• Мәселенің мәнісі
  • 17 Маусым, 2021

Коммуналдық қалдықты қалай кәдеге жаратуға болады?

Тұрмыстағы қатты қалдық жылдан жылға көбейіп келеді. Қалада ғана емес, ірі кентте, аудан орталығында қалдықты жинаудың, көмудің проблемасы өзекті болып тұр. Шамамен осыдан он бес жылдай бұрын тұрмыстағы қатты қалдықты жинау, өңдеу, көму мәселесі үкіметтік деңгейде сөз болып еді. Қоқыс өңдейтін зауыттарды салу мәселесі көтерілген болатын. Салынды да. Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорғанда бой көтерді.  Өкінішке қарай, оның біреуі жұмысын тоқтатса, екеуі толық жұмыс істемей тұр...

Тәуекел Бақаш

Сарапшылардың мәліме­тінше, еліміздегі әр үйден орта есеппен жыл сайын 250-350 килограмм қалдық шығады. Ал 2019 жылдан бастап билік алдын ала сұрыптаусыз полигондарға пластмасты, қағазды, шыныны көмуге тыйым салды. Энергетика министрлігі қалдықты қайта өңдеу деңгейін осылай арттыруға, ел ішінде қоқысты бөлек-бөлек жинауды енгізуге ұм­тылып отыр. 
2013 жылы үкіметтің алдына тұрмыстағы қатты қалдықты өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40 пайызға жеткізу міндеті қойылды. 2016 жылы қалпына келтірілетін қалдық 60 миллиард теңге шамасындағы полигондарда көміледі деген әңгіме шықты. Энергетика министрлігінің 2018 жылғы деректері бойынша, Нұр-Сұлтан қаласын есептемегенде, еліміздегі  үш жарым мың­нан астам полигонның бірде-бірі санитарлық-экологиялық нормаға сәйкес келмеген. Полигондардың көбі заңдастырылмаған. Дегенмен кейбір қалада қалдықты бөлек жинау жүйесі енгізілді, осы жүйедегі 130-дан астам кәсіпорын тұрмыстағы қатты қалдықты сұрыптап, өңдейді. Ал 2025 жылға дейін тұрмыстағы қатты қалдықты өңдейтін алты зауыт салынбақ.
Тұрмыстағы қатты қалдықты игеру, кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі халықаралық кеңесші Егор Зингер 1997 жылдан бастап халықаралық тәжірибені зерттей отырып, ондаған елдерді аралағанын айтады. Зингер инвесторлармен серіктестікте Алматы мен Астанада Қазақстандағы алғашқы қоқыс сұрыптау-өңдеу зауыттарын салды, қоқысты брикеттеу жүйесін енгізді. Зингердің айтуынша, қайта өңдеудің төмен тарифі, қаржы дағдарысы,  шенеуніктер тарапынан түрлі қысым болғандықтан ол қалдық өңдейтін бизнесті тастап кетуге мәжбүр болыпты. 
– Біз пластиктен флекс (ұсақ фрак­циялы пластмасса), орауыш парақ алып, қағазды эковатаға өң­дедік, – деп еске алады Егор Зингер.
Зингердің пікірінше, қатты қалдық айналасында қаржы былай бөлінуі керек: 40 пайызын қоқыс шығаратын компания, 45 пайызын зауыт алуы керек, өйткені ол сұрыптайды және өңдейді, тек 15 пайызы полигонға тиесілі болуы тиіс.
Зингер шикізатты бір бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу арқылы тұрмыстағы қатты қалдық проблемасын шешу мүмкін емес деп санайды. Оның пікірінше, мемлекет қалдықты қайта өңдеуді қолға алған кәсіпкерге көзқарасын өзгерту керек: тарифті көтеру керек, несие пайызын бүкіл әлемдегі сияқты кемінде үш пайызға дейін азайту керек, субсидия бөлуі қажет.

– Қазір Крыловтың «Аққу, шаян және шортан» мысалында­ғы сияқты әркім  әр жаққа тартады. Қоқыс шығаратындар бір бөлек, қоқыс өңдеу зауыты бір бөлек, ал полигон тіпті бөлек, өйткені ол мемлекет меншігінде. Ең жапа шегетіні – зауыт, өйткені ол тұрмыстағы қатты қалдықты өңдейді, шығарады, одан қалға­нын полигонға көму үшін ақша төлейді (!). Осы дұрыс па? Дұрыс емес. Жалпы, осы үшеуі не түгел мемлекеттікі, не түгел жеке меншік болуы керек, әйтпесе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей болып жұмыс істей алуы неғайбыл, – дейді Зингер.
Осы мәселе бір жүйеге келмей, яғни қатты қалдықты тасу – оны зауытта өңдеу – өңделгеннен қалға­нын полигонға көму – осы үштік бірігіп жұмыс істемей, тұрмыстағы қатты қалдықты жою проблемасы шешімін таба алмайды. Қала, облыс және аудан орталықтарының қоқыс үйінді­лерінде 100 миллион тонна тұрмыс­тық және коммуналдық қалдық­тың тау болып жатқаны осыдан.   
Экология, геология және та­би­ғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, Қа­зақстанда 3,2 мың полигон жұмыс істейді. 
– Оның ішінде полигондар­дың 83%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, өңірлерде қоқысты қайта өңдеу бойынша тиісті инфрақұрылым жоқ. 2016 жылы өндірушілердің кеңейтілген жа­уапкершілігі тұжырымын енгізе отырып, тұрмыстағы қатты қал­дықты өңдеу үлесін 6 есеге (2,6-дан 15%-ға дейін) көбейтуге болады. Дегенмен бұл жеткіліксіз, өйткені дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30%-дан асады, – дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Үкімет 2025 жылға қарай қал­дықтан шыққан шикізатты қайта өңдеу деңгейін 30%-ға дейін жеткізгісі келеді. Биыл Қазақ­станның төрт өңірінде тұрмыстағы қатты қалдықты бөлек жинау үшін 7230 контейнер орнату және жылына жалпы қуаты 300 мың тонна қалдықты сұрыптайтын үш қоқыс сұрыптау кешенін іске қосу көзделіп отыр. Қазір полимер мен аралас қаптама (тетрапак) қалдықтарын қайта өңдеу кешендерін салу жобаларын ірік­теуге конкурс жүріп жатыр. 
Өткен айда Экология министр­лігі қалдықты эне­ргетикалық кә­деге жарату жобасын қолға алу мақ­сатында аукциондық сауда жариялады. Waste to Energy ке­шендерін Ақтөбе, Алматы, Өс­кемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында іске қосу жоспарда тұр. Зауыттардың құрылысы инвесторларды тарту есебінен жасалмақ. Инвестор үшін басты талап – Еуропалық парламент пен Еуроодақ кеңесі­нің 2010/75/ЕО директивасының нормасына сәйкес түтін газын тазартудың бес сатылы жүйесін орнату. 
Қазір жер учаскелерін беру және инфрақұрылым салу үшін қажетті мәселелер пысықталып жатыр. Болжам бойынша, алты зауытты іске қосу 2025 жылға қарай шикізатты қайта өңдеу деңгейін 30%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, ал қалдықты кәдеге жарату 20% болмақ екен.

506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы