• Өндіріс
  • 24 Маусым, 2021

Экономиканың белді буыны

Ел экономикасын өсіруге, шикізаттық бағыттан алшақтауға негізделген, республиканың ауыр машина жасау саласындағы жаңа тарихының бас­талуы кезінде күрделі құрылымдық өзгерістер бастамасының алғашқы жаршыларының бірі болған іргелі өндіріс орны – Локомотив құрастыру зауыты. 

2006 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы америкалық General Electric компаниясымен уағдаластық жасағаннан кейін, аймақтың климаттық ерекшеліктерін, рельстік төсемін, тасымалданатын жүктердің ерекшеліктерін, экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларды ескере отырып, қазақстандық тепловозға техникалық сипаттама әзірлей бастады. 

Сөйтіп, 2009 жылы Қазақстанда жиналған ТЭ33А Evolution сериялы алғашқы жүк магистарльдық тепловозының тұсауы кесілді. «ЛҚЗ» АҚ 2012 жылдан бастап толық қуатына көшіп, айына 8 тепловоздан жасады.
Бүгінде еліміздегі заманауи тепловоздар шығаратын жалғыз зауыттың негізгі өндірістік цехтарында тартқыш жылжымалы құрамның жылына 100 бірлігі шығарылады. Жүк (ТЭ33АС), жолаушылар (ТЭП33А) және маневрлік (ТЭМ11А) тепловоздары жасалады. ТЭ33АС сериялы қуаттылығы 3356 квт болатын, техникалық жағынан алдыңғы қатарлы және үнемді, бір секциялы магистральдық жүк тепловозының ең жоғарғы жылдамдығы сағатына 120 шақырым. Техникалық жағынан озат, алдыңғы қатарлы және үнемді тепловоздың ең жоғарғы жылдамдығы – сағатына 160 шақырым. Өндіріс ошағында 570-тен астам жұмыс орны ашылған. Жалпы, 2010 жылдан бастап 11 мыңнан астам торап пен бөлшек оқшауландырылды. Бұл құрамдас бөліктердің жергілікті қамтудың 74%-дан астам деңгейіне жетуге мүмкіндік берді.


Өткен жылы зауыт 373 жүк, жолаушылар және маневрлік локомотивтерді шығарды, олардың 36-сы экспортқа жол тартты. Сыртқы нарыққа шығу әлеуетіне баса назар аударып отырған компания Тәжікстанға, Әзербайжанға, Түрікменстанға, Украинаға, Қырғызстан мен Молдоваға экспорттық бағыт алған. Нұр-Сұлтанда өндірілетін локомотивтердің жоғары сапасы республикадан тыс жерлерде де мәлім. «Evolution» сериялы қазақстандық ТЭ33А осы елдерде сәтті пайдаланылуда. ТЭ33А тепловозының техникалық сипаттамалары, қуаты, пайдаланудағы үнемділігі, барлық халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес болғандықтан, Тәжікстан, Латвия, Эстония, Моңғолия және басқа да елдердің компаниялары Қазақстанда жасалған жүк тепловозын сатып алуға қызу құлшыныс танытып отыр. 
Барлық локомотивтер мәлім­делген техникалық сипаттамалар мен пайдалану қауіпсіздігіне сәйкестігін тексерудің толық циклынан өтеді. Әрбір тепловоз соңғы құрастыру мен бояудан кейін сынау учаскесіне жіберіледі. Жаңа машиналар бес негізгі бағыттарды қамтитын әртүрлі сынаудың 19 түрінен өткізіледі. Сынау кезінде дәлдігі жоғары заманауи аспаптар қолданылады. ТЭ33А кез келген техника сияқты үнемі түзетуді, жетілдіруді талап етеді, сол себептен кәсіпорында конструкторлық-технологиялық бюро құрылған. Оның міндеті – үздіксіз талдау жүргізу және жинақтаушы бөлшектерді дайындаған кезде түзетулер енгізу. Зауыт-даярлаушы әрқашан тапсырыс берушінің тілектерін орындауға және кез келген ескертулерді жоюға дайын. Өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Wabtec Company-General Electric компаниясы әзірлеген ТЭМ11А жаңа буынды маневрлік тепловоздың алғашқы 2 прототипі жасалды. Қазіргі уақытта локомотивтер валидациялық және сертификаттық сынақтардан өтуде. Жаңа инновациялық технологиялар арқасында ТЭМ11А тепловозы жоғары сенімділікпен, қызмет көрсетудегі үнемділікпен және пайдалану кезіндегі қауіпсіздікпен ерекшеленеді. Қызмет ету мерзімі мен жөндеу аралық кезеңінің ұзақтығын, орнатылған өзіндік диагностикалау жүйесін және бос жүрістегі дизель отынының аз шығынын отандық өнімнің негізгі артықшылықтары ретінде атауға болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

17464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы