• 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні
  • 15 Шілде, 2021

Балалар жазғы демалысын тамылжыған табиғат аясында өткізеді

«Біркөлік шатқалы» – балалар тынығатын танымал жазғы демалыс орны. Табиғаты тамылжыған таулы өлке – Төле би ауданында орналасқан бұл лагерьде шіліңгір шілденің аптап ыстығында еліміздің барлық аймағынан келген балалар демалмақ.

Жазғы демалыстың екінші айында Астана күні меркесін қарсы алған төлебилік мектеп оқушылары мазмұнды демалып, денсаулығын шыңдау мақсатында қала сыртындағы лагерьлерге, спорттық жарыстарға, туристік шерулерге кеңінен тартылмақ. Атап айтқанда, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйым­дастыру мақсатында маусым-тамыз айларында тау баурайындағы Біркөлік елді мекенінде ор­наласқан «Біркөлік шатқалы» лагерінде әр маусымда карантин талаптарын сақтай отырып, 150 баладан барлығы 900 бала демалады.

Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Төле би аудандық Пробация қыз­меткерлері жазасы ауыр емес және ауырлы­ғы орташа қылмыс жасағандары үшін сотталған көп балалы және жағдайы төмен төрт отбасының мектеп жасындағы бес баласын 150-170 оқушыға ар­налған «Біркөлік шатқалы» атты жазғы демалыс лаге­ріне орналас­тырды.

Он күнде мектеп оқушылары жай демалып қана қоймай бос уақытын тиімді пайдаланып, заманауи әдіс­темелерді қолдана отырып білімін жетілдіреді ағыл­шын тілін оқыту, робототехника үйрену, спорттық шаралар өткізу және жеке қабілетін дамыту, сонымен қатар тағы да басқа салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әртүрлі ойындар да ойнатылады.

Түркістан облысының Төле би ауданында орналасқан «Біркөлік шатқалына» жан-жақтан 150 бала келіп жайғасты. Жалпы әр мау­сымда балалар онда 10 күннен демалады. Аталған лагерьде білікті мамандар және мектеп мұғалімдері жұмыс жасайды. Қазіргі таңда лагерьге көп балалы, жағдайы төмен отбасылар­дың, ата-анасынан және ата-ана қамқорлығынан айрылған балалар қабылдануда. Осы санат­тағы балалардың демалыс мезгілі біт­кенен кейін ақылы лагерьге мектеп оқу­шыларын қабылдау жоспарлануда. Аталған демалыс орнына 7-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары қабылданады.

– Былтырғы жылға дейін біздің лагерде әр маусымда 300 бала демалатын, өткен жылы карантинге байланысты балаларды қабылдай алмадық. Ал, осы жылы сақтық шараларын сақтай отырып 7 топқа бөліп 150 баланы қабылдадық. Әр топқа екі тәрбиешіден 14 мұғалім жұмыс жасайды. Сондай-ақ, екі медбике және бір дәрігер қызмет атқарады. Төле би аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған көпбалалы және жағдайы төмен отбасының 5 баласы үшінші маусымның лагеріне қабылданды. Аталған лагерьге балалар 2018 жылдан бері келе бастады. Сонымен қатар балалар лагерьде уақыттарын қызықты өткізеді. Бірінші күні балалар арасында танысу болады. Содан кейін, күн тәртібіне күнделік­ті спорттық ойындар енгізілген. Балаларға арналған екі бассейн бар, балаларды жүзуге үйрететін маман да қызмет жасайды. Тағы бір айта кететін жайт, сақтық шараларын сақтау барысында балалардың дене қызуын өлшеп кіргіземіз. Ата-аналарымен байланыс жасамайды, – деді Төле би аудандық Адами әлеуметті дамыту бөлімінің басшысы Роза Аманова.

Ал, енді Біркөлік шатқалына келер болсақ – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында, Шымкент қаласынан 50 шақы­рым жерде, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте Тянь-Шань тау сілемдерінде орналасқан. Шатқал бойымен Біркөлік өзені ағады. Мұнда жаңғақ тоғайы, өрік және алма бақтары бар. Қарағай, Тянь-Шань шыршалары, емен, шынар, зерек, талшын ағаштары, итмұрын және тағы да басқа дәрілік шөптер өседі. Шатқал бойынан, тасты жырақтардан, тау бұлақтарынан басталған Біркөлік өзені ағып жатыр. Оның таза, мөлдір, салқын суы шатқалдың жасыл ал­қабын суландырып, ауаны аэроиондап, айналаға салқын жел алып келеді. Кеңес одағы кезеңінде бұл маңда Қазақ ССР бойынша жалғыз Валентина Терешкова атындағы туристік лагері жұмыс жасаған. Лагерь атауы «Лунная поляна» болған және лагер төңірегінде өрмелеуден бәсекелер ұйымдастырылып бұл дәстүр қазіргі таңдада өз жалғасын табуда.

– Алатау ауыл округіне қарасты Екпінді елді мекеніндегі «Біркөлік шатқалы» жазғы сауықтыру ла­герінде демалушы балалар осы он күн ішінде көптеген жарыстарға қатысып, жақсы бір серпін алып келеді деген ойдамыз. Қателікке бой алдырып жазаға тартылған әкенің балалары да осындай тамаша жерде демалуға лайық. Әрине, қолымыздан келгенше балаларды қуантуға тырысамыз. Бұл балалар ертең өскенде әкенің жасаған қателігін қайталамаса екен. Сондай-ақ, олар балаларға арналған демалыс орнында ойын-сауық және театрландырылған қойылымдар, сурет конкурс­тары мен көрмелер, спорттық шараларға да қатысып, бақтарын сынайды. Бұл балалардың ой-өрісі өзгеріп, өмірге деген құлшынысы артады деген сенімдеміз, – деді Төле би аудандық пробация қыз­меті бөлімінің бастығы әділет майоры Асқар Қамбарбаев.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

1070 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы