• Бизнес & Қоғам
  • 01 Шілде, 2021

Ауыл әкімдерін халық сайлайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында бірқатар демократиялық бағыттағы реформаларды, оның ішінде алғашқы қадам ретінде ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауын өткізудің бірінші кезеңін белгілеп берді. Мұның өзі егемен Қазақстан тарихындағы алғашқы ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі болмақ. Демократиялық құндылығы, азаматтық қоғамы қалыптасқан еуропалық мемлекеттерде президенттен бастап, университет ректорларын, мектеп директорларын сайлайтын үрдістің дамығанына жарты ғасырдан асты. Ал біздің еліміз сол жолға енді бет бұруда.

Президенттің саяси рефор­маға қатысты кезекті ұсыны­сына байланысты аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкім­дерінің тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобалары дайындалып, Мәжілісте мақұлданып, Мемлекет басшысы қол қойды. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу шеңберінде заңнамаға сайлауды белгілеу, кандидаттар ұсыну, оларға қолдау көрсету үшін қол жинау, кандидаттарды тіркеу, сайлауды өткізу, дауыстарды санау және сайлау қорытынды­ла­рын шығару тәртібін белгі­леуге қатысты өзгерістер енгізіл­ді. Күллі еліміз бойынша өкі­леттігі 2021 жылы аяқталатын 836 әкімнің (2022 жылы – 351 бірлік, 2023 жылы – 499 бірлік, 2024 жылы – 585 бірлік, 2025 жылы – 74 бірлік, барлығы 2 345 бірлік) орнына сайлау өткізіледі.  Енді 2025 жылға дейін ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі іске асырылады. Сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай жергілікті бюджет есебінен өткізіледі. Бұл ретте 2021-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің қолданылу кезеңінде сайлау­ды қаржыландыру Орталық сайлау комиссиясы арқылы республикалық бюджеттен берілетін нысаналы транс­ферттермен жүзеге асырылмақ. Ал 2023 жылдан бастап бұл шығыстар жергілікті бюджеттердің шы­ғыстар базасына енгізіліп,  жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескеріледі.  Биылғы екінші жартыжылдықта тікелей сайлауды енгізуге 4,8 млрд теңге (жалпы 2021-2025 жылдарға – 17,6 млрд теңге) жұмсалмақ.

КІМ ӘКІМ  БОЛА АЛАДЫ?

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көрсетілгендей, біліктілік талаптарына сәйкес келетін 25 жастан кіші емес еліміздің азаматы ауыл әкімі болып сайлана алады. Сайлауға кімдер үміткер болып қатыса алады десек, біріншіден, саяси партиялардың   өз мүшелері арасынан ұсынған адам, екіншіден, дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-іне қол жинау арқылы өзін-өзі ұсынушылар. Соның ішінде бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

 

 

Әкім сайлауы 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде сайлаудың қорытындысы шыға­рылады. Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркеп, содан кейін ол өз өкілеттігіне кіріседі.

Заңнамада әкімнің өкілеттігін тоқтатудың жағдайлары қарасты­рылған. Олар:

1. Сот шешімі бойынша әкімді әре­кетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шек­теулі, хабар-ошарсыз кетті деп тану не оны қайтыс болды деп жария­лау;

2. Партия мүшелігінен айрылу (партия ұсынған жағдайда, ол ұсынылған саяси партияны қайта ұйымдастыруды және таратуды қоспағанда);

3. Жоғары тұрған әкімнің аудан мәслихаты депутаттарының әкімге қатысты, оның ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының бастамасы бойынша сенімсіздік вотумын қабылдауы;

4. Аумақтық сайлау комиссия­сының жаңадан сайланған әкімді тіркеуі;

5. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағ­дайларда тоқтатылады.

Бұдан басқа мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес (сот шешімі бойынша, өз еркімен, қайтыс болған жағдайда, азаматтығынан айырылған жағдайда және т.б.) әкімдер өкілеттігі тоқтатылады.

Аудандық маңызы бар қалалар­дың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдеріне ротация және аттестаттау жүргізу, тәртіптік теріс қылықтар мен жазалар үшін лауазымын төмендету (бұл мәселелер «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңмен реттелген) шарасы қолданылмайды. Сондай-ақ сайланған ауыл әкімдері әскери жиындарға шақырудан босатылады. Қалай болғанда да, мұн­дай артықшылықтар әкімнің халық ал­дындағы есептілігін, ауыл тұр­ғын­дарының түйткілді мәсе­лелерін жедел шешуіне, елдегі саяси бәсеклестікті күшейтуге мүмкіндік береді. Ал әкім сайлауының өзі аза­маттардың белсенділігін арттырады, олардың билікке деген сенімін күшейтеді.

 

САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Батыс Қазақстан облысы әкімді­гінде облыстық сайлау комиссия­сының төрағасы Ғайса Қапақовтың төрағалық етуімен алдағы сайлауға дайындық жұмыстарын пысықтаған селекторлық жиын өтті. Төраға облыста биыл 25 маусым мен 25 шілде аралығында 31 ауылдық округ әкімдері сайланатынын, соның ішінде бірінші кезекте мерзімі аяқталатын әкімдердің орнына сайлау өтетінін мәлім етті. «Еліміздің тарихында мұндай сайлау алғаш рет өткізілгелі отыр. Әкімдерді халықтың тікелей сайлауы – бұрын-соңды болмаған үрдіс. Сондықтан сайлауды ұйымшылдықпен, халыққа түсінікті етіп өткізу – басты міндетіміз. Сайлаудың әділдігі мен ашықтығын және жариялылығын көрсетуіміз керек. Сайлауды өткізу және оны халыққа толық жеткізу мақсатында медиа-жоспар жасақталуда. Осы медиа-жоспар бойынша сайлауға қатысты барлық жұмысты күн сайын облыстық, аудандық газеттерге, интернет парақшаларға, аудандық әкімдік сайттарына жариялап, қалың бұқараны құлағдар етіп тұру қажет. Халық сайлауға қалай қатысады, сайлау қалай өтеді, ақпараттарды қай жерден оқи алады, міне, осының барлығын біліп отырғаны дұрыс. Ешкім сайлау болатынын білмей қалдық деп жүрмесін», – деп сөзіне екпін түсіре айтты Ғайса Қапақов.

Бұдан әрі аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары алдағы сайлауға дайындықтары жайында есеп берді. Аудандардағы сайлау өтетін ауылдық округтерде сайлауға дайындық жұмыстары қалыпты өтуде. Сайлау учаскелерінде техникалық құрал-жабдықтар дайын тұр. Қажетті кеңсе тауарларының тізбесі, есеп-қисабы жасалған. Комиссия мүшелерін оқыту жұмыстары жалғасуда. «Сайлау комиссиялары мүшелерінің орнын басатын резерв болуы керек. Ертең әкімдікке үміткерлікке кім ұсынылатынын білмейміз. Егер үміткер комиссия мүшелерінің жақыны, тума-туысы болып шығатын болса, онда ондай мүшелерді ауыстыру керек. Сондықтан сайлау комиссиясының резервін жасауды ұмытпаңыздар», – деп ескертті төраға.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН  ӘЖІГЕРЕЕВА

 

1780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы