• Кәсіпкерлік
  • 01 Шілде, 2021

ЖАБЫҚ ТОҒАНДАҒЫ БАЛЫҚ ЕКІ ЕСЕ ТЕЗ ӨСЕДІ

Балық өсіру – агроөнеркәсіптегі мол табыс әкелетін сала. Бірақ онымен ұзақ жыл үздіксіз айналысу керек.

Қазақстанда балық саласының болашағы зор, деп санайды Oceanica ЖШС директоры Олег Гаврилов. Оның компаниясы еліміздің балық зауыттарында жабық тоған қондырғысын салумен айналысады.

– Менің бір неміс әріп­тесім Қазақстанға келіп, жағдаймен танысқаннан кейін аквамәдениет дамыту тұрғысынан біздің екінші Чили бола алатынымызды айтқан болатын. Чили – жабық тоғанда балық өсірудің әлемдегі мықтысы. Ал біздің Алматы облысында су мол, арзан электр энергиясы мен жұмыс күші бар, осы ресурсты біз толық пайдалана алмай отырмыз, – дейді Олег.

Oceanica фирмасы әуелі үлкен аквариум, кейін океанариум салумен айналысқан. Біраз жыл бұрын бұл фирма Ақтаудағы бес жұлдызды отель ішіне океанариум салады. Біраз уақыттан кейін әлгі тапсырыс беруші отель ішіндегі океанариумға бекіре өсіре бастаған екен. «Осыны көріп, біз де өзімізді сынап көргіміз келді әрі біз үшін бұл қиын шаруа да емес, өйткені аквариум шын мәнінде жабық тоған ғой», – дейді Олег. 

Мұндай бассейндерде балық табиғи жағдайға қарағанда екі есе тез өседі. Балық жабық тоғанда өмір сүрген кезде оны сағат сайын тамақтандырып тұрады, тоған суы сүзіледі, қажет болған жағдайда судың параметрі өзгертіледі. Табиғи су шаруашылығында бұл жағдай мүмкін болмайды: жаңбыр жауады, егістіктен кейбір химиялық заттары бар су келеді, т.с.с. Яғни, сіз ештеңені реттей алмайсыз, сондықтан үлкен проблема шыға келуі де мүмкін. Бұған сондай-ақ әлемдегі, оның ішін­де Қазақстандағы экологиялық ахуалдың нашарлауын қосыңыз, соның салдарынан іс жүзінде балықты табиғи жағдайда мол етіп өсіру мүмкін болмай қалады, ал балыққа деген сұраныс әлемде өсіп келеді. Сондықтан балықты жабық тоғанда өсіріп, оның өсу, көбею процесін толығымен бақылайды. Балықтың дене температурасы өзінің өмір сүретін судың температурасына тең болады. Қыста температура төмендейді, сәйкесінше балықтың тіршілігі баяулайды, тамақтануды тоқтатады, сәйкесінше салмағын жоғалтады. Жабық тоған жағдайында суды жылытуға болады, сонда балық жыл он екі ай тамақ жейді,  сәйкесінше салмағын қоса береді.

Жабық тоғанға бекіре жіберіп, қара уылдырық өндірудің келешегі бар, бірақ бұл – мол инвестиция­ны талап ететін сала. БҰҰның Жабайы фауна мен флора түрімен халықаралық сауда жөніндегі конвенциясына (CITES) сәйкес әлемде жыл сайын қара уылдырық экспортына квоталар белгіленеді. Мысалы, Ресейдің қара уылдырықты экспорттауға құқығы жоқ кезеңі болды, өйткені Ресейдің балық өндірушілері Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтың саны туралы толық мәлімет бере алмады. Балықты жабық суда, тоғанды фермада өсіретін елдер ғана уылдырығын шетелге сатуға құқылы.

 

 

– Мен Иранда болдым, олардың бау-бақша шаруашылығына бардым, олар жабық тоғанда балық өсіретінін дәлелдеген, осы себепті оларға экспортқа рұқсат беріліпті. Лимиттің болуын ескерсек, бұл өнімнің бағасы өседі, сондықтан Қазақстанның болашағы зор. Бірақ бұл үшін ірі зауыттар салу  қажет. Германиялық серіктесім Мартин Зандердің ірі зауыттарда жабық тоған қоймасын құру жөнінен көп жылдық, мол тәжірибесі бар. Немістер былай істейді: алдымен олар шағын зауыт салады, оған технологиялар мен жабдықтар салып, сынақтан өткізеді, бәрі жақсы болса, өзінің өндірісін кеңейте береді, – дейді Олег Гаврилов.

Балық өндірушілердің айтуынша, біздің балық Ресей мен Еуропаға көп экспортталады. Мысалы, Қапшағай көксеркесі кезінде ешкімге аса қажет емес еді және сазанға қарағанда арзанырақ болатын. Бірақ көксерке дайындайтын зауыт салынғаннан кейін ол балық Германияға сатыла бастады, бұл елде бекіре тұқым­дас балыққа қарағанда көксеркеге сұра­ныс жоғары, өйткені оның еті диеталық болып саналады, немістер оны ең пайдалы балық санайды.

– Жабық тоғанды балық мекен­дейтін резервуар деп атайды. Біз оны бетоннан жасаймыз, полипропиленмен қаптаймыз, ол мықты материал. Содан соң суды қалпына келтіретін арнаулы сүзгілер қоямыз. Ал енді суды жем мен балықтың нәжісінен механикалық түрде тазарту қажет болады. Сонымен бірге тоғанда газ алмасу жүруі қажет: егер суда азот, көмірқышқыл газы көп болса, олардан арылтып, оттегімен қанықтыруға тура келеді. Суды дезинфекциялау балық ауруларын тудыратын патогендер шықпауы үшін қажет, ол үшін ультракүлгін сәуле қолданылады. Суды биологиялық тазарту уақыт өте келе аммиак пайда болғандықтан содан арылуы үшін қолданылады. Ал аммиак – балықты тез өлтіретін у. Тоғанды осылай сүзу үшін аммиакты тұтынатын және оны қаупі аз нитриттер мен нитраттарға айналдыратын арнайы бактериялар жіберіледі. Біз биологиялық сүзгілерді арнайы толтырғыштар мен су айналымы жүйе­сін қолдана отырып жасаймыз, – дейді Oceanica ЖШС директоры.

Жалпы, мұхит пен теңіз аквариумы дүниеге келгеннен кейін бе­кіре тұқымдас балықты ұстау қиын емес. Теңіз балығы бар аквариумда жабық тоғанға қарағанда параметр тұрақтылығын сақтау әлдеқайда қиын, өйткені балықты жіберудің ты­ғыз­дығын білу керек, судың сүзу қуаты аквариумға қарағанда әлде­қайда жоғары болуы керек.

Жабық тоған жасау үшін балық­тың қозғалысын есептейді. Мысалы, форель тоқтамай жүзуі керек, өйткені қозғалыс кезінде оның бакте­рия­ларына ауа кіреді. Бірақ африка­лық мысық балық қозғалыссыз күйде тұруы мүмкін, өйткені оның ауа сақталатын сөм­кесі бар. Жабық тоғанда балық ұстаушы осындай ерек­шеліктерді ескеру қажет. Оның үстіне жабық тоған жарықтандыру мен су қоз­ғалысын көп қажет етеді.

– Қазір неміс серіктесіммен бірге үлкен балық зауытын салу туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз, бірақ оған мол инвестиция қажет: экономикалық тұрғыдан алғанда кемінде $1 млн керек болады. Жабық тоған үшін жылына 100 тонна балық шығара алатын үлкен өндіріс құру тиімді, – дейді Олег Гаврилов.

Еске сала кетейік, былтыр біздің Үкімет балық саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Үкімет балық өнімінің экспорты жылына 30 мыңнан 136 мың тоннаға дейін артады, импорт жылына 45 мыңнан 25 мың тоннаға дейін төмендейді деп жоспар құрып отыр.

Жыл басында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құры­лымында балық шаруашылығы коми­теті құрылды. Енді біздің мемлекет балық өсіру көлемін 600 мың тон­­наға дейін, балық экспортын 300 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

– Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 10 жыл ішінде осы салаға 540 млрд теңге инвестициялау жоспарда тұр, оның 340 млрд теңгесі – жеке қаражат, ал 200 млрд теңгесі – бюджеттен бөлінетін қаржы, – дейді  экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов.

Бір қуанарлығы, мемлекеттің 2030 жылға қарай балық өнімі экспортын 4,5 есеге арттыру мақсаты бар.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

505 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы