• Бизнес & Қоғам
  • 24 Маусым, 2021

КӨКӨНІСТІҢ ҚЫМБАТТАУЫНА КІМ КІНӘЛІ БОЛЫП ШЫҚТЫ?

Картоп, сәбіз, қызылша қымбаттады. Бірер айдың ішінде. Картоптың жетіспеушілігі соңғы екі аптада қатты білінді. Алматы базарында картоп килограмы орта есеппен 300-400 теңге, пияз – 170-200 теңге, сәбіз – 350-400 теңге, қырыққабат – 170-200 теңге, қызанақ – 450-500 теңге, қияр – 250-600 теңге тұрады.

Бағаның көп өсуі Атырау облысында (6,8%), Нұр-Сұлтанда (6,3%) және Шымкентте (5,6%) байқалған.

Айта кету керек, облыстарда бағаның айырмашылығы да байқалады, өйткені әр өңірде әр түрлі көкөніс өсіріледі: мысалы, солтүстік пен батыста негізінен картоп пен сәбіз, ал оңтүстікте қияр мен қызанақ. Тиісінше, басқа аймаққа жеткізгенде олардың құны артады, өйткені тасымалдау шығыны бар.

Жылыжайлар одағының прези­денті Нұрлан Әділхан биылғы көкөніс қымбаттау себебін көк­темнің ұзаққа созылғанынан көре­ді. Жылыжай көкөнісін (қияр, қызанақ) өсіретін ұсақ фермерге осы ұзаққа созылған суық әжептәуір әсер етеді, өйткені оларда күнді алмастыратын, қымбат тұратын, жоғары технологиялық құрал жоқ.

Картоп пен көкөніс өсірушілер қауымдастығының президенті Қайрат Бисетаев та жазғытұрымға қарай бағаның өсетінін айтып отыр. Бағаның өсуі сақтау шығындарына байланысты, дейді ол.

– Біз өнімді тамыз, қыркүйек айларында жинаймыз. Қалған уақытта ол тек сақталады. Ал бұл шығынды талап етеді: электр энергиясы, іріктеу, жұмыс күші және т.б. Осы шығынның бәрі жиылып, көктемге қарай баға өседі. Бұл – бағаның табиғи өсуі. Сонымен бірге көктемге қарай сұраныс артып, ұсыныс азаяды, – дейді ол.

Күзде, керісінше, бағалар көбі­несе өзіндік құннан да төмен түседі, өйткені қоймалары жоқ шағын фермерлер нарыққа шығады. Олардың міндеті – суық түскенше өнімді сатып құтылу, сондықтан баға да күрт түседі.

– Картопты, көкөністі арнайы өсірумен айналысатын және оларды сақтайтын мамандардың міндеті – өнімді күзде қалыптасқан бағамен сату. Бірақ банктің немесе несие берушінің алдындағы қарызын өтеу үшін, қыс бойы қоймада сақтауға кеткен шығынды жабу үшін қыста, көктемде, жазғытұрым бағаны өсіруге мәжбүр болады, – дейді Қайрат Бисетаев.

Сарапшылар сонымен бірге жеміс пен көкөністің қымбаттауына делдалдар да кінәлі болуы мүмкін дейді.

– Тауар біз қоймадан жіберетін бағадан шамамен 2-2,5 есе жоғары бағамен тұтынушыға жеткізіледі, – дейді Нұрлан Әділхан.

Тағы бір проблема – көрші мем­лекеттердің демпингі (бағаны жасанды түрде төмендету).

 – Мысалы, Ресей Федерациясынан картоп келіп кіреді, ол үшін қосымша құн салығын төлеу керек. Олар құн төлесе, онда картоп бізбен бәсекелесе алар еді. Бірақ орыс картобы нарыққа декларацияланбаған схемамен кіреді, сөйтіп нарыққа демпинг жасайды, соның салдарынан біздің фермердің табысы түк болмай қалады, – дейді Қайрат Бисетаев.

Оның айтуынша, көкөніс шығарушылар соңғы үш жылда нөлдік пайда бағасында отырды немесе минусқа кетті (17, 18, 19 жылдар), өйткені импорт мол болғандықтан өсіру тиімсіз, салдарынан жергілікті картоп өсірушілердің көбі бұл саладан кетіп қалды.

Картоптың қымбаттауына мұның да қатысты бар дей келе, Қайрат Бисетаев былай дейді: соңғы жылы Ресейде құрғақшылық болып, олардың тарапынан картопқа сұраныс жоғары болды, сондықтан олар  Қазақстаннан былтыр шамамен 100 мың тонна картоп сатып алды. Бұрын жылына 8-10 мың тоннадан артық сатылмайтын.

– Жоспардан тыс, артық экспорт көкөністің қымбаттауына да әсер етті, – дейді картоп пен көкөніс өсірушілер қауымдас­тығының президенті.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі елімізде көкөніс пен жемістің қымбаттауына өндірістің көлемі,  өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауар мен қызмет бағасының өсуі (тасымалдау, энергия көзі, қоймада сақтау және т.б. шығыстар), түрлі тиімсіз делдалдың көп болуы, сауда объектілері тарапынан үстеме баға қойылуы, әлемдік нарықтағы ұқсас өнім бағасының көтерілуі және т. б. осы сияқты факторлар әсер ететіндігін растайды.

Нұрлан Әділхан жылыжай бизнесін дамытып, тиісінше бағаны төмендету үшін мемлекет фермерлерді ынталандырып, оларға төмен пайызбен несие беруі тиіс деген ойын ашып айтады. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне фермерлерге жер бөліп, азық-түлік белдеуін құруы керек. Сарапшылардың есеп­теуінше, көкөніспен өзін-өзі қамтамасыз ету және оны басқа елдерге экспорттау үшін үш мың гектардан астам жер қажет.

Картоп пен сәбіздің күрт қымбаттауы мәселесін сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазір өзі шешпек болып жатыр. Ол көкөністі жеткізу туралы келісім-шарт жасу үшін Орталық Азия елдеріне шығуды жоспарлап, кеше Ташкентке барды. 

– Ішкі нарықтың тұрақ­ты­лығын және экспорттың көле­мін қамтамасыз ету үшін біз көршілермен тиісті келісімшарт жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанмен байланыс бар, – деген еді Сұлтанов алдыңғы күні халыққа есеп беру кездесуінде.

Сонымен бірге министр мұндай жұмысты мемлекет емес, тиісті бизнес-құрылымдар да жүргізуі керегін атап өткен болатын.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

 

1323 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы