• Аймақ тынысы
  • 15 Шілде, 2021

Маңғыстауда жағдай түзеліп келеді

Аптап ыстық әсерінен мейлінше зардап шеккен Маңғыстау облысына қазір бүкіл ел назары ауғаны жасырын емес. Оның үстіне қуаңшылықтың кесірінен мал шығыны орын алғаны айрықша алаңдатты. Сондықтан да тұрақты айдарымыз аясындағы бүгінгі шолуымызда осы өңірдегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайынан хабардар етуді жөн санадық.

 

Маңғыстау ауданында шөп шабу қарқынды өрістеген

Маңғыстау ауданында жергілікті кәсіпкерлер шөп шауып, ауыл-аймақты шөппен қамтуды қолға алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ресми сайтында. Мәселен, Ақ­шымыраудан 120 шақырымда орналасқан Жұмыртқалы жерінен шөп шауып жатқан екі бригада 15 күннің ішінде 43 тонна шөп шапқан. Былтырдан қалған қамба шөпті шауып, ауылға тасып жатқан жергілікті кәсіпкерлер Нұржаубай Нұрбеков мен ағайынды Мұстафиндер әкімдікпен меморандум аясында шөп бағасын 700 теңгеден асырмай отыр. Шөп шабушылардың айтуынша, әзірге Ақшымырау ауылына тасылып жатыр, бірер күнде көршілес Қызан ауылына да апармақ.

Қолындағы азғантай малын қо­рада жемдеп отырғандардың бірі Орал Шалабаевтың айтуынша, кәсіп­керлердің бұл әрекеті мал баққан ағайынға көп көмек.

Жалпы, Маңғыстау ауданы бойынша 14 кәсіпкерге шөп шабу үшін жер берілген, қазір бесеуі жұмыстарын бастап кетті. Манаш Қыдырқожа мен Қайрат Салықов Үстірттің Бөрібас жерінен шабылған шөпті Шетпе, Басқұдық, Онды ауылдарына 900 теңгеден сатып жатыр. Ал Тасорпа беттегі Жұмыртқалы жерінен жергілікті кәсіпкерлер шапқан шөп Ақшымырау, Қызан ауылдарына 700 теңгеден сатылуда.

Қуатбай Оралбаев Мыңкісі әулие маңына шалғы салып, Шебір, Тұщықұдық ауылдарын шөппен қамтымақ. Баға 700-900 теңге ара­лығында болмақ. Сондай-ақ Ақ­төбенің Қобда ауданындағы кешендермен келіссөздер жүріп, «Каспий» ӘКК арқылы шөп әкелініп жатыр және жыл аяғына дейін жеткізіліп тұрмақ, делінген Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

 

Ай сайын 3000 тонна  шөп жеткізіледі

20 шілдеден бастап әр ай сайын облысқа 3 000 тонна шөп келеді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы аграрлық сектордың дамуы жөніндегі қоғамдық кеңесі отырысында мәлімдеді.

Еске салар болсақ, 15 маусымнан бастап 9 шілдеге дейін өңірге өзге облыстан 85 391 түк шөп, 5 750 түк жоңышқа және 1 564 рулон шөп жеткізілген екен. Ал өңірде жыл басынан бері 402 тоннадай шөп шабылған. Қазіргі таңда бейнеулік кәсіпкер Кеңес Егізбаев Ақтөбе облысы­ның Темір ауданына шабындыққа баруға дайындық жүргізіп жатыр. Маңғыстау ауданы кәсіпкері Сапар Орынбасаров болса Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы «Жамансор» жерінен шөп шауып жатыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлер Кендірлі-Каясан қорығының «Бопай» жерінен, Маңғыстау ауданының оңтүстік қыры «Бөрібас» жерінен шөп шабуда.

«Облысты нарықтық бағадан төмен жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен тиісті қаражат бөлінді. Қыстыгүні облыс бойынша төрт түлікті азықпен толықтай қамтамасыз ету үшін 76 500 тонна шөп, 37 500 тонна жем қа­жет. Аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, облыс бойынша қыс мезгіліне дайындалған мал азығы – 25 311 тонна. Оның ішінде шөптің көлемі – 8 955 тонна. Өзге облыстардан тасымалданып және өз өңірімізде дайындал­ған жемнің көлемі – 16 356 тонна», – дейді облыстық ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

 

Мал азығын дайындау – басшылық назарында

Қазіргідей аса қауырт сәтте облыс әкімдігі маңызды ауыл шаруашылығы науқанын қатаң бақылауына алған. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязов бастаған жұмыс тобы таяуда «Кен­дірлі-Қаясан» мемлекеттік қо­ры­ғына қарасты Набар будақ, Тайғыр, Бопай бекеттері маңында шабын­дық жұмыстарын жүргізуші шаруа қожалықтарының жұмысы­мен танысу үшін арнайы барғанын mangystaumedia.kz. хабарлайды.

Жұмыс тобының құрамында об­лыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы С.Қалдығұл, аудан әкімі Қ.Беков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Құсайынов бар.

Жұмыс тобы алдымен қорық ау­мағынан шабындық жұмыстарын жүргізіп жатырған «Жанболат» шаруа қожалығының жұмыстарымен танысып, содан соң, «ДЕТК» және «Ержан» шаруа қожалықтарының шөп шабу қарқынын көріп, жоғары бағалады. Аталған кәсіпкерлер жұмысшы күші мен арнайы техникаларды пайдаланып, бір күнде 1000-ға тарта түк шөп дайындап, Бостан, Құланды, Сенек ауылдарына жүк көлігімен тасымалдап жатыр.

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары күн тәртібінен түспей отырған мәселенің шешілуіне, шілденің шіліңгір ыстығында мал азығын дайындауға үлес қосып жатырған шаруаларға алғысын жеткізді.

Ақтөбелік шаруалар  қолұшын созды

Ақтөбелік шаруалар бірігіп, қуаңшылыққа тап болған маңғыс­таулықтарға мал азығын дайындап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.  Атап айтқанда, Ақтөбе­дегі Жылқышылар қауымдастығы ұйымшылдық танытып, бір-бірін қолдады. Қазіргі кезде 1370 орама мен 1 мың тай шөп дайын тұр, делінген хабарламада.

«Біз екі нұсқаны ұсындық. Бі­ріншіден, дайын мал азығын адамдар өздері алып кетеді. Ол кезде біз бәрін тегін тиеп береміз. Екіншіден, біз жеткіземіз, ал олар Ақтөбедегі шөп құнын төлейді. Сонымен бірге аса мұқтаж отбасына тегін жеткізуді көздеп отырмыз. Мұның қиындығы, талас тууы мүмкін. Қалай десек те, біз осы арқылы маңғыстаулықтарды қиындықта қолдайтынымызды, бірге тығырықтан шығар жол іздейтінімізді көрсетеміз. Ел басына қиын күн туғанда бірігу қажет. Ұсынысты көбі қолдады», – дейді «Жантізер» шаруа қожалығының (ШҚ) басшысы Бақытжан Ержанов.

Айта кетейік, «Шыңғыс», «Жансая», «Қайсар», «Әділбек», «Айжарық», «Алақозы», «Көкүй», «Арман-М», «Нұр» секілді бірнеше ШҚ біріккен. Қазіргі кезде ауа райына байланысты тасымалдау қиындық тудырып тұр. «Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарымен тіркелей байланыс бар. Сондықтан шөп алуға келгендердің нағыз сол жақтың тұрғыны екенін алдын ала анықтап аламыз», – дейді Бақытжан Ержанов.

Шындығында, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі тарапынан да нақты шаралар қабылда­нып, қуаңшылықтан жапа шеккен өңір­лерде, әсіресе Маңғыстау облысында жағдай түзеле бастағаны қуантады. Сондай-ақ тіпті ведомствоға ҚР Үкіметінің қаулысымен жаңа вице-министр – министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің тағайындалуы да экономикамыздың негізгі слаларының бірінде қорда­ланған мәселелер оңды шешімін табатынына көңілде сенім ұялатады.

Исатай ҚАМБАРОВ

 

569 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы