• Қаржы
  • 15 Шілде, 2021

Қытайдан – Еуропаға: Халықаралық бағыттағы 10 жыл

2021 жыл – Қытай-Еуропа-Қытай халықаралық темір жол контейнерлік бағыты үшін мерейтойлық жыл болды. Соңғы 10 жылда 33 мыңнан астам контейнерлік пойыздар Қытайдан Еуропаға және кері бағытта халықаралық түйістер арқылы өтті, оның 53%-ы – Достық-Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғас шекара өткелдері арқылы.

Алғашқы халықаралық кон­тейнерлік пойыз 2011 жылы 19 наурызда Чунцин станциясынан (ҚХР) Алашаңқай-Достық шекара өткелі арқылы Еуропаға жөнелтілді. 36 қырықфуттық ірі тонналық контейнерлерде құны жоғары қымбат тауарлар – трансұлттық ІТ-компаниялардың өнімдері тасымалданды. Пойыз Қытай, Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Польша және Германияның мемлекеттік шекараларын кесіп өтті. Ол 11 мың шақырымнан астам қашықтықты 16 күнде жүріп өтті. Пойыздың жылдамдығы тәулігіне 726 км болды. Сөйтіп, темір тұлпар Дуйсбург станциясына жоспарланған уақыттан екі күн бұрын келді.

Осы ерекше оқиғаның басы-қасында жүргендердің айтуына қарағанда, контейнерлердегі жүктің қосымша транзиттік көлемін тарту үшін бірнеше жыл бойы алты елдің темір жол әкімшіліктері өкілдерінің қатысуымен екіжақты және көп­жақты келіссөздер жүргізілді. Осындай маңызды кездесулердің бірі 2011 жылы маусымда Қа­зақстанның астанасында өтті, соның арқасында пилоттық пойыз тұрақты пойыз мәртебесін алды. 2011 жылдың шілдесінде-ақ Чунцин станциясынан үш контейнерлік пойыз жасақталып, жөнелтілді. 2011 жылы Достық-Алашаңқай шекара өткелі арқылы Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша барлығы 17 контейнерлік пойыз жөнелтілді.

«Пойыз халықаралық сауданың жаңа парағын ашты. Маршрутқа деген қызығушылық өте үлкен болды: тұтыну тауарларын, тұрмыстық техниканы және компьютерлік өнімді жеткізудің жылдам, қауіпсіз, ыңғайлы және арзан әдісі пайда болды. Тағы бір маңызды сәтті ескеру қажет, тауарларды пойызбен жеделдетіп жеткізу өндірушілерге жаңа технологиялар мен технологиялар әлеміндегі өзгерістерге ілесуге мүмкіндік берді. Клиенттерді тарту үшін ҚТЖ бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдады және контейнерлік тасымалдаудың төмен тарифін белгіледі», – деді «ҚазТрансСервис» АҚ экс-президенті Асқар Сағындықов.

Бұл еншілес компания «Қа­зақстан темір жолы» ҰК» АҚ кон­тейнерлік паркінің ресми операторы болды, ол сол кезде тарифті әзірлеуден бастап тиеу, түсіру және жөнелтуге дейін контейнерлік тасымалдау қызметтерін ұсынды.

Ол кезде контейнерлерді та­сымалдаудың дәстүрлі жолы Суэц каналы арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінен Еуропаға теңіз арқылы жүзеге асырылды. Жүкті сумен жіберу кезінде жүк иелері кем дегенде дауыл және қарақшылар тарапынан екі қауіпке тап болды. Оған қоса жүк Еуропа бағытындағы жолда 45 күн бойы жүрді.

Бүгінгі күні Қазақстан аумағы бойынша контейнерлік маршруттар Қытай-Еуропа, Қытай-Орталық Азия елдері, Қытай-Ресей бағыттары бойынша, сондай-ақ қазақстандық порттар арқылы Кавказ, Парсы шығанағы, Түркия және басқа да елдер бағытында өтеді. Сонымен қатар дәстүрлі түрде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты транзиттің негізгі бөлігін құрайды. Жеткізудің оңтайлы уақыты маршрутқа байланысты 7-ден 16 күнге дейін.

Халықаралық транзиттік ағын жылдан-жылға өсіп келеді. Жаһандық пандемияға және карантиндік шаралардың енгі­зілуіне қарамастан, 2020 жылы транзиттік контейнер тасымалы көлемі 65% -ға артып, 517,5 мың ЖФБ (жиырма футтық эквивалент балама-контейнерлік тасымалдардағы шартты бірлік) құрады. Пойыздың орташа жылдамдығы – тәулігіне 1150 км.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

1154 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы