• Өндіріс
  • 01 Шілде, 2021

ТШО: Сандық шешім сын-қатерді азайтты

Өткен жылғы пандемиямен қым-қуыт күрес, шикізат бағасының құлдырауы мен ОPEC+ өндірісі шектеулері әлемдік мұнай-газ өнеркәсібіне ауыр соққы болып тигені аян. Нәтижесінде еліміздегі мұнай-газ операторлары мен инвесторлар  бизнес жүргізудің өзгермелі жағдайларына тез бейімделуге мәжбүр болды. 

Олардың қатарында Теңізшевройл компаниясы да цифрлық технологияларды пайдалануға белсене кірісті. Өз қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге арналған цифрлық тәсілдерді шұғыл әзірлеп, орналастыру үшін көпфункционалды «Agile scrum» топтары қолданылды, індеттің таралу ауқымын қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық қадамдар қабылданды. 

Компанияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, озық құрылғыларды енгізудің арқасында вирустың бастапқы кезеңдегі ықтимал өршуі анықталып, ауру жұқтырған қызметкерді немесе вахталық қалашықты оқшаулау дер кезінде қолға алынды. Кешенді технологиялық желіде «Virtual Plant» (виртуалды зауыт) нақты уақыт режимінде бүкіл зауыттың бақылау-өлшеу құралының деректерін біріктіретін тетіктің көмегімен сұйытылған көмірсутек газын өндіру көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ екінші буын зауытында «DMC+» бақылаушысының көмегімен газ өңдеу зауытына шикізат беру ұлғайды. Бұл технология шикі мұнайдың құрамындағы бутанды барынша көбейтуге арналған. Теңізде цифрлық технологияларды қолдану есебінен сұйытылған көмірсутек газы өндірісінің артуы ОРЕС өндірістік шектеулерінің салдарын өтеуге көмектесті. 
Кен орнындағы Келешек кеңею жобасы – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару – әлемдік мұнай-газ саласындағы жоспарлау, логистика және жүзеге асыру тұрғысындағы ірі де күрделі жобалардың бірі. ТШО жобаның қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстардың уақытында жүргізілуіне мүмкіндік туғызатын SWIFT цифрлық жасақтамасын іске қосты. Жүйенің аяқталуын болжауға және жұмыс ауқымын жоспарлауға арналған мұндай интеграцияланған бағдарламалық жасақтама жобаның күрделі қызметін тиімді басқаруға бағытталады. SWIFT интеграцияланған жобалық топтар үшін шешім қабылдау үрдісін үздіксіз жетілдіріп, оларға жұмысты тиімді ұйымдастыру мен орындауға көмектеседі, сонымен қатар келесі жұмыс кешеніне өтпес бұрын тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етеді. Бұл бағдарламалық жасақтама сондай-ақ жобалық құжаттаманың жабылуын қадағалайды, сондықтан пайдалануға беру жөніндегі ақпарат топтарға кез келген уақытта қолжетімді. SWIFT ТШО-ға оннан астам жүйелерден ақпаратты біріктіру және мыңдаған жеке монтаждау жұмыстарының кешендерін үйлестіру арқылы құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуын көрнекі түрде ұсынады, бұл ретте көлемді құрылыстан жүйелік құрылыс жұмыстарына тиімді көшуге көмектеседі. Яғни, құрылыстың аяқталу жағдайы мен жұмыс ке­шені деңгейіндегі жүйелер туралы біріктірілген, тұтас түсінік арқылы пайдалану жағдайындағы өзгерістерге тез ден қоюға, тәуекелдерді анықтауға және оларды қажетті уақытта азайту бойынша тиісті шараларды қолдануға маңызды мүмкіндік бар. 
Жүзеге асырылғанына бірнеше жыл болса да, ТШО-ның цифрлық трансформация процесі әлі де бастапқы сатысында. Бұл үдеріс бастапқыда қосымша құндылық тудыратын икемді цифрлық жобаларды іске асыру бойынша компанияның мүмкіндіктерін кеңейтуге назар аудара отырып, саланың елеулі проблемалары мен әлемдегі оқиғаларға жауап ретінде қайта құру кезеңінде жалғасты. «Цифрлық технологиялар компанияның үздіксіз жетілуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шешуші рөл атқарады. Цифр­лық трансформация – стратегиялық ма­ңызды міндет. Және бұл жолда  Қазақстандағы жетекші компания ретінде ТШО алдағы жылдары цифрлық технологияларды енгізу есебінен құндылықтарды барынша ұлғайту мақсатын  ұстана береді», – дейді компаниядағылар.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

17665 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы