• Бизнес & Қоғам
  • 15 Шілде, 2021

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ ЕЛ БОЛЫП ЖҰМЫЛУ КЕРЕК

Бұрынғы заманның жыл қайыруында қоян мен мешін малға да, жанға да жайсыз саналғандықтан, қаймана жұрт етек-жеңін әуелден жиып, қақаған қаңтар мен шіліңгір шілдеге ерте бастан жатпай-тұрмай қам жасай бастайтын. Отын-суын, жем-шөбін, қора-қопсысын сайлайтын.

Сөйтсе де «боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды» деп аязды ақпан қырланғанда жүген ұстап қал­ғандар аз болмайтын. Ал, жер бетіндегі экологиялық ахуалдың бұзылуы салдарынан ауа райы жыл сайын тосын мінез көрсетіп отырған қазіргі сәтте апаттың айтып келмейтіні өзінен-өзі түсінікті.

Атам қазақ ақылы мен айласына, білегі мен күрегіне ғана сенсе, бүгінгі білім мен ғылымға сүйенетін агроөнеркәсіптік кешеннің қолында қыруар қаржы, толайым техника бар. Осылайша тон пішкенде биылғы қуаңшылық атқа мінген басшылар мен қосшыларды қапы қалдырмауға тиіс-тін. Алайда олай болмай шықты. Аптап ыстықтың арты Арқада өртке ұласып, Сыр өңірі мен Атырау-Жайықта мал шығыны орын алды. Үкімет отырысында сөз алған   президент Қ.Тоқаев мәселені төтесінен қойды. Кабинеттен ұзап шықпаған сала басшысын қатты сынға алып, кадрлық шешім шығарды. «Биыл жем-шөппен қамту қаншалықты маңызды екенін бәріміз түсіндік. Қолайсыз күн райы мен тиімсіз болжау салдарынан Маңғыстау мен Қызылордадағы ахуал ушығып тұр. Маңғыстау облысында қырылған мал саны 3 мыңға жетті. Министрлік пен әкімдіктер тиісті шаралар қабылдамады. Нақты және бірізді жұмыс жүргізілмеді. Солардың кінәсінен ауыл шаруа­шылығы шарасыз күйге түсті. Кері байланыстың жоқтығынан фер­мерлер тікелей менен көмек сұрай бастауға мәжбүр болды. Әрине, қуаңшылық – табиғи құбылыс, оны жақсы түсінемін. Мұндай қиын жағдайда жауапты министрлік тез арада жедел және шешімді түрде әрекет етуі керек еді. Бірақ министрлік бұл шаруаны атқара алмады. Сондықтан осы салаға жауапты адам – министр Сапархан Омаров отставкаға кетуі керек», – деген Мемлекет басшысы жағдайды түзеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Өткен күнде белгі жоқ десек те, бұдан елу жыл бұрынғы төтенше оқиғалар ойға оралып отыр. Кеңестер Одағында 1971-1972 жылдары қыс қатты әрі   қар аз болды, Мәскеуде наурыздың ортасына дейін қатты аяз сақталды. Соның салдарынан топырақ ылғал қорын  жеткілікті жинай алмады. 1972 жылдың мамыр-маусым айларындағы қатты құрғақшылықтан жаздық бидай, арпа, сұлы өнім бермеді. Құрғақшылық бұрын-соңды болып көрмеген аумақты қамтыды. Еділ бойында аптап ыстық  шамамен 40°C-қа жетті. Шілде мен тамыз айларында тек 20 мм жауын-шашын түсті. Бұл нағыз апат еді. Шетелден астық алу күрт көбейіп, алтын-валюта резервтерінен 486 тонна алтын сатылды (алтынның қазіргі құны бойынша ≈22 млрд доллар). Мұндай жағдай Қазақстанда 1975 жылы қайталанды. Құрғақшылықпен күрестің  сол кезде жалпыхалықтық сипат алғанына куәміз.

 

 

Мыңдаған қала тұрғындары ауылға көмекке келді. Шалғышылар бел орақпен  машина өте алмайтын қолаттардың, жыра-сайлардың шөбін шабуға жіберілді. Өндіріс орталықтарында зейнеткерлер, студенттер мен оқушылар саябақтар мен алаңдарда шөп жинады. Көл жағалары мен саздауыт жерлерден қамыс шабылды. Тіпті ағаш бұтақтары, қызылша, картоп, қыза­нақ және күнбағыс пәлектері жиналып, жемшөп қорын толықтырды. Сол  кезеңде түсірілген кинохроника қазір әлеуметтік желілерде көрсетіліп, қоғам белсенділері тарапынан қызу талқылдануда, орынды бастамалар мен ұсыныстарға өзек болуда. Мәселен, мәскеулік белсенді Жарқын Өтешева ел ағала­рына үндеу жолдап, мемлекеттік қызметкерлерді шабындыққа шы­ғару керектігін алға тартады. Сон­дай-ақ жоғары сыныптың оқу­шылары, студенттер мен әске­рилер көмектесуі тиіс. Аудан, ауыл басшылары кабинеттерінен шығып, орман-тоғай, саябақтардан, сай-сала, тау беткейлері сияқты техника бара алмайтын жерлерден шөп ору жұмыстарына басшылық жасап, бұл шаруаға қолынан іс келетін кәрі-жасты тартуы керек. Экономикалық тетіктерге келсек, шаруалардың қолданыстағы қарыздарының мерзімін ұзарту, болмаса қайта құрылымдау, жемшөп қорына мұқтаж фермерлерге жаңа несие беру мен уақытша қаржылай көмек көрсетудің тиімді шарттарын жасау, жеке шаруашылықтарға мал азығын дайындауда көмек көрсету жолдарын іздестіру, жемшөп дайындау үшін жеңілдетілген отын мәселесін жедел шешу қажет. Әйтпесе, азық-түлік бағасы шарықтап өсіп, шағын кәсіпкерлер жаппай банкротқа ұшырауы, жұмыс орындарының қысқаруы ғажап емес.

Осы орайда елді соңынан ерте білген ерлердің өнегелі ісін жарыса жазып жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына тоқталмай өтуге болмас. Әріптестеріміз былтыр топан судан зардап шеккен Мақтаарал ауданы Өргебас ауылының тұрғындары Маңғыстау облысына 1 вагон мал азығын жөнелтті, деп жазады. Ол Жаңаөзендегі шөп жетіспеуші­лігі­нен қиындыққа тап болған шар­уаларға тегін үлестіріледі. Ауыл халқы 1,6 миллион теңгеден астам қаржы жинап, қолдағы қаражатқа 1100-ге жуық нығыздалған шөп  сатып алған. Сондай-ақ ауылдың 30-дан астам жігіті Сарыағаш ауданындағы Құрмет Талапқазы бастаған еріктілер тобына қосылған.

Кеңес заманындағы жемшөптің мол қорын жасау жөніндегі дәс­түрлі науқанның әлі де маңызын жоймағанын түсінуіміз керек. Ол тек мал шаруашылығының ғана проблемасы емес, ел қауіпсіздігінің, саяси тұрақтылығының  мәселесі.  Сондықтан  үкімет пен жергілікті билік орындары халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Тірші­лік үшін майдан басталды, оны  табиғаттың өзі  ескертіп жатыр.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

1639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы