыстырғанда, мемлекеттік тапсырыс 100 орынға көбейтілген. «Мектептер мен балабақшалар санының ұлғаюына, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласының дамуына байланысты елордада білім беру және ақпараттық технологиялар, сервис және қызмет көсрету, құрылыс, коммуналдық шаруашылық салаларында жұмысшы кадрларға қажеттілік өсіп отыр. Осыған байланысты биыл аталған салалар бойынша кадрлар даярлауға арналған орындар саны артты. 2021 жылы техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлау бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысу үшін 25 колледж (9 мемлекеті, 16 жеке меншік) өтінім берді», – деді Римма Иманғазинова.

Сондай-ақ  ол мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін колледждердің нақты тізімі өңірлік комиссияның шешімімен 20 маусымға дейін бекітілетінін айтты.

ЭКОЛОГИЯ

Орман қорын молайту жобасы қолға алынды

Еліміздің орман қорын молайту мақсатында бес жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша  қолға алынған орман қорын молықтыру жобасының іске асырылу барысы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова хабардар етті.

Жобаны іске асыру аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп 2021-2025 жылдарға арналған орман қорын молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарларын әзірлеген. Осындай кешенді жоспарлар табиғатты қорғау мекемелері мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне ведомстволық бағынысты ұйымдарында да әзірледі.

Жоспарда облыс әкімдіктерінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, орман пайдаланушылардың, халықаралық донорлардың, табиғат пайдаланушылардың және өзге де бастамашыл топтардың күшімен орман отырғызу көзделген.

Орман қорын молықтыру мен орман өсіру жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде облыстар бойынша ағаш отырғызу көлемдері ғылыми ұсынымдар мен жасыл желек өсіру талаптарына сәйкес жоспарланғаны атап өтілді.

Орман қорын молықтыру жобасы аясында  сексеуіл (шамамен 610 млн дана), қарағай (555 млн данадан астам), үйеңкі (193 млн данадан астам), шегіршін (132 млн данадан астам), қайың (100 млн данадан астам) және басқа да ағаш тұқымдарын отырғызу жоспарлануда.

Ағаштардың басым бөлігі әкімдіктердің күшімен (1 539,7 млн дана) отырғызылатын болады, орман пайдаланушылар мен халықаралық донорлардың үлесіне тиісінше 208,5 млн дана, Орман КЛХЖМ ведомстволық бағынысты ұйымдарының үлесіне  – 251,8 млн  дана ағаш келеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Жобаны қаржыландыру үшін  5 жыл ішінде республикалық бюджеттен  22,4 млрд  теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлу қарастырылады.

Сонымен қатар вице-министр еліміздің орман қорын тиімді қорғауға және дамытуға ықпал ететін жаңа жобаға тоқталып өтті. Қазіргі уақытта орман екпелерін отырғызу мониторингі және бақылау бойынша интерактивті карта құру мәселесі пысықталуда. Интерактивті картаны орман өрттерін, орман қорындағы заңсыз ағаш кесу мен құрылыстарды бақылау платформасы аясында енгізу жоспарланған. Аталмыш карта орман алқаптарының цифрлық карталары негізінде орман мекемелерінің орамдық желісіне байланыстыра отырып, құрылған орман екпелерінің учаскелері, алаңдары және тұқымдық құрамын анықтауға, бесжылдық кезеңге арналған ықтимал орман отырғызу учаскелерін бақылауға мүмкіндік береді. Интерактивті картаға, оның ішінде мобильді құрылғылар арқылы, тәулік бойы қол жеткізу мүмкін болмақ. Қаржы министрлігі тарапынан қолдау тапқан бұл жобаны іске асыру үшін 62 577 мың теңге бөлу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, орман қорының жалпы ауданы 30 млн га құрайды және ел аумағының 11%-ын алып жатыр.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

5150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы