• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 01 Шілде, 2021

Білім нысандарында қауіпсіздік күшейеді

Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиын төрағасы, Премьер-министр Асқар Мамин бұл тараптағы іс-шараларды күшейте түсу керектігін баса айтты. 

Алексей Цой мәлімдегендей, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай өзгеруде, COVID-19-бен сырқаттанушылық өсе бас­тады. Алматы қаласында және басқа өңірлерде коронавирустың дельта штамының өсуі байқала­ды. Вирустың репродуктивтік индексі 1,2-ге дейін өссе, инфек­циялық төсек- орындар 27%, реанимациялық төсектер 24% толы. Коронавирустың таралу қарқыны бойынша қызыл аймаққа Нұр-Сұлтан қаласымен қатар Алматы қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары кірді. Шымкент қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстары –сары аймақта. Қалған 7 өңірдің статусы жасыл. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қосымша шектеу шаралары енгізілді, олар халық көп жиналатын орындардың қызметін шектеуге бағытталған. Сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында аталған өңірлердің эпидемиологиялық тәуекелі жоғары аймаққа немесе қызыл аймаққа көшуіне байланысты қосымша шектеу шаралары қабылданды. Қазіргі кезде 3,3 млн-ға жуық адам бірінші компонентті, 2 млн-ға жуық адам екінші компонентті алды. Егу пункттерінде вакцина дозаларының саны жеткілікті: шамамен бірінші компоненттің 800 мың дозасы және екінші компоненттің 1,4 млн дозасы бар. Вакцина жеткізіліп жатыр. Вакциналаудың тиімділігіне талдау жүргізіліп, елімізде  екпе алғандар санының сәуір-маусым айлары аралығында 1,3 млн адамнан 3,2 млн адамға дейін өсуімен сырқаттанушылықтың 2 есеге төмендегені байқалады. «Осыған байланысты, дельта штамының пайда болуын және аталған штамға қарсы вакциналардың тиімділігін зерделеудің жалғасып жатқанын ескере отырып, вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайға жағымды әсер ететінін айта кеткен дұрыс», – деді А.Цой.

Үкімет басшысы қызыл ай­мақтарда шектеу шаралары қолданылып, мониторингтік топ­­тардың жұмысы күшейтіліп, резервтік инфекциялық төсек-орын­дардың дайындығы, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жеткіліктілігі қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті. «Әкімдер, әсіресе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қа­зақстан облыстарында вакциналау қарқынын күшейтуі қажет. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету және білім беру салаларында міндетті вакциналауды енгізу қажет екені анық байқалып отыр», – деді А.Мамин.

Отырыста білім беру нысан­дарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін баяндаған Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектептерде тексеріс жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу фактілері анық­талған. Оқу орындарын мам­ан­дандырылған күзетпен қам­тамасыз ету, турникеттер, дабыл түймелері мен камералар орнату жұмыстары жеткіліксіз деңгейде ұйымдастырылған. Кәсіби кү­зетпен қамтамасыз етілген мек­теп­тердің ең көбі Нұр-Сұлтан мен Алматыда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Шығыс Қазақстан облысында мектептердегі бар­лық бейнебақылау камералары белгіленген талаптарға толық сәйкес келеді. Қазірде қауіп­сіздікті одан әрі қамтамасыз ету мақсатында министрліктің алдында барлық бейнебақылау камерасын бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру; қала мектептерін арнайы күзетпен қамтамасыз ету; білім беру ұйым­дарын дабыл түймелерімен 100% жабдықтау; педагогтер мен оқу­шыларға төтенше жағдайлар мен террористік қауіп төнген жағдайда қабылданатын шаралар мен ал­горитмдерді әзірлеу және ен­гізу; психологиялық қызметтердің рөлі мен жалпы тәрбие жұмысын күшейту секілді жедел шешуді талап ететін міндеттер тұр. Білім беру объектілерін бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етуге келетін болсақ, қазіргі уақытта мектептер 100% бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген, олардың 55%-ы стандарттарға сәйкес келеді. Екіншіден, білім беру ұйымдарында дабыл түймелерін орнату жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде олардың саны 648 (9,3%). Проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Мамандандырылған күзет қызметі қала мектептерінің 38%-на (680) енгізілген. Осы мақ­саттарға жергілікті атқарушы органдардан 828 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мектеп пен үй арасында тегін тасымалдауды ұйымдастыру арқылы да қамтамасыз етіледі. Республикада 21 мыңнан астам оқушы тасымалдау ұйымдастыруды қажет етеді. Олар үшін 758 автокөлік жұмыс істейді. Соңғы үш жылда автобус паркі 203 бірлікке жаңартылды. Бүгінгі таңда автокөлік сатып алу қажеттілігі 515 бірлікті құрайды. Сонымен қатар 7652 педагог-психолог күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетеді. 2019 жылдан бастап психолог-педагог мамандардың жалақысы көбейді. Ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда оларға базалық лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ына дейін қосымша ақы төленеді. «Оқушыларды психологиялық қолдаудың тиім­ділігін арттыру үшін педагог-психологтардың санын арттыру жоспарлануда. Министрлік үлгілік штаттар мен лауазымдар тізбесіне өзгерістер енгізіп жатыр. Осылайша, педагог-психологтардың жүктемесі білім алушылардың санына байланысты белгіленеді», – деді БҒМ басшысы. Сонымен қатар министрлік психологиялық қызметтерге бірыңғай талаптар мен кәмелетке толмағандар арасында буллингтің (кибербуллингтің) алдын алу қағидаларын әзірлеуде. Мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізу де жоспарланып отыр.

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігінен мәлім етілгендей, қазірде мектеп автобустарына қажеттілік 515 автобусты құрайды, оның ішінде 20 орындық 347 автобус және 40 орындық 168 автобус. Балаларды, оның ішінде тірек-қимыл функциялары бұзылған балаларды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, жабдықталған көлік құралдарына қойылатын техникалық талаптар айқындалды. Мектептерді автобустармен қамтамасыз ету үшін тек отандық кәсіпорындар тартылады. Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы автобустарды лизингке сатып алу үшін биыл 22 млрд теңге көзделген.

«Білім беру объектілерінде қолайлы әрі қауіпсіз орта қалып­тастыру – басым міндет­тердің бірі. Оқу орын­дарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтар­лықтай жандандыру қажет. Жер­гілікті жерлерде балаларға қатысты және балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша салааралық үйлестіруді күшейту талап етіледі», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өңір­лердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылының басталуына дейін білім беру ұйымдарын мате­риалдық-техникалық қауіп­сіздік құралдарымен: ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына шығатын бейне­бақылау жүйелерімен, маман­дандырылған күзетпен, турникеттермен және дабыл түй­­ме­лерімен қамтамасыз етуді тап­сырды. Білім министрлігіне мүд­делі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 10 шілдеге дейін білім беру ұйымдарында бала­лардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөніндегі жол картасын бекіту тапсырылды. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктеріне биылғы 20 шілдеге дейін террористік тұрғыдан осал ведомстволық объек­тілердің терроризмге қарсы қор­ғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту тапсырылды. Білім, ішкі істер, төтенше жағ­дайлар министрліктеріне және өңірлердің әкімдіктеріне биыл­ғы шілде айының соңына дейін төтенше жағдайлар туындаған кезде персонал мен оқушылардың іс-қимыл алгоритмін бекіту, одан әрі оқу орындарында терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды тұрақты негізде өткізу тапсырылды. Премьер-министр әкім­діктерге девиантты мінез-құлық­ты балалармен жүргізілетін жұмыста мектеп психологтары мен кәме­летке толмағандар ісі жөнін­дегі инспекторлар жұмысын үйлес­тіруді күшейтуді тапсырды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы