• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 24 Маусым, 2021

Еріктілер қозғалысы нақты пайда көрсетті

Министрлер кабинетінің дәстүрлі отырысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға кезекті рет шолу жасалды. Бұдан өзге, бәсекелестікті дамытудың жаңа тәсілдеріне, волонтерлікті дамытудың жол картасына мән берілді. Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл салаларға қатысты міндеттерді нақтылады.   

Премьер-министр сайтында хабарланғандай, елдегі сани­тарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауға алынған. Халықты вакциналау барысы мен қазіргі ахуалды баяндаған денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, вирустың репродуктивтік индексі 1, инфекциялық төсек орындары 25%, реанимациялық төсек орындары 21% қамтылған. Нұр-Сұлтан қаласы әлі де қызыл аймақта тұрса, сары аймақта 5 өңір: Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақ­стан және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған 11 өңір – жасыл аймаққа енді. Ал вакциналау барысына келсек, 2,8 млн-нан астам адам бірінші компонентті, 1,7 млн-нан астамы екінші компо­нентті алды. 
Премьер-министр елордада коронавирустың үнділік «дельта» штамына тән мутацияның ықтималдығы анықталып отырға­нына, оның таралу жылдам­дығы өте жоғары және жылдам өршитініне, сондай-ақ салдары анағұрлым ауыр екеніне назар аударды. Осы ретте санитар­лық-эпидемиологиялық жағ­дайды бақылауда ұстауды, ведомс­твоаралық комиссияға елор­­дадағы санитарлық-эпиде­мио­логиялық талаптарды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. «Жалпы, Қазақстандағы жағдай тұрақты болғанына қарамастан, көрші мемлекеттердегі жағдай нашарлай түсуде. Сондықтан мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту керек, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауға және вакциналау қарқынын арттыруға ерекше назар аудару қажет», – деді А.Мамин.
Жиында бәсекелестікті да­мыту­дың жаңа тәсілдерін баян­даған бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, 4 кодекс пен 6 заңға өз­герістер мен толықтырулар енгі­зілуде. Бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасы экономиканың негізгі салаларында бәсекелестік ортаны кеңейтуге, сондай-ақ байланыс, темір жол, жүк және жолаушылар тасымалы нарықтарының, әуежайлар қызметтерінің, АӨК, көмір, фар­мацевтика, құрылыс және басқа да тауар нарықтарының жұмыс істеуіне бағытталған бәсекелестікті дамытудағы жаңа тәсілдерді қарастырады. Заң жобасы бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік және экономикалық кедергілерді жою жолдарын қарастырады. Құжатта ұсынылған шараларды іске асыру таяу келешекте мемлекеттің ел экономикасындағы қатысу үлесін 14%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. 
Бүгінгі күннің негізгі міндеті – мемлекеттің экономикадағы рөлін айқындау. Президент тап­сырмасына сәйкес Агенттік крауд­сорсингтік алаңдар ашқан. Ең алдымен, бұл Open Space пікір алмасудың ашық диалог алаңы, онда қоғамды толғандыратын ең өзекті және көкейкесті мәселелер бойынша 211-ден астам сессия өтті, сондай-ақ елдің 17 өңірінде тосқауылдар бойынша кеңестер құрылды, оларға 216 сарапшы қатысады. Осы уақыт ішінде 80-нен астам кедергі анықталып, олардың 13-іне шаралар қабылданды.  
Бәсекелестікті дамытудың келесі бағыты – биржалық сауданы дамыту. Бұл ретте  биржалық сауда дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі таңда бензин, битум, көмір, сұйытылған газ сауда-сат­тығы іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін авиакеросин, дизель отыны, бидайдың есебінен сауда кеңейетін болады. Алғаш рет көмірмен биржалық сауда-саттық өткізілді, онда карьерлердің өздері жеткізу базисі болады. Қаражыра мен Шұбаркөлдің алғашқы сауда-саттығы тұтынушы үшін үнемділігі 20%-ға дейін құрайтынын көрсетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал бәсеке елі­міздің жаңа экономика­лық бағ­дарының негізгі қағидат­тарының бірі екенін атап өтті. Сондықтан бәсекелестіктің ұзақ мерзімді жаңа саясатын жасаудың маңызы зор. Бұл бәсекелестік пен «жұмсақ құқық» құралдарын кеңінен қол­дануға неғұрлым жетілдірілген жағдайлар жасауды талап етеді, мұның өзі заңнаманы бұзу қауіп­терін төмендетуге жол ашады», – деді А.Мамин. 
Бұл тұрғыда Премьер-министр бәсекелестікті дамыту биржалық сауда құралдарын тарату және негізгі инфрақұрылымдық қуаттарға қол жеткізу шарттарын кеңейту арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтіп, мемлекеттік және жеке опе­раторлардың түрлі салалардағы қызметін реттеу нормаларын қайта қарау қажеттігін назарға салды. Агенттікке бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасының орындалуын қарау барысында волонтерлік қазақстандықтардың азаматтық белсенділігінің маңызды формасына айналып отырғандығы атап өтілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, ел Президенті бастамасымен қолға алынған во­лон­терлік қозғалыс – бүгінде жал­пы­халықтық қолдауға ие үлкен жо­­баға айналды. Әсіресе, былтыр Волонтерлер жылында, пандемия кезінде халықтың шынайы қайырымдылық қасиеті мен елге деген жеке жауапкершілігі ерекше білінді. Осы бір жыл ішінде волонтерлік қызметтің қарқыны артып, бағдарламалар мен жоба­лардың ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Волонтерлік ұйым­дардың саны 3 есеге, белсенді еріктілер қатары 4 есеге көбейді. Пандемия кезеңінде 500 мыңға жуық азамат волонтерлік қызметке қатысып, 1 млн-ға жуық мұқтаж жанға нақты көмек көрсетілді. 80 мыңнан астам азық-түлік себеті, 4,5 млн медициналық жабдық та­ратылды. Осы қалыптасқан ауқымды мүмкіндіктер мен адами ресурсты сақтай отырып во­лонтерлікті дамытудың жол картасы аясында еріктілер қозғалысын қолдау биыл да өз жалғасын табуда. Бұл – «Nur Otan» партиясының да сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басымдықтардың бірі. Заңнамалық деңгейде өз­герістер енгізу аясында, оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқықтары мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалары сияқты жаңашылдықтар қарастырылған. Волонтерлік қыз­меттің ең көп үлесі денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласына – 68%, абаттандыру және тазалық саласына – 12% тиесілі. 
«Біз еріктілер қозғалысының зор әлеуеті мен нақты пайдасын көрдік. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша биылғы жыл волонтерлік бастамалардың жалғасына айналды. Қоғамда өзара көмек пен қайырымдылық принциптерін одан әрі дамыту қажет», – деді А.Мамин.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп волонтерлік қызмет мәселелері бойынша заң жобасын сапалы пысықтауды қамтамасыз ету және оны биылғы 1 шілдеге дейін Үкіметке енгізу, сарапшылармен бірлесіп волонтерлік қызметті қолдау стандартын әзір­леу және волонтерлікті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлеу тапсырыл­ды. Премьер-министр мемлекет­тік органдарға құқықтық және психо­логиялық көмек көрсету, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, төтенше жағдайлардың салдарын жою және басқа да салаларда салалық волонтерлікке, оның ішінде цифрлық, онлайн-волонтерлік, эковолонтерлік үшін жағдай жасауды және жандандыруды тапсырды. Өңірлердің әкімдіктері еріктілер қозғалысын ынталандыру шараларын кү­шейтуі, тұрақты мониторинг жасау жүйесін жолға қоюы және осы жылдың 1 тамызына дейін 2023 жылға дейінгі Өңірлік жол карталарын қабылдауы қажет. Үкімет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, Жалпыұлттық игі істер марафонын іске асыруға жұртшылықты кеңінен тарту қажеттігін атап өтті. Ақпарат министрлігіне мемлекеттік органдармен және Ұлттық волонтерлік желімен бірлесіп, үздік волонтерлік тәжірибелерді белсенді түрде насихаттау және барлық деңгейде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Бетті дайындаған – 
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

308 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы