• Қаржы
  • 15 Шілде, 2021

Қазақстанның сыртқы қарызы 164 млрд 113 млн долларға жетті

Мақсат ХАЛЫҚ, UIB бизнес 
мектебінің директоры, 
экономист

 

Еліміздің сыртқы қарызының жалпы көлемі 01.04.2021 күнгі мәліметке сәйкес 164, 113 млрд долларға жеткен, өткен жылдың 01.10.2020 күні бұл 160,9 млрд доллар болған. Сонда жарты жылда 2 %-ға ұлғайған. Оның ішінде 61,4 %-ы фирмааралық берешектерге тиесілі, яғни бұл – 100, 688 млрд доллар. Бұл қарыз мемлекет үшін пайдалы, себебі, тікелей инвестиция, сырттан келіп жатқан капитал.

Мемлекет үшін ең қауіпті қарыз – үкіметтің қарызы. Қазір оның көлемі $14, 476 млрд, өткен жылдың 01.10.2020 жылы бұл $13,2 млрд болған, демек 9,6 %-ға ұлғайған. Бұл өсімнің айтарлықтай көп екенін көрсетеді. Үкімет қарызының артқаны жағымды құбылыс емес. Дегенмен бұл қарыз – жалпы сыртқы қарыздың 8,8 %-ы. Әрине, аз көрсеткіш сияқты. Бірақ, осы статистикаға біздің шенеуніктер сүйеніп алғандай, көп жағдайда олар тек осы 8% ма­ңайында ғана деп есеп береді. Алайда бұл сан қаншалықты шынайы?

Бірнеше жыл көлемінде аталған жағдай айналасында біз – экономистер біраз сынға алып жүрген және назар аударарға тұрарлық бір мәселе бар болған. Ол – өзге де секторлар, мұнда 42,158 млрд доллар қаражат бар, сол қаражаттың ішінде квазимемлекеттік сектордың қарызы жетерлік, соны айқындап көрсету керек.

Биыл Ұлттық Банк өз есебінде осы квази­мемлекеттік секторлардың қарызын нақты атап көрсетті, оның үлесі – 21,1 млрд долларды құрады.

Квазимемлекеттік сектор дегеніміз, бұл – ұлттық компаниялар, оларға сыртқы қаржылай институттар қорықпай қарыз береді, себебі, олардың артында мемлекет тұр. Ал егер сол компаниялар қарызын өтей алмай қалса немесе банкротқа ұшырап, нарықтан кететін болса, онда ол қарыздарды толықтай үкіметтің төлеуіне тура келеді. Сондықтан бұл қарызды қосып есептеген дұрыс. Сонда жалпы мемлекетке қауіпті таза қарыздың мөлшері 35,576 млрд доллар болып шығады. Егерде осы қарызды үкімет төлей алмай қалса, онда ел экономикасы үшін ауыр жағдай орын алып, тіпті мемлекет дефолтқа ұшырауы мүмкін.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елі­міздің ұлттық қорында 57 млрд доллар қара­жат бар екендігін көрсеткен, демек мемлекеттің резервтеріндегі қаржы аталған қарызды төлеуге мүмкіндігі бар деген сөз. Сонымен қатар сыртқы қарыз­дардың ішінде банктік сектор қарызы – 6,7 млрд доллар. Оның ішінде ұлттық банктің қарызы 1,8 млрд доллар. Енді жоғарыда айтып өткен қарыздың барлығын қосып шығатын болсақ, $14,476 млрд (үкіметтің қарызы) + $21,1 млрд (квазимемлекеттік сектор қарызы) + $1,8 млрд (ұлттық банк қарызы) = 37,376 доллар. Бұл – жалпы сыртқы қарыздың 23 %-ы. Сонымен бірге бізде тағы 21 млрд доллардан астам қаражат өзге сектордың қарызы деп көрсетіледі. Ол қандай қарыз? Мүмкін, бұл қарыздың арасында квазимемлекеттік сектор сияқты үкіметке тиесілі қарыздар бар шығар. Егер ондай болса, ол мемлекеттің сыртқы бе­решегін еселеп түсері анық. Бұл мәселеге Ұлттық Банк ашық түрде айқындап жауап береді деп үміттенеміз.

Қазақстан қай мемлекеттерге қарыз?

Қазақстан ТОП-3 мемлекетке қарыз, олар – Нидерланды 44,1 млрд доллар, Ұлыбритания 23,4 млрд доллар, АҚШ 13 млрд доллар, содан соң Жапония, Қытай және, ең қызығы, Бермуд аралдарына әрқайсысына 10 млрд доллар шамасында қарызымыз бар екен.

Әрбір Қазақстан азаматы шет елге 9 мың доллар қарыз дегенді естіген шығарсыздар. Бұл қаншалықты рас?

Бұны есептеу қиын емес, жоғарыда атап кеткен үкімет қарызы 14, 476 млрд доллар, квази-мемемлекеттік сектордың қарызы 21,1 млрд доллар, екеуін және Ұлттық банктің қа­рызы 1,8 млрд долларды қосып, 18,8 миллион халық санына бөлетін болсақ, шамамен 2 мың доллардан аспайды, яғни 9 мың доллар деген жалған ақпарат. Нақтылай кететін болсақ, әрбір Қазақстан азаматына шаққандағы шет елге қарыз 1988 доллар болып тұр.

Қандай қарыздың көбейгені қауіпті емес?

2021 жылдың бюджетін жоспарлау барысында Қазақстан Азия Даму банкінен 1,5 млрд еуро қарыз алды. Бұл қаражат ұзақ мерзімге төмен пайызбен берілді және бастапқы уақытында каникулы бар. Мұндай қарыздар мемлекет үшін қауіпті емес.

Мемлекет үшін сырттан инвестиция ретінде келетін қаражаттың көбейгені өте пайдалы. Яғни бұл мемлекеттегі өнеркәсіпті дамытуға, елдің өндірістік мүмкіндіктерінің артуына үлкен мүмкіндік береді. Ал керісінше қаражат сырттан бюджет тапшылығын жабу үшін келетін болса, онда бұл мемлекет экономикасы үшін кері зардаптарын тигізеді.

1285 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы