• Бизнес & Қоғам
  • 24 Маусым, 2021

Туризм – мемлекет танымалдылығының бір кепілі

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы «Farab» кітапханасының арнайы алаңында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатына қатысты. Журналистердің қойған сұрақтарына берген жауабында облыс әкімі Түркістан қаласын әлемдік стандартқа сай дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Киелі өңір тарихи және мәде­ни мұраға бай өлке. Облыс аума­ғында 1 663 тарих және мәдениет ескерткіштер орналасқан. Өңір­де туризм саласы 3 бағытта қар­қынды дамуда. Атап айтқанда, Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытындағы тарихи-танымдық туризм, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауық­тыру туризмі және Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм. 
Жалпы өткен жылы облыс аумағында орналастыру орында­рының құрылысы бойынша 15,6 млрд.теңгеге 10 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 500-дей жаңа жұмыс орындары ашылды. Түркістан қаласында тәуелсіз Қазақстан тарихында елімізде алғаш рет әуежай құрылысы жүргізілді. «Hazret Sultan» әуежайында Алматы – Түркістан, Нұр-Cұлтан –Түркістан, Атырау – Түркістан, Бішкек – Түркістан екі бағытта әуе рейстері бар.
Қазақстандағы туристік сала кадрларының қажеттілігін және туризмде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Түркістан халық­аралық туризм және қонақ­жай­лылық университеті ашылды, онда білім алушылар халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл өз кезегінде әлемнің кез келген жерінде кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Түркістан қаласының тарихи орталығының аумағында жеке инвестициялар есебінен «Керуен Сарай» көпбейімді турис­тік кешені іске қосылды. 300-ден астам жұмыс орны ашылып, жоба өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуда.
Осыған орай, таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Darhan Dala» жобасын жүзеге асыратындығын мәлімдеді. Жоба мақсаты – Түркістан қаласына, басқа да тарихи, киелі орындарға саяхат  ұйымдастыру. Отандық туризмді дамытуға үлес қосуды көздейтін жобаны ҚМДБ жанындағы «Darhan Dala Travel» турагенттігі жүзеге асырады.
Түркістанның туристік әлеуеті ескеріліп, шаһардан «Darhan Dala Travel» кеңсесінің ашылуы жоспарлануда. Тур фирманың жанынан арнайы Ислам ғұла­маларының сарапшылар тобы құрылады. Дін өкілдері шариғат тұрғысынан сауалдарға жауап беруге қолдау көрсететін болады. 
Сонымен қатар, облыстың құрылғанына 3 жыл толуына арналған «Жаңарған Түркіс­тан» салтанатты концерті өтті. «Конгресс-Холл» концерт залында өткен мерекелік кешке қатысқан облыс әкімі Ө.Шөкеев барша қазақстандықтарды құттықтады. «Сіздерді Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуымен құттықтаймын. Түркістан – күллі Алаштың текті төрі, қазақтың шежірелі шаһары және түркітілдес халықтардың рухани астанасы. Сондықтан бұл мереке – барша қазаққа ортақ. Осыдан тура үш жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иемденіп, дамудың жаңа сатысына көшті. Міне, осы 3 жылдың ішінде өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, өңірді дамытудың екінші кезеңі бас­талды. 5 жылға кешенді жос­пар құрылып, атқарылар істер айқын­далды. Қазақстанымыз бен Түркістанымыз мәңгі жасай берсін!», – деді облыс әкімі.
Мерекелік шарада облыс әкімі өңірдің дамуы мен қалыптасуына сүбелі үлес қосып, еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. Кеш қонағы, 14 мем­лекеттен өнер­паз қатысқан, отандық және шет елдік телеарналарда тіке­лей эфирден көрсетілген ха­лық­аралық «Voice of Turan» қазақ әндері ән байқауының лауреаты, Белоруссиядан келген жас әнші Дарья Хмельницкая С.Бәйтерековтің «Әлия» әнін шырқады. Елордадан келген «NOMAD» этно-фольклорлық ансамблі, Қазығұрт ауданынан келген «Балауса» би ансамблі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Мемлекеттік ака­демия­лық филармонияның солисі Азамат Жылтыргөзов, белгілі әнші Мәдина Сәдуақасовалар өнер көрсетті.

Нұрлан ҚҰМАР

1311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы