• Қаржы
  • 01 Шілде, 2021

Мұнай қымбаттағанмен, теңге – орнықты

Маусым айы басталғалы бері теңге бағамы мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан, бір АҚШ доллары үшін 425,6-428,7 аралығында саудаланып келеді. Теңгенің мұнайдан кейін неліктен нығая алмай тұрғаны және әлемдік нарықтардағы оқиғалар бағам серпініне қалай әсер ететіні туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсініктеме жасады, деп жазады қаржы институтының баспасөз қызметі.

«Шынында да, мұнай нарығында қазір жағымды жаңалықтар басым болғандықтан, ол баррель бағасына әсер етеді. Мұнай бағасы соңғы 2 жылда алғаш рет  75,90 деңгейіне дейін жетіп, бір баррель үшін 75 доллар белгісінен асып түсті. Қоймалардағы қордың төмендеуі және қозғалыс жасауға қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға байланысты жаз мезгілінде сұраныстың ұлғаюын күткен инвесторлардың үміті мұ­найдың белгіленген бағасының өсуін қолдап отыр», – дейді Ә.Мол­дабекова.

   Бұл ретте бірқатар ішкі факторлар теңгеге тежеуші әсерін тигізіп отырғанын да айтады.

Біріншіден, іскерлік белсен­ділікті қалпына келтіру және локдаун кезеңінде «тыныш аймақта» болған тауарлар импортына кейінге қалдырылған сұранысты сату есебінен валютаға деген сұраныс тұрақты түрде сақталады. Атап айтқанда, өндіріс құралдары мен аралық тауарларға кейінге қалды­рылған сұраныс жүзеге асырылуда екен.

Ұлттық банк төрағасы орын­басарының айтуынша, Қазақстан қор биржасында сауда-саттық көлемінің ұлғаюы экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің және шетел валютасына сұранысты арттырудың айқын айғағы болып табылады. Егер 2021 жылғы қаңтар-мамырда сауда-саттықтың орташа көлемі бір күнде 125 миллионды құраса, маусымда оның көлемі 146 млн АҚШ долларына дейін өскен.

2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорттың өсуі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ды құрапты және азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты мен өндіріс құралдарының есебінен 11,4 млрд долларға жеткен. «Егер нақты мысалдар келтіретін болсақ, – дейді қаржылық институт басшысының орынбасары, – бір жыл бұрын 200 млн АҚШ долларына көп табыс алып келген автомобиль импорты ең үлкен өсімді көрсетті. Қазақстанға алып келген тауарлар арасында ерекшеленген тауарлар құрамында тұрмыстық техника: компьютерлер, мониторлар және проекторлар, телефондар, тоңазытқыштар да бар».

Айта кету керек, біз бұл туралы өзіміздің  «Tenge Monitor» газетінде нақты инфографикалармен кеңірек әңгімелеген де болатынбыз.

Ұлттық банк төрағасының орын­­басары: «Барлық импорттық тауарлардың шамамен 40%-ы Ресейден әкелінеді және бұл үр­діс күшейіп келеді. 2020 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2021 жылғы қаңтар-сәуірде тауарлар Ресейден 16%-ға көп импортталды. Ресейден импортталатын тауарлар бағасының өсуі және біздің бизнестің тиісті күтулері сатып алу көлемінің ұлғаюына әсер етеді», – деп ашығын айтты.

Екіншіден, маусымдық өз­герістерді де атап өту қажет. Әрине, коронавирус таралуының жал­ғасуын және шектеу шарала­рының сақталуын ескерсек, демалыс маусымына байланысты валютаға сұраныстың өсуі онша маңызды емес, бірақ әлі де болса орын алуда екен. Өз тарапымыздан қосарымыз: валютаға сұраныс нақ осы жаз айларында өседі, әсіресе халықтың басым бөлігі, соның ішінде қалталы қауым мен бюджеттік құрылымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің көпшілігі де, еңбек демалысына осы кезде шығады емес пе? «Сонымен қатар, – дейді Әлия Молдабекова, – маусымның бірінші жартысында негізінен шетелдік капитал үлесі бар компанияларға қатысты дивиденд төлеу кезеңі аяқталды. Яғни бұл компаниялар шетелдегі бас ұйымдарға аудару үшін ак­ционерлердің дивидендтерін ва­лютаға конвертациялайды. Бұл бағамға тікелей әсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде валютаға сұра­ныс артады».

Үшіншіден, валютаға сұраныс фискалдық ынталандырудың ықпа­лымен және зейнетақы жинақ­тарын пайдаланумен қолдау табуда. «Ұсыныс тұрғысынан үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпыз. Экспорттаушы компаниялар және бюджетке трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордың активтерін конвертациялау валютаны сатудың негізгі көзі болып қалып отыр», – дейді ол.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ә.Молдабекованың пайымдауынша, осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді. Қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес.

Исатай ҚАМБАРОВ

821 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы