• Білім & Ғылым
  • 15 Шілде, 2021

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) туғанына 180 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында еліміздің Мемлекеттік орталық музейінде «Ұстаз ұлағаты» атты арнайы көрме өз жұмысын бастады.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының қоғамдық ой-пікірі, мәдениеті мен әдебиеті тарихында жаңашыл-педагог, жаңа мектеп­тердің ұйымдастырушысы, этно­граф, фольклоршы, ақын, про­зашы және орыс классиктері туын­дыларының аудармашысы ретінде танылған бірегей тұлға­лардың бірі.

Ойшыл ұстаз білім беру сала­сында орыс-қазақ мектеп­терінің оқушыларына арнап жазған «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралы, «Бір уыс мақта», «Қисық ағаш», «Таза бұлақ», «Шеше мен бала», «Ақымақ дос», «Тазша бала», «Қыпшақ Сейітқұл», «Талаптың пайдасы», «Бақша ағаштары», «Асыл шөп», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Жиренше шешен», «Бай мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Мақта қыз бен мысық» сияқты мысал әңгімелері, «Кел балалар оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Өзен», «Жаз» және т.б. өлеңдерімен кеңінен танымал.

Аталмыш көрменің негізгі жәдігері ретін­де ағартушының Серік Уақбаев есімді туысқаны тарапынан музей қорына 1989 жылы өткізілген жеке қалта сағатын («Павел Буре» зауыты) ерекше атауға болады. Жары Айғаныс, ұлдары Абдолла мен Әбдірахман, қызы Шәрипа және немересі Нағима Абдоллақызының, ұстаздық қызметі кезінде әр жыл­дары туған өңірінде салдырған оқу орындарының (мектеп­тер, интернаттар, училище­лер) түпнұсқа фотосуреттері (1959 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Қостанай облысы, Амангелді ауданына жасаған экспедициясы кезінде жинақталған) және көшірме су­реттерде осы экспозиция төрі­нен орын алған.

Ағартушының Орынбор қаласында өзі негізін қалаған мектепке қабыл­данған қазақ балаларының алуан түрлі мәселелерін қозғап 1864 жылы Н.И.Ильминскийге (1822-1891), 1880 жылы сыртқы істер министрлігінің Орын­бор генерал-губернаторына жазған хаттары, газетке бас­тыруға дайындаған 4 беттік қолжазбасы, Торғай өңірінде 1884 жылы болыстық мектептер салу жөніндегі мәліметтер және жат-жұрттық балалар үшін бастауыш мектептер ашу туралы ережелердің көшірмелері (1986 ж. ҚазССР Ғылым Ака­демиясы кітапханасының си­рек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар бөлімінен алынған) көрменің деректік арқауын арттыра түспек.

Ы.Алтынсариннің Қос­танайдағы екі сыныптық училищенің оқушыларымен бірге түскен, Обаған болыс­тық және өзі ашқан мектеп­тердің шәкірттері, ағартушының хаттарын зерттеген Бекежан Сүлей­меновтың (1912-1984), ізбасарлары Әбдіғали (1866-1942) мен Ахмет Балғымбаевтар, Нәзипа Құлжанованың (1887-1934) фотосуреттерін де осы экспозициядан тамашалауға болады.

XIX-ғасырдың ая­ғында Қазақ даласы­ның Батыс аймағында және  Жетісу өңірін­де мектептер салдырып, қазақ балаларының мұсылманша және орыс-қазақ тілдерінде білім алуына жол ашқан алғашқы шүлеңгерлер (меценаттар) Жәңгір хан (1801-1845) мен Есенқұл Маманов (18881932-) және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) кескіндеріне, туысқаны Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың (1906-1995) жеке кешеніне арнайы ви­три­налар қойылған.

Сондай-ақ өз заманының асқан қайраткері болған педагогтің өмірі мен шығармашылығына қатысты музей кітапхансынан алынған басылымдар, әулеттік шежіре, ұстаз ашқан оқу орындарының картасы, шәкірт киімінің атрибут­тары, араб әліпбиі жазылған жылқы жауырыны, сиясауыт пен қауырсын, Қостанай өңірінің Ақсуат ауылындағы С.Көбеев атындағы мектептің қоңырауы (музейге 1976 ж. түскен) және т.б. иллюстрациялық материалдар көрменің композициялық мән-маңызын толықтыра түсетіні айқын.

Саналы ғұмырын қазақ бала­ларын білім нәрімен сусындату жолына арнаған ағарту­шының өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек.

НҰРЛАН ҚҰМАР

6234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы