• Бизнес & Қоғам
  • 15 Шілде, 2021

ҚПО: Міндеттемелердің маңызы терең

Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуында елеулі рөл атқаратын компания ретінде орнығып, жергілікті халықпен етене араласып кеткені баршаға аян. Бүгінде аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымдық дамуына салған ҚПО-ның жалпы инвестиция көлемі 439 миллион АҚШ долларынан астам соманы құраған.

Компания корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыра отырып, жергілікті қоғамдастықтардың, жалпы елдің тұрақты дамуының кең ауқымды бағдарламасының әлеуметтік-экономикалық аспектілеріне өз үлесін қосуға тырысып келеді.

Көптеген әлеуметтік-инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асырған ҚПО әлеуметтік жауапты бизнес жүргізу үлгісі ретінде жергілікті мердігер компаниялардың тауарлары мен қызметтерін сатып алып, олармен белсенді серіктестік өрбітуде. Сонымен қатар барлық жобалар тек қана қазақстандық мердігерлерді жұмылдыру арқылы жүзеге асырылады. Аймақта ҚПО-ның жұмыс істеген жылдары ішінде жүздеген километр жаңа жолдар төселген, мектептер мен ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары жаңадан салынған және қайта жөндеуден өткен. Кен орнына жақын орналасқан ауылдық округтердің жергілікті тұрғындарымен тату көршілік қарым-қатынасқа ұмтылған компания жергілікті билік органдарына аймақтың дамуына жәрдемдесуде қолдау көрсетеді.

Жуырда ҚПО Батыс Қазақстан облысында жалпы жұмсалған қаражат сомасы 3,1 миллион АҚШ доллары болатын екі маңызды әлеуметтік жобаны сәтті аяқтады. Бұл нысандардың ашылу рәсімі астана күніне орайластырылды. Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысындағы ҚПО-ның міндеттемелері шеңберінде салынып жатқан он дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің бірі – өңірдің Теректі ауданы, Подстепное ауылында орын тепті. Сондай-ақ компания осы жылы облыс әкімдігі қолдауымен тағы екі спорт кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсімінде ҚПО компаниясының бас директоры – өндіріс басшысы Адам Лоумасс: «Бұл бірегей дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауданның кәсіпқойлары үшін де, қарапайым әуесқойлары үшін де спорттық өмір ордасына айналады деп үміттенемін», – деп атап өтті.

Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені футболға, волейболға, бас­кетболға, мини-футболға және бокс­ке арналған әмбебап ойын залдарымен, сондай-ақ жаттығу залымен қамтылған. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің барлық бө­лімдері заманауи стандарттар талаптарына сәйкес келетін қажетті құралдармен және жиһаздармен жабдықталған.

Сонымен қатар ауқымды қайта жөндеуден кейін Бөрілі ауданының Ақсай қаласындағы орталық аудандық ауруханасы салтанатты түрде ашылды. Бұл медициналық мекемені қайта жөндеу жұмыстары да аймақтың әлеу­меттік инфрақұрылымын дамыту бағдарламалары аясында орын алды. Қайта жөндеу жұмыстары барысында орталық аудандық аурухананың қолданыстағы корпустары жөнделіп, қосымша корпустар құрылысының есебінен медициналық мекеменің ауданы кеңейтілді.

Жоба аясында аурухана жаңа­дан жабдықталды: дәрігерлер 20-дан астам медициналық құралдар қа­былдап алды, соның ішінде заманауи компьютерлік томография аппараты да бар. Бұл жабдықтар орталық аудандық аурухананың көрсететін диагностикалық және емдік қызметтерінің ауқымын екі еседен аса кеңейтуге мүмкіндік береді. «Бұл әлеуметтік жобаның маңызы өте зор, әсіресе, қазір әлемге жайылған COVID-19 індетінің ахуалын ескерсек, ҚПО болашақта да аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына күш салуға және медициналық мекемелердің әлеуетін нығайтуға ниетті», – дейді ҚПО компаниясының еңбек ресурстары жөніндегі басқару­шысы Сұлушаш Ізбасарова.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

1341 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы