• Кәсіпкерлік
  • 15 Шілде, 2021

Жем шығаратын зауыт іске қосылды

Алматы облысында етті және сүтті бағыттағы ірі қараға, құс пен балыққа арналған 10 түрлі жем дайындайтын зауыт пайдалануға берілді. Талғар ауданында орналасқан «Байсерке-Агро» ЖШС жанынан ашылған жаңа кәсіпорын жылына 36,5 мың тонналық қуаттылыққа ие, жобалық құны 1,4 млрд. теңге.

Зауытта 15 жұмыс орны ашылған. Нысанның іске қосы­лу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов, өңірге жұмыс сапарымен келген бір топ сенаторлар, ғалымдар мен аграрлық сала мамандары қатысты.

Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқыновтың айтуынша, ауданда бұған дейін мұндай ірі зауыт болған жоқ және малдың жемі көрші аудандардан жеткізілетін. Енді зауыт толық қуатына шыққанда, «Байсерке Агро» агрохолдингке арнап мол жем қорын қалыптастырып қана қоймай, ауданның, тіпті об­лыстың аумағындағы малмен айналысатын шаруашылықтар үшін зор пайда әкелмек.

– Мал басын азайтпау тәсілі­нің бірі – оған қажетті жем қорын қалыптастыру. Сондықтан мал азығын дайындайтын жаңа зауыттың ашылуы өңірдің ауыл шаруашы­лығы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Технологияны сақтау, ға­лымдармен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Сонда біз мал басы санын өсіріп қана қоймай, су және басқа да табиғи байлықтардың же­тіспеушілігін сезінбестен мол өнім ала аламыз. Ол үшін бізге ең алдымен ғылыми көзқарас, жоғары білікті мамандар, ауыл шаруашылығы дақылдарының заманауи сапалы сорттары, өнімділігі жоғары мал тұқымы қажет. Біздің болашағымыз – аграрлық салада, сондықтан осы саланы дамыту –  аса жауапты да қажетті шара, – деді сенатор Ақылбек Күрішбаев жетісулықтарды маңызды кәсіпорынның ашылуымен құттықтаған сөзінде.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

 

526 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы