• Кәсіпкерлік
  • 01 Шілде, 2021

ERG: Әлеуметтік міндеттеме – алдыңғы орында

Eurasian Resources Group Қазақстандағы барлық кәсіпорындарда қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайтуда. Шілдеден бастап бұл көрсеткіш орта есеппен 8-10% өседі. Атап өтерлігі, компанияда 2016 жылдан бері еңбекақы осымен алтыншы рет жоғарылап отыр.

Компания ақпараты бойынша, бірінші кезекте өндіріс пен қосалқы көмекші мамандардың еңбекақысы артады. Сонымен бірге инженерлік-техникалық және әкімшілік құрамның да кейбір санаттары қамтылмақ. Бұл ретте алдымен мамандық тапшылығы, кадр­лар ағынының ахуалы, еңбек на­рығы жан-жақты сараланғаннан кейін, еңбекақы дифференциалды түрде 8-10% өседі. Қаңтар айында да еңбекақы мөлшері ұлғайтылғанын ескеретін болсақ, еуразиялықтардың еңбекақысы биыл орта есеппен  20% өсіп отыр. Компания Қазақстанда халық көптеп тұтынатын тауарлар мен өзге де негізгі өнімдердің қымбаттап бара жатқанын ескере келе, келер жылға жоспарланған өндірістік кәсіпорындары қыз­меткерлерінің еңбекақысын жарты жыл бұрын көтеру керек деп шешкен. Бұған қалыптасқан ахуал, әлемдік нарықтардағы бағалардың құлдырауынан соң нарық жандануы да әсер етті. Қазіргі күні әлемдік нарық бағамдары мен өнімдер құны және оларға сұраныс біртіндеп артып келеді.

– Біз COVID-19 пандемиясының ең бір күрделі кезеңдерін ұйысқан команда ретінде жұмыс істеп, өндіріс жоспарын орындай отырып, бірге еңсердік, – дейді ERG директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Әлемдік металдар нарығындағы дағдарысқа қарамастан,  компанияның топ-менеджменті персонал алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін мұқият орындады. Өйткені, қызметкерлеріміздің денсаулығы мен тұрмыс жағдайы біз үшін бәрінен маңызды.

Осы аралықта жинақталған еңбек­ақы өсімі Қазақстандағы ресми инфляция деңгейінен жоғары. Топ ең­бекақы мөлшерін ұлғайта отырып, ұжымдық келісім шарттардағы және одан тыс әлеуметтік бағдарламалары мен қызметкерлеріне берілетін жеңіл­діктерді сақтап қалады.

Тағы бір атап өтерлік жағымды жаңалық, Ақсу ферроқорытпа зауы­тының 42 қызметкері көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Тосынсый жасалып, пәтерлер кілті металлургтерге олардың жұмыс орындарында табыс­талды. Зауыттықтарға ерекше тосынсыйды Еуразия­­лық топ құрамындағы «Қазхром» ТҰК АҚ филиалының жетекшілері ұйымдастырды. Бес қабатты ғимарат ERG тұрғын үй бағ­дарламасы аясында салынған және қаланың келешегі зор аудандарының бірінде бой көтер­ген. Жанында өзге де төрт ғимарат және Еуразиялық топ пен Павлодар облысының әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру аясында іргетасы қаланған Спорт сарайы мен спорт алаңдары орналасқан. Пәтерлер бір, екі және үш бөлмелі. Олардың барлығы таза әрленіп, дайын күйінде үй иесіне тапсырылады. Жаңа құрылыс өткен жылдың соңында тапсыруға дайын болған еді, әйтсе де коммуникацияны тартуда қиындықтар туындап, кідіріп қалды. Енді қазірде барлық қажетті жұмыс аяқталған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі аумақты абат­тандыруға кірісіп те кетті.

Пәтер кілтін алғандар арасында жоғары білікті мамандар мен тапшы мамандықтар иелері, өндірістің жас жұмысшылары бар. Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері пәтерді ERG үшін «От­басы банкі» АҚ  арнайы әзірленген бірегей несиелеу бағдарламасы бойынша төмен пайыздық мөлшерлемемен ұлттық валютада, келешекте сатып алу құқығымен 20 жылға дейінгі мерзімге жалға алды. Ол үшін алғашқы жарна да қажет емес. Бұл ферроқорытпа зауытының жұмысшыларына арнап салынған бесінші үй. Осылайша, 2009 жылдан бері 260-тан аса қызметкер пәтер кілттеріне ие болды. Бұдан бөлек, тағы 50 пәтерлік тұрғын үй тапсырылуға дайындалып жатыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы